Бұл – халықтың әлеуметтік ахуалының жақсарғанын, экономикалық белсенділіктің артқанын көрсететін көрсеткіш. Алайда көлік саны көбейген сайын жол апаттары да жиілеп барады.
Жыл сайын елімізде 2 мыңнан астам азамат жол апатынан қаза тауып, 23 мыңнан астам адам түрлі деңгейде жарақат алады. Бұл – бейбіт күндегі «қарусыз соғыс» іспетті. Жолдағы бұл қасіретпен күресу – тек полиция мен әкімшілік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Себебі апаттар тек заңбұзушылықтан емес, тереңде жатқан жүйелік олқылықтардан туындайды.
Бір қарағанда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ сияқты. Бейнебақылау жүйелері орнатылып, заманауи техникалармен жабдықталған патруль көліктері жолға шықты, кейбір өңірлерде жаңа форматтағы полиция бекеттері салынды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл шаралар апат санын күрт төмендете алмады. Демек, мәселенің түп тамыры бұдан тереңде жатқан сыңайлы.
Көп жағдайда жол ережесін жүргізушілер саналы түрде бұзады немесе ережені толық білмей, бейқамдықпен қателік жібереді. Оған қоса, адам психикасының тұрақсыз күйі – стресс, отбасылық қиындық, шаршау сияқты факторлар – көлік жүргізу кезінде қауіпті шешімдерге алып келеді. Мас күйде рөлге отыру, жылдамдықты шамадан тыс асыру, телефонмен сөйлесу, әлеуметтік желіге үңілу сияқты заманауи алаңдаушылықтар да апат себептерінің алдыңғы қатарынан болады. Бұл проблемаларды тек айыппұлмен немесе жазамен шешу мүмкін емес. Қоғам ішінде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіпке деген ішкі жауапкершілік қалыптасуы қажет. Жол қозғалысына қатысу – тек жүргізушілердің міндеті емес. Жаяу жүргіншілер, велосипед пен мотоцикл иелері, қоғамдық көлік жүргізушілері, тіпті жолмен мал айдап өтетіндерге дейін жол ережесіне бағынуға тиіс. Сондықтан жолдағы тәртіп – ортақ мәдениеттің көрсеткіші. Ал бұл мәдениет балабақшадан басталып, мектеп қабырғасында қалыптасуы шарт. Қазір жол ережелері оқушыларға қосымша сабақ түрінде ғана оқытылып келеді. Бірақ ол жеткіліксіз. Бұл сабақтарды арнайы оқытудан өткен мамандар жүргізуге тиіс. Әр бала жолда өзін қалай ұстау керегін математика немесе тіл сабағындай терең меңгеріп өскенде ғана қоғамда тәртіп орнайды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдардың да қазіргі жағдайы қайта қарауды қажет етеді. Қазір бір патрульге бірнеше түрлі міндет – жол қозғалысын қадағалау, қоғамдық тәртіпті бақылау, іс-шаралар қауіпсіздігін сақтау сынды жұмыстар жүктеліп отыр. Бұл – тиімділікке емес, керісінше, жауапкершіліктің шашырауына алып келеді. Жол қозғалысын ұйымдастыру – күрделі, арнайы білім мен тәжірибені талап ететін сала. Мұндай жауапты істі салалық білімі жоқ адамға тапсыру – адам өмірін қауіпке тігумен тең.
Шетелдік тәжірибеге көз салсақ, мысалы, Дубайда жол қиылыстарындағы солға бұрылу мен кері айналуға толық тыйым салынған. Оның орнына айналма жолдар кеңінен қолданылып, апат ықтималдығы төмендетілген. Мұндай тиімді тәжірибені елімізде де енгізуге әбден болады. Сонымен қатар жүргізушілерді өздігінен даярлау жүйесі – қауіп тудырып отырған тағы бір мәселе. Өйткені рөлге отырған әрбір адам – ұшқыш немесе дәрігер секілді, тікелей адам тағдырына жауапты тұлға. Жүргізушілерге экстремалды жағдайлардағы әрекет, психологиялық дайындық және шешім қабылдау дағдылары оқытылуы керек.
Жол ережелерінің өзі де тым ұсақ-түйекке бөлініп кеткен. Кейде апатқа еш себеп болмаған болмашы бұзушылық үшін жүргізуші қатаң жауапқа тартылады. Бұл қоғамда наразылық тудыратыны сөзсіз. Ережелер қайта қаралып, халықаралық стандарттарға сәйкес ықшамдалып, тек қауіпсіздікке тікелей қатысы бар нормаларға басымдық берілгені жөн. Мәселен, бұрынғы Ішкі істер министрлігінің №270 бұйрығы бойынша, апатқа себеп болмайтын ұсақ бұзушылықтар үшін жүргізушіні тоқтатуға тыйым салынған еді. Бұл – жүргізуші мен полиция арасындағы сенімділікті арттырған тәжірибе болатын. Осындай жүйелі әрі тиімді қағидаттарға қайта оралуымыз керек.
Жол қозғалысын ұйымдастыру мен қауіпсіздік саласына қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданатын уақыт жетті. Бұл бағдарлама тек құқықтық емес, ғылыми, кәсіби және тәрбиелік негізге құрылуы қажет. Облыстық деңгейдегі жол қауіпсіздігі комиссиялары қайта жанданып, нақты әрі нәтижелі жұмыс жүргізуге тиіс. Себебі жолда тәртіп орнаса, қоғамда тыныштық орнайды.
Д. ГАЙСИН,
Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері,
Атырау облысы ІІО Жол полициясы
ардагерлері кеңесі төрағасы