in

Жұмыс бар жерде мүмкіндік бар

Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құраса, жастар арасындағы көрсеткіш 2,4 пайыз деңгейінде қалып отыр. Еңбекпен қамту – әлеуметтік саясаттың ғана емес, өңір экономикасының да маңызды көрсеткіші. Сондықтан Абай облысында жұмыссыз азаматты еңбекке тартумен қатар, оның жаңа мамандық игеруіне, кәсіп бастауына және тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тетіктер қатар іске қосылған.

2026 жылы облыста 13 324 адамды жұмыс­пен қамту жоспарланған. 29 шілдедегі жағдай бойынша оның 63,5 пайызы орындалды.

Бұл көрсеткішке әртүрлі бағыттағы шара арқылы қол жеткізілді. Инфра­құрылымдық жобалар аясында 823 адам жұмысқа орналасып, жоспардың 71,5 пайызы орындалды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 2 611 адам жіберілді. Бұл бағыттағы жоспардың 85,6 пайызы орындалған.

Жаңа кәсіпорындардың ашылуы да еңбек нарығына серпін беріп отыр. Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бастамасы аясында жаңадан ашылған кәсіпорындарға 1 527 адам жұмысқа орналасқан.

Ал бос жұмыс орындары арқылы 3 502 азамат еңбекке тартылды. Бұл бағыттағы жоспар 63,7 пайызға орындалды. Цифр­лардың өзі-ақ өңірде жұмыспен қамтудың бір ғана механизмге сүйенбейтінін көрсетеді. Бір жерде жаңа кәсіпорын ашылса, енді бір жерде инфрақұрылымдық жоба іске қосылады. Бір азамат бос жұмыс орны арқылы қызметке орналасса, екіншісі суб­си­дияланатын жұмыс орнынан бастайды. Мәселе – осы мүмкіндіктердің бәрін еңбек нарығындағы нақты сұраныспен ұштастыру.

Қазіргі еңбек нарығында «жұмыс бар ма?» деген сұрақпен қатар «осы жұмысқа қажетті дағды мен мамандық бар ма?» деген мәселе де өзекті.

Осы бағытта Абай облысында кәсіптік оқыту мен қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде. Skills.Enbek.kz платформасында онлайн оқуға 590 адам тіркеліп, оның 534-і курсты сәтті аяқтаған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 522 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға қабылданып, 339 қатысушы оқуын тәмамдады.

Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 219 жұмыссыз азамат жолданды. Жоспардың 78,2 пайызы орындалды. Оның ішінде 20 адам жұмыс берушілердің өндірістік базасында білім алса, 199 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес оқу ұйымдарында кәсіби даярлықтан өтуде. Бұл жерде маңыздысы – жұмыссыз азаматты кез келген жұмысқа орналастыру емес, оның еңбек нарығында сұранысқа ие бо­луы­на жағдай жасау.

Жұмыспен қамтудың тағы бір бағыты – азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау. Әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік гранттар бағдарламасы бойынша биыл облыста 205 грант беру жоспарланған. Бірінші лек аясында 102 бизнес жоба мақұлданды. Бір қарағанда, бұл – шағын ғана сан болуы мүмкін. Алайда әр бизнес-жобаның артында жеке кәсіп иесінің ғана емес, қосымша жұмыс орындарының да пайда болу мүмкіндігі бар.

Сондықтан жұмыспен қамту саясаты мен кәсіпкерлікті қолдаудың өзара байланысы барған сайын күшейіп келеді. Өз кәсібін ашқан азамат – бір мезетте әрі жұмыс беруші, әрі жұмыс орнының иесі.

Жұмыс берушіге – маман, жұмыс із­деу­шіге – жұмыс керек. Екеуінің арасын жал­ғайтын ең тиімді алаңдардың бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. 2026 жылдың басынан бері Абай облысында 84 жәрмеңке өткізілді. Оларға 445 жұмыс беруші мен 3 017 жұмыс іздеуші қатысты.

Нәтижесінде, 222 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 208 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Оның ішінде 151 адам қоғамдық жұмыстарға, 17 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 39 адам жастар практикасына, бір адам «Күміс жас» жобасына жолданды. Тағы 12 адам қысқамерзімді кәсіптік оқытуға бағытталды. Жәрмеңкелердің тағы бір ерекшелігі – мұнда азамат тек бос орын туралы ақпарат алып қоймайды. Мемлекеттік жұмыспен қамту шараларына қатысу жолдарын да біледі. Жыл басынан бері осындай іс-шараларда 2 551 адамға кеңес берілген.

Жұмыс орындары жәрмеңкелері облыс аудандарында айына кемінде екі рет өткі­зіледі. Ал Семей қаласында көшпелі фор­маттағы іс-шаралар апта сайын ұйымдас­тырылады. Яғни жұмыс іздеген азаматтың мүмкіндікті өзі іздеп, мекеме жағалап жү­р­уі­не ғана емес, мүмкіндіктің азаматқа жақындауына жағдай жасалып отыр.

Жұмыспен қамту саясатының нәтижелі болуы ақпараттың халыққа қаншалықты жеткеніне де байланысты. Мемлекеттік бағдарламалар, кәсіптік оқыту, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен қолдау іс-шаралары туралы халыққа тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Әсіресе шалғай ауылдық елді мекендерді қамтуға мән беріліп отыр. Бүгінге дейін мұнда 17 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді.

Бұл ретте ақпараттандырудың өзі жұмыспен қамтудың бір тетігіне айналып отыр. Себебі мемлекеттік қолдау бар бол­ғанымен, одан хабарсыз азамат сол мүм­кіндікті пайдалана алмайды.

Абай облысының жұмыспен қамту сала­сындағы көрсеткіштері жаман емес. Жұмыссыздық деңгейі – 4,7 пайыз. Жастар арасындағы жұмыссыздық – 2,4 пайыз. Жыл басынан бері 8 463 адам жұмысқа орналасты.

Бірақ кез келген статистиканың ар жағында адам тағдыры тұрғанын ескерсек, негізгі міндет мұнымен аяқталмайды. Ең маңыздысы – уақытша жұмысқа орнала­стырудан тұрақты жұмыспен қамтуға көшу. Жұмыссыз азаматтың жаңа мамандық иге­руі, кәсіп бастауға мүмкіндік алуы, еңбек нарығында сұранысқа ие болуы – жұмыспен қамту саясатының шынайы нәтижесін айқындайтын көрсеткіштер. Абай облысында осы бағыттардың бәрі қатар қамтылып отыр. Ал жыл соңына дей­інгі мақсат айқын: 13 324 адамды жұ­мыс­пен қамту. Бұл – жай ғана жоспарлы көрсеткіш емес. Бұл – мыңдаған адамның тұрақты табысқа, жүздеген отбасының әлеуметтік тұрғыдан орнықты өмірге қадам басуына мүмкіндік беретін меже.

Еңбек нарығында тұрақтылық сақталса, жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары көбейсе, азаматтардың кәсіби білімі мен кәсіпкерлік белсенділігі артса, өңір эконо­микасының да ілгерілеуіне жол ашылады. Өйткені жұмыспен қамтылған адам – эконо­миканың көрсеткіші ғана емес, елдің әлеу­меттік тұрақтылығының тірегі.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы