in

Қанат Әлжаппаров: «Біз киноға үлес қосайын деп жүрген жоқпыз, дүние үшін келдік»

Ел арасында комедиялық фильмдердегі бейнесі мен астарлы әзілдері арқылы танылған актер-комик Қанат Әлжаппаров кино әлеміне «кездейсоқ кіргенін» айтып, отандық киноның бүгінгі жай-күйіне қатысты өз шындығын бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сырттай қарағанда сатиралық рөлдері көрермен көңілінен шығып жүргенімен, әзілкеш өзін кәсіби актермін деп санамайды.

«Нағыз кино деп “Титаник”, “Өкіл әке”, “Менің атым Қожа”, “Қыз Жібек”, “Тақиялы періште” фильмдерін айтуға болады. Қазіргі кинолар да жаман емес, бірақ ыржың-тыржың көп. Мен сияқтылар келіп, киноны “бардак” қылды», — дейді ол. 

Әлжаппаровтың айтуынша, режиссерлер оны рөлге шақырғанда алдымен гонорар мөлшерін айтады, ал «үлкен ақша» ұсынылған соң ол ұсыныстан бас тартпайды.

«Бармаймын десем де шақырады. Мен негізі киноның адамы емеспін ғой. Кино түсірушілер қомақты ақша ұсынады. Сосын амал жоқ барасың. Бұл жерде дүние ғой. Сонда біз пәленбай миллионға қазақ киносын құртып жатырмыз, көрдің бе?! Біз киноға үлес қосайын деп жүрген жоқпыз, дүние үшін келдік. Ертең өнер академиясынан небір таланттар шығады, солар үлесін қосар, біз дүниенің қамымен жүрген адамдармыз», — деп ағынан жарылды әзілкеш.