Қала әкімдігі мен «Жасыл ел» бағдарламасының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба жазғы маусымдық жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Бұл бастама жастардың еңбекке араласуына жағдай жасап, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды мақсат еткен. Сонымен қатар жоба арқылы Шымкент қаласын көгалдандыру, абаттандыру және тазалық сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу көзделуде.
«Жасыл ел» – Қазақстан жастарының патриоттық рухын көтеруді және еңбекке баулуды мақсат тұтатын республикалық бағдарлама. 2005 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан бұл бағдарламаға жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен он мыңдаған жас қатысып келеді. Шымкент қаласы да бұл бастамадан шет қалған жоқ. Жыл сайын жаз мезгілінде қала жастары көше мен саябақтарды тазалап, ағаш отырғызып, гүлзарларды күтіп-баптау секілді жұмыстарға белсене қатысады. Жастар үшін бұл тек табыс көзі емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік пен қаланы сүюдің бір көрінісі болып табылады.
Маусымдық жұмыс орындары негізінен төрт негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады. Олардың қатарында аулаларды ретке келтіру, қоғамдық орындарды тазалауды ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстар бар. Сонымен қатар көгалдандыру шарасы аясында ағаштар отырғызылып, гүлзарлар орнату, ағаштарды сурау жұмыстары жүреді. Ал абаттандыру барысында кіші архитектуралық формалар орнатылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бағдарлама аясында жастар қаланың санитарлық тазалығына да үлес қосады.
Аталған жұмыстар Шымкент қаласының төрт ауданында – Абай, әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында жүргізіледі. Жастардың жұмыс істеуіне барлық қажетті құрал-жабдықтар мен қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Қатысушыларға заңға сәйкес еңбекақы төленіп, еңбек кітапшасына жазбалар енгізіледі. Бұл олардың болашақтағы жұмыс іздеу кезінде қосымша артықшылық болады.
Бұл жастар үшін тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер алаңы болып отыр. Жобаның тағы бір артықшылығы еңбекке араласу арқылы жастардың әлеуметтік дағдыларын жетілдіруге, жаңа достар табуға және болашақ мансабына қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алуы. Бұл олардың бос уақытын мақсатты әрі пайдалы өткізуіне сеп болады.
– «Биыл алғаш рет осындай жобаға қатысып отырмын. Қала тазалығына үлес қосу өзім үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, осындай бастама жастарға үлкен мүмкіндік береді», – дейді қатысушылардың бірі, 19 жастағы студент Ержан Әбдіқадыров.
Жобаға қатысқысы келетін жастар өздерінің аудандық Жастар ресурстық орталықтарына немесе Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасына тікелей хабарласа алады. Қатысу үшін жастардың жасы мен жұмыс істеуге қабілеті ескеріледі. Құжат тапсыру кезінде жеке куәлік, студенттік билет (бар болған жағдайда), мекенжай анықтамасы қажет болуы мүмкін.
Жоба тек қала тазалығын сақтауға бағытталып қана қоймай, жастардың бойына еңбекқорлық, ұқыптылық пен ортаға деген жанашырлықты қалыптастыруға негізделген. Еңбекке ерте жастан араласқан азаматтардың болашақта кәсіби мансабына деген көзқарасы қалыптасып, белсенді азаматтық ұстанымы артады.
Шымкент қаласының әкімі, сондай-ақ жастар саясатына жауапты мекемелер бұл жобаның алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын мәлімдеді. Жаңа форматтағы еңбек топтары, еріктілер қозғалысы және экологиялық акциялар арқылы қала жастарының белсенділігі артып, қоғамдық жұмыстардың ауқымы кеңейе түспек. Жазғы маусымдық жұмыс орындары жастар үшін табыс табумен қатар, өз қаласына деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеуге берілген үлкен мүмкіндік. Мұндай жобалар жастардың дамуына, ел болашағына инвестиция екені сөзсіз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы