in

«Спортты дамыту дирекциясының» бұрынғы басшысы 3,5 жылға сотталды

«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы басшысы сотталды, – деп хабарлады Aikyn.kz.

2024 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты заңсыз материалдық пайда алу түріндегі ауыр салдарға алып келген басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның басшысы Е.-ге қатысты үкім шығарды (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы).

Е. «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК басшысы бола отырып, 2019 жылдың қараша, желтоқсан айлары аралығында өзінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша А.-ны аға жаттықтырушы лауазымына заңсыз тағайындап, ХІХ қысқы Сурдлимпиада ойындарына қатысу үшін оны Вальтеллина (Италия) аймағына іссапарға жіберіп және жалпы сомасы 113 млн теңгеден астам жалақы, іссапар шығыстары мен материалдық пайданы заңсыз алуға ықпал еткен.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, аудит және маманның қорытындыларымен, ақша қаражатын алу туралы Банктік деректермен дәлелденді.

Прокурор 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал сотталушы мен оның қорғаушылары оның іс-әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады.

Қылмыстық кодекстің  361-бабы 4-бөлігі 3) тармағының санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балалардың болуын, келтірілген материалдық залалды толық көлемде ерікті түрде өтеуін таныды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен Е. Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.