in

Шетел асқан жас ғалымдар

Оған себеп, әлеуметтік жағдай, ғылымға деген көңілдің айрықшалығында болып тұр. Жастардың басым көпшілігінің таңдауы – АҚШ, Еуропа елдері. Қазақстанда егемендік алған тұста елу мың ғылыми қызметкер болса, бүгінде оның саны екі есеге қысқарған. 

Ғылым мен ғалым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғылым-білім саласына игі істерге тоқталып, кейінгі бес жылда қолдаудың артқанын айтқан еді.

– Соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек. Әлемнің 40 беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнаттық. Бүгінде елімізде 33 филиал ашылды. Технология парктері және инжиниринг орталықтары құрылуда. Ұлттық Ғылым академиясының беделі нығая түсетін болды. Әр аймақта Ғылым жөніндегі кеңестер жұмысқа кірісті. Ғалымдардың мүддесін қорғауға баса мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының дерегінше, 1990 жылдары Қазақстанда жалпы саны 279 ғылыми мекемеде 50,6 мың ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын ғалым болды. Ал 2000 жылдары 14,7 мың ғылыми-қызметкер қалған. Forbes-тің жазуынша, 1990-1994 жылдар аралығында ғалым саны 50,6 мыңнан 20,6 мыңға дейін қысқарған. Басты себептердің бірі: дағдарысқа байланысты мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының қысқаруы болды. Осылайша, ғылыммен шұғылданатын жас ғалымдардың едәуір бөлігі бизнеске, сауда-саттыққа қала берді шетел асты. Кейінгі жылдары мемлекеттің ғылымға қолдауының арқасында ғылыммен айналысатын адам саны 25 мыңды құрады. Ал жалпы кейінгі 10 жылда ғалым саны бір өсіп, бір кеміп отыр.

Қырғызстан Ғылым академиясының аспиранты, фольклорист Нұржұма Елесбай ТМД елдері аумағындағы ғылыми кеңістікті салыстыра байыптады.

– Өзім М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 15 жылдан бергі іргелі зерттеумен айналысамын. Академик С.Қасқабасов бастаған 100 томдық «Бабалар сөзі» көптомдығының кейінгі серияларына қатысып, А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы сияқты және т.б. академиялық жинақтар мен монографияларға атсалысып келеміз. Сөйтіп жүргенде, елде 2010 жылы дәстүрлі кандидаттық, докторлық қорғау жабылды. Орнына Болон процесі еніп, әліге дейін әуре етіп жатыр. Ғалым ғылымға емес, рейтинг қуып шетелдік Scopus-қа мақала шығара алмай әлек. Ал ғылым бір мақаламен өлшенбейді, ол – табанды ғылыми-практикалық еңбектің нәтижесі. Нақты ғылым мен гуманитарияның екеуіне екі бөлек талап қажет. Әйтпесе, ғылымның ішкі үдерісі елеусіз қалады. Шынайы ғылым өркендемейді.  Ондаған жыл ғылыми тәжірибем болса да, бюрократиядан өте алмай, қырғыз ағайындарда аспирантура оқып жүрмін. Былайша айтқанда, «арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?!». Жалпы, ғылымға түбегейлі реформа керек. Сонда жастар шетелге ағылмайды, отандық ғылымды дамытады, – деді Нұржұма Елесбай.  

Жат жұрттан жұмақ іздегендер

Әр уақытта алпауыт державалар өздерінің ғалымдарына барынша назар аударады. Әсіресе, ғылыми үдеріске ұмтылған, жаңашыл жетістіктері мен идеяны жүзеге асыра алатын жастарды өзіне тартады. Ғылымға барынша көңіл бөлетін АҚШ, Германия, Жапония сияқты бірқатар мемлекет қарыштап дамып жатыр. Тіпті Кеңес өкіметі де екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әуелі ғылым-білім саласындағы білікті мамандарды эвакуациялаған. Ал әлем бойынша АҚШ ғылымға ең көп қаржы жұмсайтын елдердің көшін бастап тұр. Ашық дереккөздерде, 2022 жылы 679,4 млрд доллар бөлген. Одан кейін Қытай – 551,1 млрд доллар, үштікті 182,2 млрд доллар жұмсаған Жапония аяқтайды. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда елге келгендер (ықтиярхат алған) саны 29 948 адамды құраса, елден 12 784 адам кеткен. Шетел асқан жастардың 70 пайызы білім-ғылым бағытында виза рәсімдеген. 

Шетелде оқудың тиімділігі мен артықшылықтары туралы Ниде университетінде білім алып келген Тоғжан Анарбекқызы ой бөлісті.

– Өз күшіммен түрік тілін игердім. Басты мақсат – шетелде білу алу. Қыздар университетінде шетелде білім алмасу бағдарламасында жиын өтті. Содан Түркияға құжат тапсырып өтіп, оқып келдім. Ондағы білімнің сапасына риза болдым. Тіл-әдебиет бағытында білім алғандықтан, оқу процесінде «Орхон-Енисей жазбаларының текстологиясы», «Түркі халықтарының әдебиеті», «Тілдің ресми және қоршаған ортада қолданылуы», «Қорқыт ата» деген пәндерді оқып үйрендік. Оқу процесіндегі ерекшелік білімнің терең әрі сала-салаға бөлініп оқытылатынында. Ал университет базасында «Мәдениет үйі», «Кітапхана», «Спорт үйірмесі», «Жатақхана», «Студенттер асханасы» бәрі-бәрі тегін екен. Егер де талапқа сай келмей, сабақ үлгерімі нашар болса, ол студент мұндай игіліктен бірден шеттетіледі. Ал магистратура, докторантурада ағылшын тілін білу міндетті емес. Бірақ шет тілін оқу процесі кезінде үйренуге тиіссіз. Сонымен қатар «Түркия гранттары» деген шетел студенттеріне арналған шәкіртақы барын білдім. Шетел асып көрген соң, ойша салыстырып, бағамдағаным осы болды, – деді ол.

Жас ғалымдарға қолдау артты

Қазақстандағы жас ғалымдарға қолдау жасалып жатқандығы туралы деректер Премьер-министрдің ресми сайтында жарияланған. Мәселен, Жастарды ғылымға тарту мақсатында ҒЖБМ мен «Отбасы банкі» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Отбасы банкі» АҚ келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда жас ғалымдарға арналған ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосты. Несиенің ең көп сомасы 20 млн теңгені, қарыз мерзімі 19 жылды құрайды. 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 290 пәтер берілді. Бұл жас ғалымдарды Қазақстанда қалуға әрі елімізде ғылымды дамытуға қосымша ынталандырады. Өтеусіз негізде жас ғалымдарға 20 пәтер берілді. Ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауда жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді, докторантураға мемлекеттік тапсырыс 1,9 мың орынға дейін ұлғайтылды.

Қазақстанда ғылымды дамытуға және технологиялық саясатты іске асыруға, еліміздің бәсекеге қабілетін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізуге, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Бұл да ғылымды қолдау үшін жасалған зор мүмкіндік. 

Отандық жас ғалымдардың арасында ғылымды қолдауға арналған осындай кешенді бағдарламалардың шарапатын көріп жүрген жандар да баршылық. Соның бірегейі өнертану саласы бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан PhD докторлық қорғап, өнертану саласында жемісті қызмет істеп, Ғылым және жоғары білім министрлігінен тегін пәтер сертификатын алған Мөлдір Келсінбек еді.

– Көптен күткен докторлық дәрежемді қорғадым. Сонымен қатар ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қолдау тарапынан берілген тегін баспанаға ие болдым. Осының бәрі ғылым саласындағы оң өзгерістердің, сонымен қатар мемлекет тарапынан ғылымға жасалып жатқан игі қолдаудың арқасы деп білемін. Мұндай қолдаулар ғылыммен айналысатын қазақ жастарына мол мүмкіндік, – дейді өнертанушы жас ғалым.

Қазақ халқының даналығында «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Әрине, талпынысқа талас жоқ. Дей тұрғанмен, өзіңнің ата-қонысың өзіңе құт. Шетелдің мәдениеті, өмір сүру дағдысы, тілі мен ділі бөлек. Шетелде оқып үйреніп, жиған тәжірибені Отанға сіңіру – абырой мен парыз.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ