Себебі дүниежүзіндегі климаттық өзгерістерден бастап, цифрлық байланысқа дейінгі мәселелер ғарыш технологиясына сүйенеді. Әлемдік экономиканың басты драйверіне айналып отырған саланы дамытуда Қазақстан да шет қалмақ емес. Соның бір көрінісі – әлемнің жетекші сарапшылары мен ғарыш агенттігі өкілдерін біріктірген Space Days Kazakhstan халықаралық ғарыш форумы.
Алматыда өткен ғылыми жиында ғарыш саласына қатысты жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер, жаңа технологиялар және оларды қоғамның тұрақты дамуына пайдалану жолдары талқыланды. Форумның алғашқы күні ICESCO-ның CanSat үлгілік жер серіктері бойынша IV Халықаралық оқу семинары мен аэроғарыштық симпозиумы өтті. Іс-шараға ғарыштық технологиялар мен жер серіктік байланыс саласындағы 15-тен астам жетекші маман қатысты.
Форумға қатысушылардың қатарында ғарыш аппараттары мен олардың компоненттерін өндіру бойынша іргелі компания – Ghalam да бар. Аталған компания 2010 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы әріптестік негізінде құрылған. Ғарыш технологиясында ерекше рөлге ие компанияның негізгі функциясы – спутникті және оның жүйелерін толыққанды жасау. Бұл дегеніміз, кәсіпорын тек бір компонент жасаумен шектелмей, жер серігін жасаудың барлық сатысы – жобалау, жинақтау, интеграция және сынақтан өткізуді қамтиды. Мұнда ғарыш аппараттарының барлық түрі, соның ішінде байланыс спутниктері, жерді қашықтан зондтау және ғылыми-технологиялық мақсаттағы аппараттар әзірленеді. Компания өкілі Бауыржан Құсекеев компаниядағы экологиялық маңызы бар жобалар туралы айтып берді.
– Қазір жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – KazEOSat-MR жобасы. Бұл – жерді қашықтан зондтауға арналған аппарат. Сондай-ақ ол экологиялық мақсатта да жұмыс істейді. Мысалы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштан мониторинг жүргізу арқылы құрылыс қалдықтарының төгілуі, өрт ошақтары және су тасқыны қаупін бақылап, табиғатты қорғау ісіне үлес қосуда. Бүгінде климаттың өзгеруіне байланысты компаниямыздың жоспарында парниктік газдардың ішінде ең қауіптілерінің бірі – метан шығарындыларын бақылауға арналған жаңа жоба қарастырылған. Жоба Ghalam компаниясының отандық платформасында жүзеге асырылады, – деді маман.
Жиын барысында әлемдік және отандық компаниялардың заманауи технологияға бейімделген құрылғылары таныстырылды. Форумға келген мамандар мұндай технологияларды өз елінде өндіріп қана қоймай, алдағы уақытта STEM бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Солардың бірі Қытайдан арнайы келген «Юань Чжэнь» компаниясының өкілі форумда дрондар технологиясын ұсынды. Дрондардың көлемі бойынша ең үлкен түрлері 10 тоннаға дейін жүк көтере алады.
«Юань Чжэнь» компаниясы бас директорының орынбасары Қайрат Қабеннің айтуынша, бұл дрондар болашақта Қазақстанның меншігі ретінде қолданысқа енгізіледі.
– Компаниямыздың негізгі бағыты – дрондар өндірісі. Бұл дрондар білім беру мен ғылыми-зерттеу саласында студенттердің тәжірибе алуына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өрттің алдын алу, жер сілкінісінің салдарын бақылау сияқты түрлі бағытта қолдануға арналған. Болашақта қала құрылысы мен жоспарлау жұмысына да қатысуға дайынбыз, – деді Қайрат Қабен.
Еліміздегі жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттері ғарыш саласында дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасуды қолға алған. Мәселен, форумда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аэроғарыш саласындағы ғылыми жетістіктерін таныстырған Әсет Нұрболұлы кезекті NKSAT нано жер серігін қытайлық әріптестермен бірлесіп ұшыруға ниетті екенін атап өтті. Осыған дейін ҚазҰУ-лық ғалымдар «әл-Фараби 1» және «әл-Фараби 2» нано жер серігін ғарышқа сәтті ұшырған еді.
Аталған наноспутникті Қытай аумағында орналасқан ғарыш айлағынан ұшыру жоспарланған. Алайда екі ел арасындағы мұндай серіктестік барлық жүйелер толық тексерістен өткізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
– Қытайда ғарыш саласы қарқынды дамыған және олар бұл салада бізден біршама алға озған. Сондықтан олардың қолданатын құрылымдық жүйесін, бағдарламасын және сынақтан өткізу әдістемесін зерттеп, өз университетіміздің базасына енгізуді көздеп отырмыз, – деді Әсет Нұрболұлы.
NKSAT нано жер серігінің сыртқы корпусы өз елімізде дайындалады, ал оның негізгі техникалық бөлшектері Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінен жеткізіледі. Әсет Нұрболұлы мұның себебін елімізде әлі күнге дейін микроэлектроника өндірісіне арналған зауыттардың жоқтығымен байланыстырды.
Маманның сөзінше, «әл-Фараби 2» наноспутнигін ұшыру SpaceX компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған. Сол жылы студенттер аталған компанияның Еуропадағы филиалына барып, тәжірибе алмасып қайтыпты. Сөз соңында маман студенттерді алдағы уақытта Қытай аумағындағы бірнеше ғарыштық орталыққа апару жоспарланып отырғанын жеткізді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы