in

Жастарды жігерлендірген «Ауыл LIFE»

Жо­ба­ның алғашқы күнінде облыс әкімінің ор­ын­басары Қай­ыржан Меңдіғалиев облыс және аудан­ның белсенді жас­тарымен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Аңсар Ибраев, «Ауыл LIFE» жобасының қаты­сушылары мен ауданның белсенді жастары қатысты.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары жастармен ашық пікір алмасып, олардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын тың­дап, жас буын ауыл жастарының әлеуметтік белсенділігі, жұмысқа орналасу, бос уақытты тиімді пайдалану туралы ой қозғады. 

– Кездесуде көтерілген ойлар мен ұсыныстар ауыл жастарының қоғам өміріне белсенді араласуға дайын екенін көрсетеді. Біз сіздердің жұмысқа орналасу, білім алу және бос уақытты тиімді пайдалану бағы­тындағы бастамаларыңызды қолдауға мүдделіміз. Әрқайсыңыздың идеяңыз – ауылдың, өңірдің дамуына қосылған үлес. Ең бастысы – алға қойған мақсаттарыңыздан таймай, жаңа мүмкіндіктерді пайда­лана білу. Сіздерге әрдайым сенім артамыз және бірге жұмыс істеуге дайынбыз, – деген Қайыржан Ермекұлы жастардың белсенділігіне оң бағасын берді.

Жиын барысында БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңді­ғалиев жастар арасындағы белсенді азаматтарды атап өтіп, өз атынан алғысхаттармен марапаттады. Құрметке ие болғандар қатарында қайырымдылық шараларына белсене қатысып жүрген ерікті, жас кәсіпкер Дана Ермұханова, жиһаз цехын дамытып отырған кәсіпкер, меценат Ербол Аяпов, құс шаруашылығын жолға қойып, мемлекеттік грант иегері атанған Манас Асылханұлы және тәртіп сақшысы, полиция қызметкері Оразғали Оразымбетов бар. 

«Ауыл LIFE» жобасы аясында белгілі шаштараз Берік Қайырша «Қайшыдағы креатив», SMM маман, блогер Әдемі Жарасова «Біздің әлем», блогер, қолөнер шебері Даражат Хапарова «Балаларымызды бүгіннен дамытайық» тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар жоба қатысушылары аудандық тарихи-өлкетану музейімен және аудандық орталықтандырылған кітапханамен танысты. Ал 8 тамыз күні жоба қатысушылары өзара бақ сынап, ұлттық құндылықтарымыз бен ауыл тіршілігін дәріптеді. «Сауып ішкеннің дәмі бөлек» бөлімінде қыздар сиыр сауу шеберліктерін көрсетіп, ауыл тұрмысының маңызды дағдыларын паш етсе, «Қастерлі кәсіп» бөлімінде жігіттер қой союдың дәстүрлі әдістерін көрсетіп, етті мүшелеу мен өңдеудің қыр-сырын таныстырды. Келесі бөлімде арулар ұлттық тағамдарды дайындап, дәмі тіл үйірер ас мәзірін ұсынды. Ал «Бірлік күш береді» бөлімінде арқан тартысып, командалық ойын арқылы қатысушылар бірлік пен күштің маңызын көрсетті. «Ат – ер қанаты» демекші, жігіттер атқа құрық салу шеберліктерін көрсетіп, атқа мінудің әдістерін таныстырса, қыздар «Ауылдың ақ дәмі» деп құрт дайындаудың дәстүрлі тәсілдерін көрсетіп, тағамның маңызын түсіндірді. Жігіттер қой көтеру арқылы күш пен төзімділіктерін сынаса, қыз-келіншектер ұршық иіру арқылы қолөнердің нәзік тұстарын көрсете білді. Ләңгі тебу арқылы жігіттер ептілік пен шапшаңдықтары бойынша сынға түсті.

Тартысты өткен жарыста І орынды «Қосөзен» командасы иеленсе, ІІ орынды «Жарқыра» командасы, ІІІ орынды «Рух» командасы қанжығаға байлады.

Жобаның жабылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев жоба ұйымдастырушылары мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.

– Сіздердің еңбектеріңіз ауыл өміріне серпін беріп, жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашты. Осындай жобалар арқылы ауылымыздың әлеуеті артып, жастарымыздың болашағы жарқын боларына сенімдімін. Бірлесіп еңбек етіп, жаңа жетістіктерге жете берейік! – деген аудан әкімінің орынбасары әлемдік ареналарда ел Туын биікте желбіретіп жүрген, самбо және дзюдо спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрбол Серіковке жерлестері атынан тұлпар мінгізді.

Айта кетейік, жоба Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының,  Казталов ауданы әкімдігінің қолдауымен, Zaman жастар қоғамдық бірлестігі және аудандық жастармен жұмыс жөнін­дегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы