in

Профессор: «Журналистерге әлеуметтік стресс әсер етпейді»

BBC News жариялаған британдық ғалымдардың зерттеуінің нәтижелерін Aikyn.kz түсіндіреді.

Адамның жүзінде қатты толқу бірден көрініп тұрады. Бұл тәжірибені Сассекс университетінің психологтері зерттеген. Олар күйзелісті, үрейлі сәтті жылукамералары (тепловизор) арқылы түсіріп талдаған. Күйзеліс адамның беттегі қан айналымын өзгертеді. Ғалымдар мұрын температурасының төмендеуін күйзеліс деңгейін өлшеудің сенімді көрсеткіші ретінде пайдалануға болатынын анықтаған.

Психологтердің айтуынша, жылуды бейнелеу әдісі күйзелісті зерттеуді жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Сассекс зерттеушілері стресс-тесті 29 еріктіге өткізген. Барлығының мұрын температурасы 3-6 градусқа төмендеген. Бірақ көптеген қатысушылардың температурасы қалыпты жағдайға тез келіп отырған. Бірнеше минут ішінде мұрын температурасы бастапқы деңгейіне оралған.

Бас зерттеуші профессор Джиллиан Форрестер стресс жағдайына бейімделген адамдарда бұл қалыпты норма екенін айтады.

«Камера алдында және бейтаныс адамдармен сөйлесуге үйренген журналистерге әлеуметтік стресс онша әсер етпейді. Бірақ олардың қан ағымында да физиологиялық өзгеріс байқалады. Сондықтан мұрынның суып кетуі күйзеліс жағдайының биологиялық маркері болып саналады», – дейді ол.

 

Күйзеліс – өмірдің ажырамас бөлігі. Бірақ ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық қауіпті деңгейдегі стресс жағдайларын басқаруға мүмкіндік береді.

«Мұрын температурасының қалыпқа келу уақыты адамның күйзеліспен қаншалықты жақсы күресетінінің объективті көрсеткіші бола алады. Егер ол өте баяу қалпына келсе, бұл мазасыздық пен депрессия қаупінің белгісі бола ала ма? Біз оған қалай әсер ете аламыз?», – дейді профессор Форрестер.

Бұл әдіс инвазивті емес және физикалық реакцияны өлшейтіндіктен, ол сөйлей алмайтын адамдар мен нәрестелердегі күйзелісті бақылауға да пайдалы болмақшы.

Зерттеу барысында 29 еріктінің біреуі ғана бөлмеден шығуға рұқсат сұраған. Қалғандары тапсырмаларын орындап, түрлі дәрежедегі сезімдерді бастан кешірген. Ал соңында бәрі құлаққаптағы тыныштандыратын жұмсақ дыбыстың көмегімен жүйкесін тыныштандырған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.