Соған сәйкес мерейлі сәт қарсаңында еліміздің әр өңірінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, экономиканы дамытуға және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесі көрініс табады. Сыр өңірі де бұл бағыттағы бастамалардан тыс қалған емес.
Биылғы мерекеге орай Қызылорда облысында агроөнеркәсіп саласын дамытуға, энергетикалық әлеуетті арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынып отыр. Атап айтқанда, Terra Green заманауи жылыжай кешені мен Orda Power күн электр стансасының құрылысы басталды. Қос жобаның бірі өңірді сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, екіншісі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған.
Аграрлық салаға серпін
Жалпы, Сыр өңірінің экономикасын әртараптандыруда ауыл шаруашылығы саласының маңызы айрықша. Әсіресе Сыр күрішінің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі мен өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпалы орасан. Осы ретте Қызылордада Terra Green ЖШС-ның заманауи жылыжай кешенінің құрылысы басталуы да көпті қуанышқа бөледі.
Жобаның салтанатты рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа бастаманың өңір үшін маңызына айрықша тоқталды. Бұл тұрғыда жылыжай шаруашылығын дамыту халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беруді тапсырды.
Осы орайда халықты сапалы көкөніс өнімдерімен жыл бойы қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамыту айрықша маңызды. Бүгін құрылысы басталған заманауи жылыжай кешені көкөніс тапшылығын болдырмауға, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деген жоспар бар. Ең бастысы, жүздеген отбасының тұрақты табыс көзіне айналып, жастарға жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ұсынады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу, компания мамандары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысып, серіктестік құрылтайшысы Фатих Будан жоба ерекшеліктерін таныстырды.
Шынында да, заманауи жылыжай кешенін іске қосу мәселесі көптен бері өздігінен сұранып тұр. Осы арқылы өңірдің көкөніске деген сұранысын арттыру, жергілікті өнімнің нарықтағы үлесін ұлғайту және тасымалға байланысты шығындарды азайтуға мүмкіндік артады деген үміт зор.
Сонымен қатар жаңа кәсіпорынның ашылуы еңбек нарығына да оң ықпал етіледі деп күтілуде. Яғни, өндіріс жолға қойылған жағдайда жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарға сұраныс артады деген жоспар бар. Ең бастысы, жылыжай кешенін ашу су мен жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.
Сонымен қатар өңірде көкөніс нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі де маңызын жойған жоқ. Бұл тұрғыда жергілікті өндірісті дамыту арқылы тасымалдау шығындарын азайтып, ішкі нарықтағы ұсынысты арттыруға көзделуде.
Соған орай Terra Green жобасы өңірдің ауыл шаруашылығын жаңа бағыттармен толықтырып қана қоймай, жергілікті өндірістің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған маңызды бастаманың бірі ретінде бағаланып отыр.
Ел игілігіне бағытталған бастамалар
Негізінен, Қызылорда облысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашуға бетбұрыс басым. Бұл тұрғыда облыстық Кәсіпкерлік жәнн өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сәйкес, алдағы үш жылда жалпы құны 1 трлн 900 млрд теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін алға тартады.
– Біздің мақсатымыз – инвестиция көлемін ұлғайтып қана қоймай, оны нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Яғни өңірде тұрақты жұмыс орындарын құру, жергілікті өндірісті дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды жолға қоюға басымдық береміз.
Қазір агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, энергетика, тау-кен металлургиясы және машина жасау салаларымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобалардың маңызы зор. Атап айтсақ, жүгеріні өңдеу зауыты, агроиндустриялық кластер, заманауи жылыжай кешені секілді ірі бастамалар ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар халықаралық компаниялармен бірлескен жобалар арқылы өңірге жаңа технологиялар мен өндірістік тәжірибе тартылуда. Бұл өз кезегінде жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге жол ашады, – дейді бұл жөнінде басқарма басшысының міндетін атқарушы Жанар Берденова.
Басқарманың мәліметінше, биыл өңірде 26 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның 15-і пайдалануға берілген. Алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды қолдау, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасын табатын болады.
Баспана – берекелі өмірдің бастауы
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауынан 160 отбасыға жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды. Қоныстой иелерінің қуанышымен бөліскен Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев мереке қарсаңында ұйымдастырылған игілікті іс баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау бағытындағы жұмыстардың кезекті нәтижесі екенін жеткізді. Бұл бастама Сыр өңіріндегі құрылыс қарқынының нақты көрінісін де аңғартты.
Жалпы, тәуелсіздік жылдарынан бері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткішінің біріне айналған тұрғын үй құрылысы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан өңірде үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағытының біріне айналып тұр. Салтанатты рәсімде аймақ басшысы тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, ұлттық мерекенің тарихи маңызына да тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деп атап өткені мәлім. Соған сәйкес аймақта халықты баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Соңғы төрт жылда өңірде үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер беріліп, 30 мыңнан астам жерлесіміз баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 3 мыңға жуық пәтер бөлініп, 10 мыңға жуық тұрғынды баспанамен қамту жоспарланып отыр.
Бүгін осындай игі бастаманың жарасымды жалғасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге аумағы 12 мың шаршы метрге жуық 160 пәтердің кілтін табыстап отырмыз. Жаңа қоныстарыңыздың босағасы берік болып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Әр отбасында балалардың күлкісі естіліп, татулық пен береке салтанат құрсын. Ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын! – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жалпы, Қызылордада тұрғын үй құрылысын жүргізу халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруға негізделген. Сондай-ақ жаңа тұрғын аудандардың бой көтеруі, әлеуметтік инфрақұрылымның қалыптасуы және кәсіпкерлік нысандардың ашылуына сеп болып тұр. Соның негізінде Сырдарияның сол жағалауы Қызылорданың қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандарының біріне айналды.
Шара барысында жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев құттықтау сөз сөйледі. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев жаңа қоныс иелеріне ақ батасын берді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы