in

Лифт қызметіне қатысты 132 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғалды

Жоспардан тыс жүргізілген тексеру барысында «Казлифтконсалтинг» ЖШС сынақ зертханасына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабы  1-бөлігі  2-тармағы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бойынша 132 іс қозғалды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Анықталған фактілерге сәйкес, зертхана Кеден одағының КО ТР 011/2011 «Лифттердің қауіпсіздігі» техникалық регламентінің талаптарына сәйкестікті бағалау жұмыстарын аккредиттеу саласына кірмейтін көрсеткіштер бойынша жүргізген. Бұл Қазақстан Республикасының «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңының 14-бабы  5-тармағына қайшы келеді. Аталған тармаққа сәйкес, аккредиттеу субъектілері жұмыстарды тек аккредиттеу саласы шеңберінде орындауға және тиісті нормативтік құжаттардың талаптарын сақтауға міндетті.

«Сәйкестікті бағалау саласындағы заңнаманың сақталуы – әсіресе лифт сияқты техникалық күрделі объектілердің қауіпсіздігі сөз болғанда ерекше маңызды. Біз нарықтың барлық қатысушыларын Қазақстан Республикасының белгіленген заң нормаларын қатаң сақтауға шақырамыз, бұл қауіптерді азайтуға және жабдықтардың сенімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.

Сынақ зертханасына 2  миллион 300 мың 220 теңге көлемінде айыппұл салынды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.