Цифрлық технология көмегімен жүргізіліп жатқан бұл операциялар адам өмірін аман сақтауға бағытталған. Облыстағы жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде, соның ішінде Талғар бағыты бойынша жолдарда, полицейлер заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, жол қозғалысын бақылауды күшейтті.
«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтап, алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Шараға заманауи техникалық құралдар тартылып, жасырын әрі тиімді бақылау жүйесі жүзеге асырылды.
Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс аумағында 1 447 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл – адам өмірі мен тағдырына тікелей әсер ететін маңызды деректер. Осыған байланысты өңірде жол апаттарының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып, техникалық мүмкіндіктер белсенді түрде пайдаланылуда.
Талғар тас жолында бірнеше техникалық құралдарды қамтитын жасырын патрульдеу жүйесі енгізілді: дрондар – әуеден қауіпті маневрлер мен қарсы бағытқа шығу жағдайларын бақылап түсіреді; EKIN PATROL жүйесі – көлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, жылдамдықты асыру, техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы секілді құқықбұзушылықтарды тіркейді; жасырын патрульдер – арнайы белгілері жоқ автокөліктер, олар нақты уақыт режимінде жүргізушілердің әрекеттерін бақылап, полицияның тікелей қатысуынсыз өрескел заңбұзушылықтарды тіркей алады.
– Қазіргі технологиялар жағдайды алдын ала болжауға және оған әсер етуге мүмкіндік береді. Жүргізушілер әдетте стационарлық бекеттер мен патрульдік көліктерге үйреніп қалған. Ал жасырын патруль нақты жолдағы жағдайды ашып көрсетіп, ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі, – деді полиция өкілдері.
Тек 2025 жылдың өзінде Алматы облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерінің 110 мыңға жуық бұзушылығын анықтаған. Атап айтқанда, техникалық ақауы бар көлік жүргізу – 11 029 жағдай, тоқтау және тұру ережелерін бұзу – 2 542 жағдай, қарсы жолаққа шығу – 615 жағдай, мас күйде көлік жүргізу – 479 жағдай, жаяу жүргіншілермен байланысты бұзушылықтар – 13 697 жағдай.
– Әрбір бұзушылықтың артында ықтимал апат тұруы мүмкін. Жолдағы бақылау шаралары жазалау үшін емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізіледі. Жүргізуші бақылау көзге көрінбесе де, оның бар екенін түсінуі керек. Біздің басты мақсатымыз – жолдағы тәртіпті қалыптастырып, адам өмірін сақтау, – деп атап өтті ведомствода.
Сондай-ақ қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апатты азайту мақсатында белсенді профилактикалық жұмыс жалғасуда.
9–18 шілде аралығында аудан аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күн сайын жол қозғалысы ережелерінің адам өміріне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтарын анықтауда.
Назарда – қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлікті мас күйде немесе есірткілік әсермен жүргізу, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және бағдаршам сигналдарын елемеу сияқты әрекеттер.
Жыл басынан бері Еңбекшіқазақ ауданында 9445 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Атап айтқанда, көлік құралын пайдалану ережесін бұзу –1 128 дерек, құжатсыз көлік жүргізу немесе көлікті жүргізуші куәлігі жоқ тұлғаға беру – 171 жағдай, қауіпсіздік белбеулері мен мотошлемдерді пайдаланбау – 559, қарсы жолаққа шығу – 36, жаяу жүргіншілерге жол бермеу – 116, мас күйінде көлік жүргізу – 53, тоқтау және тұру ережелерін бұзу – 241, жаяу жүргіншілер тарапынан орын алған құқықбұзушылықтар – 1 888 дерек.
Басты мақсат – тек заңбұзушылықты анықтау емес, сонымен қатар алдын алу. Осы бағытта көлік жүргізушілерімен және жаяу жүргіншілермен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жолдағы қауіпсіздік туралы жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылуда.
Ә.МҰХАНБЕТ