Бұл дұрыс. Бірақ қарапайым еңбеккер үшін күнделікті жұмыс орнының қауіпсіз болуы әлдеқайда маңызды. Министрлік жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігін сақтамағаны үшін биыл 500 мыңнан аса хабарлама жіберіпті. Осының өзі саланың әлі де қордаланған түйткілге толы екенін аңғартады. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында тілге тиек еткен болатын. «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі», – деген еді Президент. Осыдан-ақ еңбек қауіпсіздігінің, жұмысшылардың құқығын қорғаудың маңыздылығын сезіне аламыз.
Еңбек адамының өлшеусіз үлесін ел алдында ұлықтаудың өз салмағы мен маңызы бар. Бірақ өндіріс орнында бір жазатайым оқиғаның өзі адам тағдырын түбегейлі өзгертіп жібереді. Ендеше қарапайым еңбеккер үшін сахнадағы қошеметтен, кеудедегі төсбелгіден немесе қолтыққа қыстырылған алғыс хаттан бұрын қауіпсіздік техникасына қатысты темірдей тәртіп пен жұмыс орнындағы жауапкершілік қымбат.
Бұл ретте «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында жұмыс орындарының қауіпсіздігіне баса мән берілуі – қоғамның ең өзекті мәселелерінің біріне жауап іздеген қадам. Бұл бағыт тұғырнаманың 3-ші мақсаты ретінде белгіленген. «Жұмыс істеймін деген әр адамға жұмыс табылсын. Лайық жалақысы бар 1 млн сапалы жұмыс орнын құрамыз. Әр жұмыс орны – ресми еңбек шарты, қауіпсіз еңбек жағдайлары және нақты зейнетақы аударымдары. Әр жұмыскердің құқығын қорғау үшін кәсіпорындардың бәрінде еңбек қатынастарына цифрлық мониторинг жасалады», – делінген сайлауалды бағдарламада.
Құжатта әр жұмыскердің құқығы қорғалуға, еңбек етіп жүрген әр адам қорғаулы болуға тиістігі нықталды. Еңбекақы, еңбек шарты және әлеуметтік аударымдар – жұмыс берушінің таңдауы емес, әр қызметкерге берілетін негізгі кепілдік. Партия бұл талаптардың кәсіпорынның көлеміне немесе жұмыспен қамту түріне қарамастан баршаға бірдей міндетті болуына қол жеткізбек. Себебі қауіптің үлкен-кішісі болмайды. Қауіпсіздікке салғырт қараған шағын цех та, алып өндіріс орны да адам өміріне бірдей қауіп төндіруі мүмкін.
Қазақстанның көшбасшы партиясының сайлауалды бағдарламасында атап өтілгендей, мемлекет пен жұмыс берушінің міндеті – әр қызметкердің жұмыс орнындағы қауіпсіздігіне сеп болу. Мемлекет енді өндіріс нысандарын аттестаттау жүйесінен кәсіптік қатерлерді бағалау жүйесіне көшеді. Сол арқылы қауіп-қатер көздерін адам мертігіп не мерт болмай тұрып танып, олардың алдын алатын нақты шараларды қолдануға болады. Қауіптің алдын алу – қайғылы оқиғаның салдарын сауатты жоюдан әлдеқайда өркениетті, әлдеқайда адамгершілікті жол.
«2031 жылға қарай өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру берілген жұмыскерлер үлесін 90%-ға жеткіземіз. Жазатайым оқиғадан зардап шеккен адамның отбасы сотқа жүгініп, мекеме жағалап жүрмей-ақ, лайық қолдауды дер кезінде алуға тиіс. Сақтандырудың қатерге қаратылған моделін енгіземіз. Еңбек қауіпсіздігіне инвестиция құятын және жарақаттану үнемі азайтып отыратын жұмыс берушілерге төмендетілген тарифтер мен сақтандыру бонустарын беруді қарастырамыз», – делінген «Әділеттің» сайлауалды бағдарламасында. Яғни қауіпсіздік мәдениеті жазамен ғана емес, жауапкершілікті ынталандырумен де орнығуы қажет. Осы және басқа өзгерістер еңбек қауіпсіздігін күшейтудің келесі реформасына тұғыр болмақ.
Тәртіпсіздік құны – адам өмірі
Әйткенмен, еңбек адамдарының өмірі мен денсаулығын қорғау әлі де күн тәртібіндегі ең өткір мәселе екенін көрсететін ащы шындық бар. Күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мал шаруашылығы кәсіпорнында бір топ адамның қаза болуына жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін анықтады. Арнайы комиссия AQTOGAI MILK ЖШС-дағы топтық жазатайым оқиғаға жүргізілген арнайы тексерудің қорытындысын шығарды. Бұдан бұрын, 2026 жылғы 20 шілдеде Павлодар облысындағы AQTOGAI MILK кәсіпорнында алты жұмысшы қаза тапқан еді.
Тексеру барысында кәріз құдығында жұмысшылардың бірі күкіртсутегінен уланғаны анықталған. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар құдыққа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің улау әсерінен қаза тапты. Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін, қажетті жеке қорғаныш құралдарымен жабдықталмағанын әшкереледі.
Сонымен қатар кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай туындап, құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейі де қамтамасыз етілмеген. Демек, оқиға бір ғана күндегі қателіктен тумаған. Мұнда алдын ала оқыту, қорғаныш құралдары, қауіпсіздік тәртібі, авариялық жағдайға дайындық секілді бірнеше қорғаныс шебі қатарынан әлсіреген. Ал еңбек қауіпсіздігі дегеніміз – адам өмірін әр кезеңде қорғайтын тұтас жүйе болуға тиіс.
«Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші – AQTOGAI MILK ЖШС-ның кінә дәрежесі 100 пайыз деп белгіленді. Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу жөнінде ұсынымдар әзірленді», – деп түсініктеме берді ведомство.
Министрлік Павлодар облысының және басқа да өңірлердің жұмыс берушілерін қауіптілігі жоғары жұмыстарды, оның ішінде құдықтарда, резервуарларда және басқа да жабық кеңістіктерде жүргізілетін жұмыстарды қауіпсіз ұйымдастыруға ерекше назар аударуға шақырды. Еңбекмині кәсіпорындарды «жұмысшыларын қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге, оларды жұмысты қауіпсіз орындау әдістеріне тиісті деңгейде оқытуға, сондай-ақ апаттық жағдай туындаған кездегі іс-қимылдарға және құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындауға ерекше көңіл бөлуге» үндеді. Қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – жұмыс берушінің тікелей міндеті әрі жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі шартының бірі. Бір құдықтың түбінде қалған алты өмір осы қарапайым ақиқаттың құны тым қымбатқа түсетінін көрсетті.
Бақылау бар жерде тәртіп бар
Мұндай жөнсіздіктер жекелеген кәсіпорынмен шектелмейтінін өндірістік жарақат статистикасы паш етті. Еңбек министрлігінің Еңбек инспекциясы комитеті еліміздің барлық өңіріндегі 500 мыңнан астам жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды күшейту бойынша ұсыным-ескертпе жолдады. Ведомство бұл шара профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, жұмыс орындарындағы тәуекелдерді уақтылы анықтауға, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталғанын мәлімдеді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ел кәсіпорындарында 727 жұмысшы зардап шекті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,5%-ға күрт өскен. Ауыр жарақат алған жұмысшылар саны 409-дан 476 адамға жетіп, бірден 16,4%-ға ұлғайды. Әр санның артында жұмысшының денсаулығы, отбасының тағдыры, тіпті кейде бүкіл әулеттің әлеуметтік жағдайы тұр.
Өндірістік жарақаттанудың негізгі себептері белгілі. Еңбекминінің түсіндіруінше, жұмыстарды қауіпсіз орындауды тиісті деңгейде ұйымдастырмау, қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау жасамау, ақауы бар жабдықтарды пайдалану, қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде талаптарды бұзу – негізгі себептердің қатарында.
Бұдан бөлек, нұсқамалар өткізуге, жұмысшыларды оқытуға формалды қарау, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеу немесе оларды пайдаланбау, жұмыс орындарының жағдайына жеткіліксіз бақылау жасау да жазатайым оқиғалардың туындауына ықпал етеді. Демек, мәселенің түп-тамыры көбіне жаңа, күрделі технологияның тілін білмеуден емес, қарапайым тәртіптің сақталмауынан шығады.
Сондықтан Еңбекмині жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, олар мынаны қамтамасыз ету қажет: біріншіден, еңбек қатынастарын тиісті түрде ресімдеу және Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) еңбек шарттары туралы мәліметтерді уақытылы енгізу. Екіншіден, заңнамаға сәйкес жұмыс міндеттерін атқару кезінде жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру.
Үшіншіден, қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптары бойынша оқытуды, нұсқамаларды және білімді тексеруді тұрақты түрде өткізуі керек. Төртіншіден, міндетті медициналық тексеруден өтуді қамтамасыз етуге тиіс. Бесіншіден, жұмысшыларды жеке және ұжымдық қорғаудың ақаусыз құралдарымен қамтуы қажет. Алтыншыдан, жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекелдерді анықтауға және төмендетуге кеңес берілді. Жетіншіден, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі қызметтер мен мамандардың, өндірістік кеңестердің және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың тиімді жұмысы маңызды.
Сонда ғана ішкі бақылау қағаз жүзіндегі есептен нақты қорғаныс жүйесіне айналады. Сарапшылар тиісті бақылау болмаса, кейбір жұмыс беруші өмірлік маңызды талаптарға мән бере бермейтініне назар аудартады.
– Басшының негізгі міндетінің бірі – қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Мен қауіпсіздік техникасына қатысты құжаттарды жаңартып, өндірістік процестердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шешімдерді енгізуге қатысамын. Әрбір қызметкердің жұмыстан кейін үйіне аман-есен, дені сау күйде оралғаны мен үшін маңызды. Бұл кез келген жұмыс берушінің басты мақсаты мен басымдығына айналғанда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз, – дейді ақтөбелік еңбекті қорғау маманы Тойған Бекеева.
Т.Бекеева мұнай саласында 38 жыл еңбек еткен маман: кәсіби жолын сылақшы болып бастап, бүгінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық басшының орынбасары қызметіне дейін өсіпті. Ол өз қағидасын іспен дәлелдеп, Кеңқияқ кен орнында жеке медициналық пункт ашу жұмысына атсалысты. Сондай-ақ биіктікте жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған отандық жеке қорғаныш құралдарын сынақтан өткізген. Бүгінде Тойған апай өз мамандығы бойынша елге қызметін жалғастырып, жас мамандарды баулып, ақыл-кеңесін айтып, жинақтаған тәжірибесін бөлісіп келеді. Оның еңбек жолы қауіпсіздік мәдениетінің жылы кабинетте емес, өндірістің өз ішінде қалыптасатынын дәлелдейді.
Еңбек қауіпсіздігінің жаңа өлшемі
Ақпарат ғасырында еңбек қауіпсіздігі деген ұғымның өзі өзгеріп келеді. Бұрын жұмыс орнындағы қауіп дегенде ең алдымен станок, биіктік, электр желісі, улы зат, шахта ойға келетін. Енді оған экранның ар жағындағы қатер қосылды. Себебі қазіргі кәсіпорынның тынысы цифрлық жүйемен тікелей байланысты. Өндірісті басқару, қаржы, қызметкерлердің деректері, құжат айналымы, байланыс арналары, тіпті пилотсыз жүк және карьер көліктері – бәрі-бәрі ақпараттық кеңістікке тәуелді. Осы себепті 25 тамыздан бастап жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздік талаптарымен таныстыруға да міндеттелді.
Бұл – 2026 жылғы 24 маусымдағы №326-VIII заңмен Еңбек кодексіне енгізілген жаңа нормалардың бірі. Кодекстің 22-бабына «киберқауіпсіздік» деген сөз қосылды. Енді қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау, өрт, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ғана емес, киберқауіпсіздік талаптарын да сақтауға міндетті.
Ал 23-бап жаңа 25-1 тармақшамен толықтырылды. Оған сәйкес жұмыс беруші қызметкерлерді киберқауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі жұмыс беруші актілерінің талаптарымен таныстыруға, олардың орындалуына ішкі бақылау жүргізуге міндетті. Яғни киберқауіпсіздік енді ІТ бөлімінің ғана шаруасы емес. Ол еңбек тәртібінің құрамына кірді.
Бұдан былай кәсіпорында киберқауіпсіздік талаптары болуға тиіс. Жұмыс беруші ереже, нұсқаулық немесе ішкі еңбек тәртібі қағидаларының тиісті бөлімін қабылдауы, оны өзектендіруі қажет. Содан кейін барлық қызметкерге қол қойғыза отырып, онымен таныстыруға, талаптардың сақталуына ішкі бақылауды жолға қоюға тиіс.
Киберкеңістік пен өндіріс тоғысқан жаңа дәуірде еңбекті қорғау мәдениетін жаңа сатыға көтеру – басты міндет. Әрбір кәсіпорын қауіпсіздікті қып-қызыл шығын емес, болашаққа құйылған ең маңызды инвестиция ретінде түсінгенде ғана түбегейлі өзгеріс орнайды. Елдің экономикалық қуаты миллиондаған жұмысшының денсаулығы мен амандығына тікелей байланысты.
Елдос СЕНБАЙ