in

Қаланың қамы – дайындық

Биыл да жылыту маусымына дайындық – күн тәртібіндегі мәселе. Ендеше, Алматы алдағы аязға қаншалықты әзір? Жылу желілерін жаңғырту жұмысы қандай нәтиже берді? Жақында осы сауалдарға жауап іздеп, Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-не ресми сұрау салдық.

Қала әкімі Дархан Сатыбалдының мә­лім­деуінше, бүгінде Алматы жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Қазір шаһардың жылумен жаб­дықтау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қысқа дайындық аясында инженерлік инф­ра­құры­лымды жаңғыртуға басымдық берілген. Дәлірек айтсақ, 21 шақырым жылу желісі жаңартылып, құ­быр­лардың тозу деңгейін төмендетуге бағыт­тал­ған жұмыс жалғасын тапты. 

– Кейінгі үш жылда қаладағы жылу желілерінің тозуы 59,2 пайыздан 53,9 пайызға дейін азайған. Ма­мандар мұнымен шектелмей, жылу жүйесінің бе­ріктігін тексеріп, сорғы станциялары мен апат­тық қызметтердің дайындығын қамтамасыз етуге күш салды. Нәтижесінде, қала тұрғындары жылуға уа­қытылы қосылды, – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС өкілдері.

Қала инфрақұрылымының тұрақты жұмыс іс­теуі ең әуелі инженерлік желілердің жай-күйіне тәуел­ді. «Алматы жылу жүйесі» ЖШС дерегінше, 2023-2025 жыл­дар аралығында кәсіпорын шамамен 67 ша­қы­рым жылу желісін жаңғыртқан. Жауапты ма­мандар жүр­гізілген жаңғырту 2027 жылдың ба­сына қарай же­лілердің тозуын 1,8 пайызға азайтуға мүм­кіндік бере­тінін айтты. Қазір мекемеге қарасты жылу желі­лері­нің жалпы ұзындығы 1 409,8 ша­қырымға жетеді. 

Жылу желілерін жаңғырту барысында жұ­мыстың көлемімен қатар, қолданылатын материалдардың сапасы да маңызды. Себебі құбыр­лардың беріктігі мен жылуды сақтау қабілеті жүйенің ұзақ мерзімде жұмыс істеуіне әсер етеді. Кәсіпорын мәліметінше, жаңғырту жұмысында заманауи жылу оқшаулау материалдары мен тех­нологиялар пайдаланылған. Соның бірі – алдын ала көбікполиуретанмен (КПУ) оқшауланған құ­быр­лар. Мұндай технология жылу энергиясын үнем­деп, құбырларды коррозиядан қорғайды. 

Жылу желілерін жаңартумен қысқа толық әзір­міз деу әлі ерте. Себебі қаладағы жылу желілерінің кей­бір бөлігі әлі де тозған құбырлардан тұрады. Олар­дың қысқы жүктемеге төтеп беруі маңызды. Осы мақсатта «Алматы жылу жүйесі» ЖШС жыл сайын гидравликалық сынақтар жүргізеді, яғни құ­бырларға жоғары қысым беріліп, олардың берік­тігі тексеріледі. Бұл қыстың қақ ортасында құбыр жарылып, тұрғындар жылусыз қалмас үшін қажет.

Бұдан бөлек, дайындық аясында құбырлар мен бе­кіткіш арматураны жөндеу, бүлінген жылу оқ­шауламасын қалпына келтіру және қақпақтарды ауыс­тыру көзделген. Сондай-ақ 69 сорғы станциясының жабдықтарын жөндеу қарас­тыры­лыпты. 

«Алматы жылу жүйесі» ЖШС ақпаратына сәй­кес, биылғы жылыту маусымына 141 маманнан тұ­ра­тын төрт жөндеу қызметі әзірленген. Ал апат­тық қызметте әр ауысымда 22 адам кезекшілік ат­қарады. Одан өзге жеті пайдалану ауданына қа­рас­ты 33 учаскеде 625 маман жұмысқа жұмыл­ды­рыл­ған. 

– Жөндеу бригадалары қажетті материалдармен, жаб­дықтармен және арнайы техникамен қамта­ма­сыз етілген. Кәсіпорынның барлық арнайы тех­ни­ка­сы тексеріліп, жұмысқа дайындалған. Оқыс жағ­дайларға арнап материалдар мен жабдықтардың апаттық қоры да жасақталды. Бұл – құбыр жарыл­ған немесе басқа да техникалық ақау туындаған жағдайда қажетті бөлшектерді іздеп уақыт жоғалт­пау үшін қабылданған шара, – деді сала мамандары.

Осыған дейін мегаполис басшысы Дархан Са­тыбалды жылыту маусымына қатысты өткізген жиында тұрғын үй қоры, мектептер мен бала­бақ­шалар, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандары қыс­қы кезеңге толық әзір екенін мәлімдеген. Әкім­нің сөзінше, арық желісіндегі 129 күрделі учас­кенің 117-сінде жұмыс аяқталды. Қалалық ком­муналдық қызметтер мен арнайы техника жауын-шашын кезінде де, қыс бойы да үздіксіз жұ­мыс істеуге дайын. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы