in

Ішімдікпен күрес – өркендеуге үлес

Ұлттық ста­тистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы төрт айда, 2024 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда, арақ және ликер өнімдерін тұтыну 25 миллион литрден 24,4 миллионға дейін немесе -2,1%-ға төмендеді. Шарап ішу 11,9-дан 9,5 мил­лион литрге дейін күрт кеміді. -19,6%-ға аз ішілген. Бұл мем­лекет жүргізіп жатқан алкоголизммен күрес шарасының нәтиже бере бастағанын да куәландырса керек.

Сарапшылар бұл күрестің барлық май­дан­да қатар жүріп жатқанына ерекше мән беріп отыр. Мысалы, баға шебінде «соққы» берілген. Ресми статистика бойынша құ­ра­мында спирті бар ішімдіктер 2019 жыл­дан тоқтаусыз қымбаттап келеді. Оның бағасын мемлекет акциз алымын үнемі көтеру арқылы реттейді. Нәтижесінде, алкоголь өнімдерінің құны 2019 жылы – 108,6%, 2020 жылы – 107%, 2021 жылы – 107,8%, 2022 жылы – 114,8%, 2023 жылы – 117,3%, 2024 жылы – 110,1%, 2025 жылы 109,9%-ға көтерілді. Сөйтіп, Үкімет спирт­ті ішімдіктерді елге барынша қолжетімсіз етіп, алшақтатуға күш салып жатыр. 

Бірақ проблема атаулы толық шешілді деуге әлі ерте. «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсен­ғалиев суррогат ішімдіктердің саудасына түбегейлі тосқауыл қойылмағанына назар аудартты. Оның пікірінше, «самопал» арақ дайындайтындар техникалық спиртке мет­а­нол қосады екен. Соның салдарынан ішкен адам не соқыр болып қалады, не ақылы­нан алжасады, нашақордай тәуелді болады. 

– Мысалға, қаңтарда Шымкентте қол­дан жасалған алкоголь дайындаған цех анық­талды. 3 жылдан бер ерлі-зайыптылар халықты улап келген. 309 миллион теңге табыс тапқан. Қымбат көлік пен сарайда шалқып жүрген олар 3 жылда мыңдаған адамды улап бітті. Тексеру кезінде цехынан 24 мың жалған акциз, 9 мың литр этил спирті табылған. «Самопал» сататындар мил­лиондарды қалтасына басады, – деді ол. 

«Дала қырандары» жастар бірлестігі елордада суррогатты алкоголь сатқан 200 дүкенді анықтапты. Жастар бір мәселеге депутаттардың назарын аудартты: ондай сауда орнын тауып, полиция шақырса, тәр­тіп сақшылары дүкен иесіне әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы бойынша хаттама толтырып, адам улаған­дарға 39 мың теңге айыппұл салумен шек­теледі екен. Демек, заңнамадағы жазаны қатайту керек. 

Осыған орай Мәжіліс депутаттары заң­сыз жасалған ішімдік өнімдерін сататын кәсіпкерлерге 600 мың теңгеге дейін ай­ып­пұл салып, лицензиясынан айыруды қарастыратын заңнамалық түзетулер әзір­леді. Енді оған Үкіметтің, мүдделі мемор­гандардың және бизнес қауымдастықтың келісімін алу қажет. 

Денсауминінің түсіндіруінше, Қазақ­станда алкогольді тұтынуды азайту саясаты іске асырылады. Біріншіден, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісі мен айнал­ы­мын реттейтін заңнамалық актілер қа­был­данды және әрі қарай жетілдіріліп жатыр. Екіншіден, күшті алкоголь сусын­дарына салынатын салықтар едәуір артты. 

Үшіншіден, алкоголь өнімін жарна­малау, оны уақыты мен жасына байланысты сатуға заңнамалық шектеулер қолданыла­ды. Биылдан бастап, спиртті ішімдіктерді 21 жасқа толмаған жастарға да сатуға рұқ­сат етілмейді. Көшелерде және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салынды. 2024 жылы бұқаралық орын­дарды патрульдеу барысында поли­цей­лер көшеде мас күйде жүрудің және арақ ішудің 200 мыңнан астам фактісін анықтады.

Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев депутаттарға суррогат өнімдермен күрес те жүйелі жолға түсіріле­тінін жеткізді. Жалпы, жалған өнім деген әлдебір лас цехта, гаражда жасалатын «само­пал» ғана емес, оны спирт және ар­ақ-­шарап зауыттары да өндіретін көрінеді. Кейбірі жұмыс уақытында, түсте акциз белгілері жапсырылған заңды өнім шығар­са, есік-терезе тарс жабылған соң, түнде ондай белгілері жоқ жалған өнім әзірлеуге кіріседі. 

– Үкімет заңсыз алкоголь өнімінің өн­дірісі мен айналымын реттеуге, алкогол­измнің алдын алуға, сондай-ақ халыққа сапасыз алкогольді тұтынудың салдары туралы түсіндіруге бағытталған шаралар кешенін іске асырады. Айталық, әрбір өндірістік кәсіпорында өндірілетін алко­голь мен көтерме сату көлемін нақты уа­қыт режимінде, онлайн тіркеуге мүмкіндік беретін озық қадағалау жүйелері енгізілді. Жүйеге 48 кәсіпорын қосылған. Бұл өн­діру, сату процестерін тиімді бақылауға мүмкіндік береді және алкогольдің заңсыз айналымымен күресуге ықпал етеді, – деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі алкогольді қолдан жасау және заңсыз саудалау құқықбұзушылықтарын анықтап, жолын кесу үшін 2024 жылы 6 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісін жауапқа тартты, оның үштен бірі сот шешімімен лицензиясынан айырылды. 

Сондай-ақ салықшылар мен кеден­ші­л­ерді біріктіретін Мемлекеттік кірістер комитеті алкоголь өнімін таңбалау қағида­ларын бұзуға қатысты кәсіпкерлік нысан­дарына тұрақты негізде мониторинг және бақылау жүргізеді. 2024 жылы тексеру барысында 2 257 салық төлеушіден 1,2 мил­лион литр заңсыз алкоголь өнімі тәр­кі­ленген. 1 157 салық төлеушіге айыппұл салынды. 35-і лицензиясынан айырылды. 

Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылы және 2025 жылдың басынан бері суррогат алкоголь өндірісі бойынша 54 қылмыстық істі тіркеді, 25 жерасты цехы жойылды, 205,4 мың бөтелке суррогат іш­ім­діктер, 354 мың литрден астам спирт және құрамында спирті бар сұйықтық заңсыз айналымнан алынды. 

Алкоголизмнің алдын алу және ішім­дік­ті тұтынуды азайту тұрғысынан Денсау­лық сақтау министрлігі саламатты өмір сал­тын ұстанатын халықтың үлесін арт­тыру­ға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Жыл сайын «Ұлттық алкогольден бас тарту күні» ұйымдастырылып, ауқым­ды ақпараттық науқан өткізіледі. 2024 жылы 182 мың адамды қамтыған 10 мың­нан астам іс-шара, спорттық акция, ата-аналар жиналысы, шығармашылық кон­курс, басқасы өткізілген. 

2025 жылдың басынан БАҚ-та 1 мың­нан астам материал жарияланды. 2024 жылы спортпен айналысатын адам саны 8,4 миллионды құрады. Оның ішінде 6,9 миллионы түрлі секцияға барады. Ел Үкі­меті Парламентпен, әкімдіктермен, қо­ғам­дық ұйымдармен бірлесіп, алко­голизм­­мен күрес және саламатты өмір салтын наси­хаттау шараларын одан әрі күшейте бермек.

 

Елдос СЕНБАЙ