in

ЖИ-мен жұмыс жеңіл

Жоба авторларының айтуынша, кремний алқабында дамып жатқан  жасанды зерде азаматтарды жұмысқа қабылдау процесінде ақша мен уақытты үнемдеуге көп көмегін тигізіп жатыр.

– Мысалы, кез келген рекрутинг не HR компаниясы бір адамды жұмысқа алу үшін немесе 100 сұхбат өткізу үшін 1-2 апта жұмсайды. Біз 100 cұхбатты екі сағатта ала аламыз. Сосын бірден есебін береміз. Сол үшін сіз жұмысшы іздеп жатсаңыз, бір күннің ішінде оны тауып, жұмысқа ала аласыз. Ол қалай? Таңертең сіз біздің жүйеге 100 түйіндеме саласыз. Кешке үздік 5 үміткер іріктеліп, сізге жұмысқа кіре алады, – дейді Сall2action жобасының авторы Ерсұлтан Жусақынов.

Халық санының өсуі, иммигранттардың еңбек нарығына көптеп қосылуы, бәсекенің артуы және Трамп әкімшілігінің федералдық шығындарды азайту бойынша қызметкерлерді жұмыстан шығаруы АҚШ-тағы жұмыс іздеушілердің санын еселеп көбейтіп жатыр. Осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, дамудың келесі кезеңіне өту қазақстандық жасанды интеллектің ендігі мақсатына айналған.

Америкалықтардың назарын аударған тағы бір компания PointAI деп аталады. Беназир Төлеу­бекова мен Азамат Хамидовтың чат боттары қазір гүл саудасымен айналысатын кәсіпкерлердің жұ­мысын жеңілдетіп, шығындарын азайтқан.

– Қазір нарықта чат бот саласындағы бәсеке аса жоғары. Бірақ біздің өз айырмашылығымыз бар. Жобамыз 15 минут ішінде жылдам іске қо­сылады, кез келген жүйемен селбесіп кете алады және біздің чат бот адам сияқты жауап бергенде, оның жасанды зерде екенін жұрт байқамай қа­лады. Адамнан асып түспесе, кем емес, – дейді POINTAI компаниясының негізін қалаушы Беназир Төлеубекова.

Осылайша, POINTAI чат-боты тұтынушы­лармен байланысты автоматтандырып, тауар сатушылардың жұмысын оңтайландыра түскен. Дәл сол гүл дүкендерінің мысалын алып қарар болса, күніне келіп түсетін мыңға жуық өтінімнің 80%-ын жасанды интеллект өңдеп, штаттағы 60 адамды 11-ге дейін қысқартқан. Бюджет  500 мың доллар үнемдеген.  Қызметі адамдарға қарағанда екі есе жоғары бағаланған чат боттар енді басқа да бизнес түрлеріне енгізіліп, жекелеген операцияларды орындауға бет бұрмақ.

Т.ЕСДӘУЛЕТ