Мемлекетіміздің құқықтық жүйесі дамыған сайын заңға деген құрмет те күшейе түсуі тиіс. Себебі заң үстемдігі салтанат құрған елде ғана азаматтардың құқықтары қорғалып, әділет орнайды. Осы ұстаным Ақмола облысында өтіп жатқан мазмұнды шаралар арқылы нақты іске асырылып жатқанын айта кеткен ләзім…
Қоғамдық қауіпсіздік және қаржылық сауаттылық
Көкшетау қаласында ұйымдастырылған қаржылық қауіпсіздікке арналған семинар – соның тағы бір айғағы. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» өткен басқосуға негізінен зейнет жасындағы адамдар қатысты. Өйткені дәл осы топ – қаржы пирамидаларына, интернет-алаяқтарға, телефон арқылы жасалатын арбауларға жиі алданып қалатын әлеуметтік топ екені ащы да болса шындық. Құқық қорғау органдары, Экономикалық тергеу департаменті мен қаржы нарығын реттеу агенттігінің өкілдері қатысқан семинарда егде жастағы азаматтарға алаяқтықтың түрлерін, оның белгілерін танып-білудің жолдарын тәртіп сақшылары қарапайым тілде түсіндірді.
Полицияның мәліметінше, бұл тек бірреттік шара емес, қоғамды құқықтық тұрғыдан сауаттандыруға бағытталған жүйелі жұмыстың көрінісі. Егде жастағы адамдарға қарапайым мысалдармен түсіндірілген кеңестер олардың жинақтарын сақтап қалуға, күмәнді ұсыныстарға алданбауға көмектесері сөзсіз.
«Жолдағы қабылдау» – халыққа жақын қадам
Щучинск қаласында өткен «Заңға қызмет етеміз – Конституцияны түсіндіреміз» атты акция да құқық қорғау органдарының ашықтығын дәлелдеді. «Жолдағы қабылдау» шарасында халық полицейлермен емін-еркін сөйлесіп, сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерін жеткізуге мүмкіндік алды.
Бұл жерде маңыздысы – сол билік пен қоғам арасындағы диалог. Азаматтар өздеріне қажет құқықтық кеңестерді тікелей ала отырып, заңның қарапайым адамның күнделікті өміріне қалай әсер ететінін тереңірек ұғына түсті. Бұл шараның бұрынғыларына қарағанда ерекшелігі – осы жолы онлайн байланыс арқылы шалғай ауыл тұрғындары да шараға қатысып, құқықтық сауалдарына жауап ала алғанын атап өткен жөн.
Мұны Полиция департаментінің өкілдері де растап отыр. Өткізілген іс-шаралар мен бастамалардың түпкі мақсаты да сол халықтың құқық қорғау органдарына сенімін арттыру, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр. Сондықтан халықтың барынша еркін форматта тәртіп сақшыларына өз сауалдарын қоюына мүмкіндік берілді, – дейді Ақмола облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Қошқарбаев.
Жастармен ашық диалог
Құқықтық мәдениет тек қарттарға емес, жастарға да қажет екені анық. Өйткені ертеңгі елдің иесі – бүгінгі жас буын. Көкшетаудағы «Жастар Рухы» коворкинг орталығында өткен «Заң. Тәртіп. Жауапкершілік» атты семинар осыны айқын аңғартты.
Жастармен өткен кездесуде есірткіні қолданудың салдары, салауатты өмір салтының маңызы, құқықтық сауаттылықты арттырудың жолдары айтылды. Бейнероликтер көрсетіліп, жастар өз ойларын ашық түрде білдірді. Бұл олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететін аса маңызды қадам екені сөзсіз.
Құқықтық түсіндіру жұмыстары әскери бөлімдерде де ұдайы түрде жалғасуда. Көкшетаудағы 99265 әскери бөлімінде өткен кездесуде әскери қызметшілерге есірткіге қарсы заңнаманың жаңа нормалары түсіндірілді. Әскерилер белсенділік танытып, полиция қызметкерлеріне көптеген сұрақ қойды. Бұл шара әскерилердің де құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше үлес қосып отыр.
Азаматтыққа қадам – жеке куәлік
Конституция күні қарсаңында сонымен бірге Ақмола облысында жасөспірімдерге алғашқы жеке куәліктерін табыстау салтанаты да өтті. «Ата Заң – АЗАМАТ» челленджі аясында 16 жасар үш жас азамат алғаш рет жеке төлқұжатын қолына алды.
Бұл рәсім – жай ғана құжат табыстау емес, ересек өмірге жасалған алғашқы қадам, азаматтық жауапкершілікке бастау екені анық. Әрбір жаңа буынға заңға құрметпен қарауды осындай сәттерден бастап үйрету аса маңызды екенін тәртіп сақшылары да кеңінен түсіндіріп өтті.
Құқықтық-ағартушылықпен қатар спорттық шаралардың да мәні зор. Биыл екінші рет өткізілген «Көкшетау жалындары» түнгі жартылай марафоны – соның айғағы. Мыңнан астам әуесқой спортшы қатысқан марафонда салауатты өмір салты насихатталды. Бұл шара да жастарды жаман әдеттен аулақ болып, денсаулықты сақтауға үндеді.
P.S.
Заңға құрмет – қоғамға сенім. Ақмола облысында өткен мазмұнды іс-шаралар соның айқын дәлелі. Қоғамды құқықтық тұрғыдан ағарту, азаматтарды алаяқтықтан қорғау, жастарды тәрбиелеу, спорт арқылы ынталандыру – барлығы да бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – әділетті, қауіпсіз әрі заңға бағынатын қоғам құру. Ата Заңымыз – тәуелсіздігіміздің тірегі. Оған деген құрмет елдің болашағына деген құрмет болмақ. Сондықтан Конституцияны дәріптеу, заңның үстемдігін қамтамасыз ету мемлекет тұрақтылығының басты кепілі екенін ұмытпасақ дейміз…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы