Асқақ Алтайдың аппақ шыңдары аспанмен тілдесіп тұрса, етегінде мөлдір көл мен нулы орман жарасым тауып, адам жанын баурайды. Бұл өлке – тыныштығы мен тылсымы бірдей үйлескен, жаратылыстың жаны сезілер жер.
Қазір бұл ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуында да ерекше серпін бар. Қазақстан Президентінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №424 Жарлығымен 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Марқакөл ауданы төртінші рет құрылып, Күршім ауданының құрамынан бөлініп шықты. Бұл Мемлекет басшысының өте маңызды шешімі болды.
Қазір жас ауданды Рүстембек Кемешев басқарып отыр. Өңірде қарқынды жұмыстар жүргізіліп, 2024 жылы жергілікті басқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін әкімшілік ғимараттармен қамтамасыз ету мақсатында 1,7 млрд теңгеге 8 ғимарат пен әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Және «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 4 пәтерлі 2 үй салынып, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға берілді.
Биыл 9 айда Марқакөл ауданында барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Ауданның өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,9 млрд теңгені құрап, физикалық көлем индексі 91,2% жетті. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінің көлемі – 4,6 млрд теңге (85,8%).
Өңдеу өнеркәсібінде физикалық көлем индексі 109,9%-ға өсіп, 4 332,2 млн теңгені құрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10,4%-ға артты, нәтижесінде 7 151,8 млн теңгеге жетті. Бұған қоса, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 есеге өсіп, 2 180,6 млн теңгені құрады, оның ішінде жеке инвестициялар 4 есеге өсіп, 1 549,8 млн теңге болды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары 6 есеге өсіп, 1 040,5 млн теңгеге жетті.
Биылғы жағдай бойынша, аудандағы халық саны – 6,7 мың. Ауданның әкімшілік құрылымы 5 ауылдық округ пен 23 ауылдан тұрады. Сонымен бірге, 2024 жылғы 27 ақпандағы облыс әкімдігінің №61 қаулысымен ауданның штаттық құрылымы бекітіліп, жалпы мемлекеттік қызметшілер саны 63-ке жетті (мәслихат аппараты – 6, аудан әкімінің аппараты – 11, тәуелсіз бөлімдер – 25, ауылдық округ әкімдіктері – 21 бірлікті).
Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2024 жылы әр өңірде талантты жастар арасынан жас басқарушылар пулын қалыптастыруға бағытталған өңірлік кадрлық резервтерге алғаш рет іріктеу жүргізілді. Қазір Марқакөл ауданында кадрлық резервтегі жас мамандар жұмыс атқаруда.
Аудан аумағында 562 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін жүзеге асыруда, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында 348 шаруа қожалығы және 25 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығының негізгі бағыты мал шаруашылығы болып отыр. Барлық шаруашылық санаттарындағы ірі қара мал саны – 27,5 мың бас, ұсақ мал – 41 мың бас, жылқы – 17,5 мың бас, құс – 18,7 мың бас.
Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы 44 кәсіпкерге 423,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 4 жоба иесіне 69,3 млн теңге несие беруге құжаттары мақұлданды; 13 жоба иесіне 20,5 млн теңге қайтарымсыз негізде грант бөлінді; 27 шаруа қожалығы лизингке 333,7 млн теңге тұратын 36 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Туризм бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы 34,5 млн теңге болатын 2 жоба мақұлданды: «Рахат Туризм» СПК 16 млн теңге – қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алу арқылы қонақүйді қайта құруды жүзеге асырды; «Айсаб» СПК 18,5 млн теңге – туристерге қызмет көрсету және тұру үшін Ақжайлау ауылында 8 киіз үйден этно-ауыл салды.
Биыл Markakol Lodge жобасы аясында Урунхайка ауылында жеке инвестициялар есебінен 6 глемпинг үй салынды. «Шығыс Қазақстан облысының үздік рекреациялық туристік аймағы» боп Урунхайка ауылы 200 млн теңге ұтып алды. 100,0 млн теңге инфрақұрылымды дамытуға бағытталды, қалған соманы игеру 2026 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар 26 қыркүйекте өткен «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумында Марқакөл ауданының әкімдігі мен Aila Tau ЖШС арасында Шағанатты ауылында жалпы құны 600 млн теңге болатын марал шаруашылығына бағытталған сауықтыру кешенін ашу жөнінде келісім жасалды. Жобаны іске асыру 2026-2031 жылдарға жоспарланған.
Тұрғын үймен қамту мәселесі бойынша биыл «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 5 жеке үй немесе 10 пәтер салу жоспарланған. Осы мақсатта жыл басында мердігер ұйымдармен құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды толық жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасалды.
Жоспарға сәйкес, қазан айында 4 пәтер құрылысы аяқталды, қазір бұл тұрғын үйлерді Отбасы банк арқылы кезекте тұрған (жалпы кезек – 89 адам, оның ішінде – 17 көпбалалы отбасы) Марқакөл ауданының тұрғындарына бөлу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бөлек, аудан орталығында 1978 жылы салынған 6 көпқабатты үйдің қасбетін және шатырын жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оған 207 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде, екі 16 пәтерлік 2 қабатты және төрт 24 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үйлер бар.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылы оффтейк келісімшарттар аясында екі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Соның ішінде, Марқакөл ауылында 34 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй салу және 24 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйді қайта жаңарту жобасы тұр. Ауқымды мақсаттың бірі – жаңа салынған, қайта жаңартылатын және әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта «Марқакөл ауылында орталықтандырылған қазандық пен жылу желілерінің құрылысы» жобасы әзірленуде. Қазандық қуаты – 6 Гкал, жылу желісінің ұзындығы 12 шақырым болмақ.
Әлеуметтік салаға да айрықша көніл бөлінуде, Марқакөл ауданында білім беру нысандарының жалпы саны – 21 (19 мектеп, 1 балабақша, 1 шығармашылық үйі). Аз қамтылған отбасылардан 868 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде бастауыш сыныптардың 460 оқушысы бар.
Оқу жылының нәтижесі бойынша, ауданның білім сапасы 71,2% құрады. Биыл мектептерге 79,1 млн теңгеге 7 кабинет сатып алынды. Офтейк келісімшарт шеңберінде Игілік ауылында 500 млн теңгеге 50 орындық мектеп салынды. Сондай-ақ Қайнарлы ауылында 650 млн теңгеге 50 орындық және Төсқайың ауылында 960 млн теңгеге 100 орындық мектептің құрылысы басталды.
Қазір ауданда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз мектеппен қамтылған. 2 жастан 6 жасқа дейінгілер – 98%. Сонымен қатар 2025 жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 467 жұмыс орнын (оның ішінде 196 – тұрақты, 247 – уақытша) құру жоспарланып, жылдық жоспар 106%-ға орындалды.
2025 жылы Марқакөл ауданына еңбек күші артық өңірлерден 8 отбасы (35 адам) қоныс аударып келді, осылайша жоспар 112%-ға орындалды. Оның ішінде, Ақбұлақ ауылына – 4 отбасы (19 адам), Марқакөлге – 1 отбасы (4 адам), Қалжырға – 2 отбасы (9 адам), Қазақстан елдімекеніне – 1 отбасы (3 адам) жіберілді. Қоныс аударушылардың барлығы бірреттік көшуге арналған субсидия алды.
2009 жылдан бастап республика бойынша дипломы бар мамандарды ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұрақты тұру үшін тартуға бағытталған жоба іске асырылуда. Жобаның мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласындағы мамандарға, сондай-ақ ауылдық округтер, кенттер мен ауыл әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету.
Жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау екі бағыт бойынша көрсетіледі: 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу (2025 жылы – 369 200 теңге) және тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие беру: аудан орталықтарында – 2 500 АЕК (9 230 000 теңге), ауылдық елді мекендерде – 2 000 АЕК (7 384 000 теңге).
Биыл жоба аясында 48 маманға жалпы сомасы 18,9 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Сонымен қатар 10 маманға жалпы сомасы 90,4 млн теңге көлемінде бюджеттік несие беру 2025 жылғы қараша айына жоспарланған.
Жыл сайын ілгері дамыған Марқакөл өңірінің халқы Мемлекет басшысына, Үкіметке және облыс әкіміне өздерінің шынайы алғысын айтып келеді. Тұрғындар кейінгі жылдары өңірде атқарылып жатқан игі істер мен даму қарқынын ерекше атап өтті.