in

Қазақстанда декреттік төлемнің ең жоғары мөлшері 3,6 миллион теңгеге жетеді

2027 жылдан бастап Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты берілетін біржолғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 29,4 пайызға артады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұған ең төменгі жалақының 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өсуі негіз болмақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, декреттік төлем әйелдің жүктілікке байланысты демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына және демалыс ұзақтығына қарай есептеледі.

Биыл төлемді есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары айлық табыс 595 мың теңге болса, келесі жылы 770 мың теңгеге жетеді.

Осыған сәйкес, 2027 жылы декреттік төлемнің ең жоғары мөлшері:

– қалыпты босанған жағдайда 3 миллион 234 мың теңгені;

– босану асқынған немесе екі және одан көп бала дүниеге келген жағдайда шамамен 3,6 миллион теңгені құрайды.

Бұл сомадан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Демек, қалыпты босанған жағдайда әйелдің қолына ең көбі 2 миллион 910 мың 600 теңге түседі.

Егер әйелдің жалақысы белгіленген табыс шегінен асып кетсе, еңбек немесе ұжымдық шартта көзделген жағдайда айырмасын жұмыс беруші өтей алады.

Әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін табыс туралы анықтама жинаудың қажеті жоқ. Қажетті мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынады. Өтінішті электрондық үкімет порталы, банк қосымшасы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып беруге болады.

Биылғы он айда елімізде жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 130,1 мың әйел алған. Оларға жалпы 144,6 миллиард теңге төленген.