Жиынға Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел өкілі Меруерт Еркінқызы мен облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса жедел өкілі Керім Әлібек, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен белсенді азаматтар қатысты.
Киберқылмыспен күрес, онлайн-алаяқтықтың санын азайту және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елімізде «Киберқалқан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба Қазақстанның ақпараттық инфрақұрылымын қорғауға, киберқауіпсіздік жүйесін нығайтуға және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында бірқатар маңызды шара атқарылды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының ақпараттық жүйелерін қорғау деңгейі күшейтіліп, цифрлық деректерді сақтау мен өңдеу талаптары қатаңдатылды. Сондай-ақ кибершабуылдарды анықтап, жедел түрде әрекет ететін арнайы мониторинг орталықтары құрылып, олардың техникалық мүмкіндіктері жаңартылды. Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың қызметкерлері үшін ақпараттық қауіпсіздік бойынша оқыту курстары мен тәжірибелік жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Дегенмен бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарға қарамастан, алаяқтар әлі де өз әрекеттерін тоқтатар емес. Кибершабуылдар жаңа әдіс-тәсілдермен жалғасып, интернет кеңістігінде түрлі алдау амалдары көбейіп барады. Сарапшылардың айтуынша, киберқылмыскерлердің әрекеті барған сайын кәсіби сипат алып, жасанды интеллект пен әлеуметтік инженерия тәсілдерін жиі қолдана бастаған.
Осыған орай маңызды шараны облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында киберқауіпсіздік пен интернет алаяқтықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Меруерт Еркінқызының айтуынша, соңғы жылдары киберқылмыстар мен онлайн алаяқтықтардың көбеюіне бірқатар себеп әсер етіп отыр. Сол себептердің бірі – азаматтардың жеке деректерінің интернет кеңістігіне тарап кетуі. «Биыл наурыз айының бас кезінде танымал сервистің екі миллион пайдаланушысының жеке деректері желіге тарап кетті. Интернеттегі алаяқтар сол мәліметтерді пайдаланып, түрлі қылмыс жасау қарқынын арттырды. Бұл – тек бір ғана мысал, ал мұндай жағдайлар жиілеп барады», – деді сарапшы.
Оның сөзінше, жеке деректердің таралуы тек Қазақстанға тән емес, әлемдік проблемаға айналып отыр. «Қазіргі таңда елімізде киберқауіпсіздік саласында екі үлкен мәселе бар – кадр тапшылығы мен кибергигиенаның сақталмауы. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Үкімет бірқатар маңызды шараны қолға алды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында жоғары білікті IT мамандар даярлауды тапсырды. Соның нәтижесінде былтыр елімізде алты IT мектеп ашылса, биыл тағы бес мектеп ашу жоспарланған. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік мамандығына бөлінетін гранттар саны да жыл сайын артып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс отандық киберқауіпсіздік саласының дамуына зор ықпал етпек», – деді Меруерт Еркінқызы.
Кербез ЕСІМ