in

Тамшыны сақтайтын технология

Қазір Дана мегаполистегі №79 гимна­зияның 11-сыныбында оқиды. Жас өнер­тапқыш осыған дейін Оңтүстік Кореяда өткен әлемдік олимпиадада 36 елден кел­ген 2 000 қатысушының арасынан суыры­лып шығып, жеңіс тұғырынан көрінген. Халықаралық додада Дана ұсынған инно­вациялық құрылғы қазылар алқасының көзіне түсіп, шетелдіктердің назарын аударды.

Технологияның негізі заманауи нано­ма­териалдан тұрады. Дана ең алдымен оны зертханада синтездеп, кейін құрылғының прототипіне енгізген. Оның сөзінше, мұндай құрылғы орталықтандырылған жүйесі жоқ немесе су жеткізу құны тым қымбатқа түсетін ауылдық аймақтарда автономды сумен қамту көзі бола алады. Жоба электр желісінсіз жұмыс істеп, күн сайын қажетті көлемде таза ауызсу өндіруге қауқарлы. 

– Әлемде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе, бұл Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде айқын сезіледі. Сондықтан маған күрделі инфрақұрылымды қажет етпейтін әрі автономды түрде жұмыс істей алатын, суға қолжетімділігі шектеулі өңірлерде адамдарға көмектесетін құрылғы ойлап табу маңызды болды. Осылайша, атмо­с­ферадан су жинайтын құрылғы туралы идея пайда болды, – деді ол.  

Дананың өнертабысы қазірдің өзінде жарты литр су шығарады. Ол келешекте су мөлшерін 2 литрге арттыруды көздеп отыр. Бүгінде Дана құрылғының өнімділігін арттыруға ден қойған. Осы мақсатта жас дарын жобаны қолданысқа енгізуге және оның ауқымын кеңейтуге көмектесетін акселерациялық бағдарламаға қатысып келеді. Жас өнертапқыштың құрылғысы­на Су ресурстары министрлігі де ерекше қызығушылық танытқан. «Бұл ынтымақ­тастық жобаны ұлттық деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», – дейді Дана.

– Өкінішке қарай, суды үнемдеу ережелері әрдайым сақтала бермейді. Мысалы, тіс жуу кезінде суды уақытша өшіре тұру немесе шаруашылықта суды қайта пайдалану сияқты қарапайым әдеттердің өзі шығынды  азайтар еді. Сон­дықтан су ресурсын үнемді пайдалану туралы түсінігімізді  арттыру маңызды, – деді Д.Қадырбек.

Алматы қаласындағы №79 гимназияның физика пәні мұғалімі, Дананың жетекшісі Әлия Серікбаева мұндай технологияны әзірлеу су саласында инновациялық серпіліс бола алатынын айтады. Өйткені осындай жобалар болашақта ел ғылымының дамуына және жоғары технологиялық жұмыс орын­дарының құрылуына ықпал етпек.

 – Дана химия, биология, инженерия, экология және ақпараттық технология­лар­ды біріктіріп, жаһандық мәселені ше­шуге талпынып отыр. Жобаның ғылыми құн­ды­лығы техникалық шешімінде ғана емес, сонымен бірге пәнаралық білім базасын қалыптастыруда көрініс табады. Бұл тұрақты дамуға, ғаламшарымызды сақтауға үлес қосады. Жоба шалғай елді мекендерді ауыз­сумен қамтамасыз етуге, энергияны үнем­деуге көмектеседі, – деді Әлия Серікбаева. 

Сарапшылардың айтуынша, алюминий мен фумар қышқылы – арзан әрі тез та­былатын материалдар. Олар заманауи тех­нологияларды өндірісте кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл заттар улы емес әрі табиғатқа залал келтірмейді.

 – Алюминий фумараты негізінде жасалған құрылымдар суды жақсы сіңіреді. Мұндай материал көп энергияны қажет етпейді. Бұл, әсіресе, шалғайдағы аймақтар үшін өте маңызды. Ауадағы ылғалды жинау әдісі суы тапшы, климаты құрғақ аймақтар үшін тиімді шешім болмақ, – деді ұстаз.

Маман сөз соңында инновациялық әдісті әрі қарай жетілдіру үшін материалдың қасиеттерін сынақтан өткізуге арналған заманауи зертханаларды пайдалану қажет екенін жеткізді. Бұл ретте ол Қазақстанда­ғы оқу орындарының ел ішіндегі және шетел­дегі ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық орнатуы аса маңызды екенін қоса айтты. 

– Жобаның табысты дамуы үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау маңызды екенін айтқым келеді. Сонымен қатар зертхана мүмкіндіктері, инженерлік көмек және ақпараттық-ағартушылық жұмысын қолға алу қажет. ҚБТУ-дағы әріптестеріміз Асылзат Искалиева мен Ринат Жәнібековтің көмегімен шәкіртіміз Дана теорияны іс жүзінде сынап көрді. Осындай ынтымақтастық пен жас маман­дарды дайындаудың арқасында біз алю­ми­ний фумаратына негізделген жаңа мате­риалдар арқылы ауадан су жинау тех­но­логиясын қолданысқа енгізе аламыз. Бұл инновациялық идеяны нақты жұмыс істейтін, Қазақстанға пайдасын тигізетін технологияға айналдыруға жағдай жасайды деп сенемін, – деді физика пәні мұғалімі Ә.Серікбаева.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы