in

Ғалымдар вилт ауруына төзімді мақта сұрпын шығарды

«Мақта және бақша дақылдары ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС жаңа мақта сұрпы – «Мақтаарал-5030» бойынша сынақтардың соңғы кезеңін аяқтауда. Биыл маусымда бұл сұрыпқа патент алу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Сынақ нәтижелері бұл сұрыптың жоғары агрономиялық әлеуетке ие екенін көрсетті. Вегетациялық кезеңі – 110-115 күн. Шикі мақтаның өнімділігі – гектарына 43,5 центнер, бір қауашақтағы мақта массасы – шамамен 6,1-6,2 грамм. Талшық шығымы – 39,7%, ұзындығы – 33,5 мм, микронейр – 4,5, бұл тоқыма өнеркәсібіне қажетті сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Талшықтың сызықтық тығыздығы – 5 300 мтекс, үзілу жүктемесі – 4,9 г/с.

Мамандардың ерекше назарын аудартқаны – сұрыптың вилт ауруына жоғары төзімділігі: жұқтыру жағдайында зақымдану деңгейі небәрі 0,1% болды, бұл «Береке-07» стандартты сұрпымен салыстырғанда (онда бұл көрсеткіш 0,4%-дан жоғары) әлдеқайда төмен.

Морфологиялық белгілері бойынша «Мақтаарал-5030» – бұталары жайыла өсетін, биіктігі 120 см-ге дейін жететін өсімдік. Симподиальды бұтақтар 4-5-буында қалыптасады. Өсімдіктің жапырақтары – ірі, жасыл түсті. Қауашақтары 4-5 қалақшалы, дөңгелек пішінді, пісіп-жетілгенде жақсы ашылады. Талшығы – ақ әрі таза. 1 000 тұқымның салмағы –  шамамен 125 грамм.

Сұрып агротехникалық жағдайларға, әсіресе ерте себу мерзімдерінде жақсы бейімделеді. Ұсынылатын егіс схемасы – 90×1×10. Машинамен жинауға жақсы бейімделген. Орташа тұзданған және құнарсыз топырақтарда өсімдіктердің жиілігін гектарына 130-135 мың данаға дейін жеткізу ұсынылады. Ең жоғары нәтиже өнім қалыптасуының белсенді кезеңінде уақытылы суару жүргізілген жағдайда байқалады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.