Аталған бағыттардағы кемшіліктер 2024 жылғы шілде мен 2025 жылғы мамырда жүргізілген аудиттердің нәтижесінде анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Нәтижесінде, 2025 жылғы 1 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды республика аумағына әкелу рәсімдерінің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда: – тіркелмеген дәрілік заттар мен бұйымдарды әкелуге рұқсат беретін құжатқа серия (партия) нөмірі туралы мәлімет енгізілді; – қызмет көрсетуші тарапынан ұсынылған құжаттардың растығын тексеру міндеті енгізіліп, оларды қарау мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар аудит барысында тіркелмеген дәрі-дәрмек пен медбұйымдарды әкелуге рұқсат алған жеткізушілер жеткізу орны мен әкелу күні туралы ақпарат бермейтіні анықталды. Бұл үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген. 2025 жылғы 1 шілдеде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен осыған байланысты тиісті өзгерістер енгізілді. Енді рұқсат алушылар оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 15 күнтізбелік күн бұрын уәкілетті органға рұқсаттың орындалуы туралы хабарлауға міндетті. Сондай-ақ бұл талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК аясында әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Медицина ғылымын дамытуға да ерекше назар аударылды.
Аудит нәтижесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің (ҒТК) нақты құрамы бекітілмегені және оның Ережесі талаптарға сай келмейтіні анықталды. Бұл министрліктің саланың маңызды ғылыми-техникалық мәселелері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау мүмкіндігін шектеген.
Анықталған кемшіліктерді жою үшін министрлік мынадай шаралар қабылдады: – ҒТК құрамына 41 адам бекітілді, мүшелерінің біліктілігі мен ғылыми дәрежесінің болуына қойылатын талаптар ескерілді; – ҒТК туралы ереже ғылым саласындағы уәкілетті органның талаптарына сәйкес өзектендірілді.
Дәрі-дәрмек айналымын бақылауды күшейту және ғылыми-техникалық базаны дамыту бойынша қабылданған шаралар денсаулық сақтау жүйесін анағұрлым сенімді және тиімді етуге бағытталған. Аудит нәтижелері бойынша берілген басқа да тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.