in

Жүзімге бөлек бап керек

Оның тәжірибесі – отандық ауыл шаруашылығының ғылыммен ұштасқан үлгісі. Бүгінде 6 сотық жерді алып жатқан бақшасында 20 түп аналық жүзім бар. Солардан жыл сайын шамамен 2000 көшет алынып, еліміздің түрлі өңіріне жөнелтіледі. Тағы бір қызығы, Бауыржан – Қазақстанда алғаш жүзім фестивалін өткізген адам. Сортаң жерде жүзім өсіріп, ерекше кәсіпті серік қылған азаматпен сұхбат құрудың жуырда сәті түсті.

– Жүзім өсіруге қалай келдіңіз? Бұл кәсіпті таңдауыңызға не түрткі болды?

– Бір күні YouTube-тан бейне­ролик көріп, жүзім өсірудің өзі үлкен бір ғылым екенін түсіндім. Сол қарапайым ғана видео осы бақша шаруашылығына келуіме себепкер болды. Әрине, бұл салаға келу үшін бір видеоны көріп алу жеткіліксіз. Жүзім өсірмес бұрын, Ресей, Украина, Беларусь елде­рінің мамандарымен байланысып, тәжірибе жинадым. Осы кәсіпте жүргеніме биыл тура 14 жыл толып отыр.

– Қандай жүзім сорттарын өсіресіз және неге дәл соларды таңдадыңыз?

– 2012 жылы Юбилей Ново­черкасска, Нина, Ризамат, Зарево, Памяти Дженеева, Красава, Ал­вика, Велика, Маникюр фингер, Днепровский сувенир, Виктор, Ризамат-Ата, Надежд Азос, Памя­ти Нигруля, Водограй, Кодрянка, Красотка, Аватар, Находка Калу­гина сынды өнімділігі жоғары, сыртқы көрінісі тартымды, дәмі ерекше жүзім сорттарын еге бас­тадым. Оған дейін Өзбекстаннан әкелінген жүзімдерді зерттеп, олардың еліміздің ауа райы мен топырақ ерекшеліктеріне қалай бейімделетінін тәжірибе жүзінде сынап көрдім. Жыл сайын 500 келіден астам өнім жиналады. Одан табиғи мейіз, шырын, жеміс қайнатпасы, тосап дайындалады. Бұл – тек шаруашылық емес, бір жағынан экологиялық таза өнім өндірудің жолы.

– Құлсарының сортаң жерінде жүзім өсіру қаншалықты қиын?

– Шыны керек, Құлсарының жері сортаң, ал суы ащы. Мұндай жерде жүзім өсіру – нағыз тәуе­кел. Жүзім өсіру ісі оны еккеннен кейінгі күтіммен ғана шектел­мей­ді. Мен өзім арнайы шетелден әкелінген сорттарды жергілікті климатқа бейімдеп, әр түпке жеке күтім жасаймын. Жазда +50°C аптап ыстықта жүзім шөлдейді, ал қыста -30°C суықта үсіп кету қаупі жоғары. Сондықтан әр маусымда агротехникалық әдістер өзгеріп отырады.

Жүзімнің сапасы негізінен топырақ, климат, ылғалдылық, күн көзінің ұзақтығы сияқты факторларға тікелей байланысты. Осыған байланысты бұл салада «терруар» деген ұғым бар – ол жүзімнің өсу ортасының жалпы сипаттамасын білдіреді. Сол се­бепті бір сорт әр аймақта әртүрлі дәм береді. Мысалы, бір елде қыш­қыл болса, екіншісінде тәтті болуы мүмкін.

Бір нәрсені екпес бұрын, адам ең алдымен ғылыми тұрғыда оның мән-жайын біліп алу керек. Сол сияқты, сортаң топы­рақпен жұмыс істеудің тәсілдерін үй­ренбей тұрып, ештеңе өн­бейді. Қазір өзім өсім­дік­тер­­ге ар­налған 12 компо­­­нент­тен тұ­ратын тыңайт­қыш өнді­ре­мін. Жердің құра­мын­дағы макро және ми­кро­эле­мент­тер­дің же­­тіс­­пеу­шілігін еске­ріп, арнайы тың­айт­­қыш жасап шы­ғар­дым. Оны «Бақша соу­сы» деп атадым. Бұл өнім ж­үзім ғана емес, бас­қа да жеміс ағаштары мен сән­дік өсімдіктерге пайдалы. Тыңайтқыш топырақты жұм­­сартып, тамыр жүйесін ны­ғай­тады, ал бұл өз кезегінде өнім са­па­сына әсер етеді.

– Жүзім өсіруші кәсіби маман ретінде жүзім туралы тағы қандай қызықты деректермен бөлісер едіңіз?

– Жүзім – адам баласы өсіре бастаған ең көне жеміс түрлерінің бірі. Археологиялық деректер бойынша, оны 5000-6000 жыл бұрын Таяу Шығыста өсірген. Ежелгі мысырлықтар жүзімді шы­рын, шарап және емдік мақсатта қолданған. Әлемде 10 000-нан астам жүзім сорты бар екен. Оның ішінде тек 20%-ы ғана дастар­қанға, ал 70%-ы шарап өндірісіне кетеді. Тағы бір қызығы, жүзім – жер мен судың дәмін бойына сіңіретін ерекше өсімдік. Фран­ция, Италия, Түркия, Испания елдері жүзімді тек ауа райына емес, жер құрамына қарай таң­дайды. Бұл шараптық сорттарда ғана емес, асханалық жүзімде де өте маңызды.

– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

– Басты арманым – Жылыой жерінен арнайы жер алып, жүзім шаруашылығын кеңейту. Мақ­са­тым – Қазақстан нарығын то­лық­тай отандық жүзіммен қам­тамасыз ету, әрі қарай экспортқа шығару. Со­нымен қатар жаңа сорттар шы­ға­ру үшін зерттеу институтын ашу – басты ниетім. Бұл институт 15-20 жылдық жү­йе­лі ғылыми жұмыс пен мемлекет қолдауын талап етеді.

2023 және 2024 жылдары қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Бауыржан жү­зім­дері» фестивалі халықтың зор ықыла­сына бөленіп келеді. Оның ең қадірлі қонақтары – мүмкіндігі шектеулі жандар, бұл шараның әлеуметтік маңызын одан әрі арттыра түседі деп те ойлаймын.

Қырғызстанда өткен халық­аралық жүзім фестиваліне де қа­тыс­тым. Ол шараға әлемнің 32 елі­нен қатысушы келді. Осындай ауқымды іс-шарада Қазақстанның абыройын қорғағанымды мақтан етемін. Қалай десек те, ниет қо­йып кіріскен іс бәрібір нәтижесін береді. 

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА