Aikyn.kz гуманоидтардың адамның жұмыс орындарын тартып алу әлеуетін CNBC телеарнасының материалына сүйеніп бағалайды.
Биыл технологиялық тұрғыдан айтарлықтай жетілген гуманоид роботтар ChatGPT-ге ұқсас инвестиция мен танымалдыққа ие болуы мүмкін. Робототехника саласының көптеген өкілдері осылай дейді.
Гуманоид роботтар – сыртқы түрі мен қимыл-қозғалысы адамға ұқсайтын, жасанды интеллектпен басқарылатын машиналар. Олар өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында кеңінен қолданылмақ. Бұл құрылғыларды жасаушы қытайлық компаниялар бірнеше жыл бойы технологияны құпия дамытып келген. Енді олар өз өнімдерін әлемге кеңінен таныстыруға дайын екендерін мәлімдеуде.
Бейсенбі күні (11 қыркүйек) Сингапурда өткен панельдік пікірталаста Бейжіңнің Гуманоид робототехника инновациялық орталығының бас менеджері Сюн Юцзюнь былай деген:
«Біздің салада гуманоид роботтарға қатысты ChatGPT сәті туғаны жөнінде консенсус бар. Биыл – гуманоид роботтардың жаппай өндірісінің алғашқы жылы».
Сонымен бірге Сюн Юцзюнь – UBTech робототехника компаниясының бас технологиялық директоры әрі бас атқарушысы. Оның айтуынша, механикалық «денелер» мен жасанды интеллект «миының» екеуінде де қарқынды прогресс байқалады.
Қытай стартаптар өнімдерін нарыққа шығарып, гуманоид бағытындағы үстемдіктерін күшейтіп келеді. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Visual China Group
Алғашқы «ChatGPT серпілісі» 2022 жылдың қарашасында басталғаны белгілі. OpenAI қоғамға өзінің революциялық генеративті чат-ботын ұсынған соң, ірі тілдік модельдер жаппай енгізіліп, олардың әлеуеті кеңінен мойындалды. Бұл жетістікті қайталағысы келетін робототехника ойыншыларының қатарында Tesla-ның Optimus жобасы да бар. Ал Қытайда Unitree, Galbot, Agibot және UBTech Robotics секілді стартаптар өнімдерін нарыққа шығарып, гуманоид бағытындағы үстемдіктерін күшейтіп келеді.
Гуманоид роботтар генеративті ЖИ секілді кең таралмаса да, сарапшылар бұл технологияның алдағы бірнеше жылда жаһандық экономикаға айрықша ықпал ететініне сенеді. Қазірдің өзінде «ақылды» роботтар зауыттардан бастап технологиялық конференциялар мен спорттық шараларға дейін әр жерде көріне бастады.
Tesla-ның бас директоры Илон Маск биыл компания 5 000 Optimus роботын шығаратынын және бұл технология болашақта электромобиль өндірушінің бизнес құрылымындағы ең табысты сегментіне айналатынын мәлімдеді.
Қытайлық гуманоид өндірушілер де өз роботтарының қазірдің өзінде зауыттарда және коммерциялық мақсатта пайдаланылып жатқанын айтады.
Сингапурдағы жиында Galbot компаниясының стратегия директоры Чжао Юйли стартаптың түрлі бизнес салаларында мыңға жуық роботты енгізгенін хабарлады. Жергілікті медиа құралдардың мәлімдеуінше, UBTech Robotics пен Galbot секілді компаниялар жергілікті зауыттарға роботтарын орнатқан. Чжаоның сөзінше, мұндай өзгерістер инвесторлардың қызығушылығын туғызып, мемлекеттік қолдауға ие болуда. Жылдам прогрестің себебі – робототехника мен генеративті ЖИ технологияларының дамуы болып тұр.Сала мамандары биылғы бірқатар конференциялар мен іс-шараларда технологиялық ілгерілеудің айқын көрсетілгенін атап өтуде. Қытайдағы Гуманоид робототехникасының дүниежүзілік ойындарында роботтар практикалық сценарийлерде сынға түсті.
Galbot фармацевтикалық өнімдерді сұрыптау байқауында бірінші орын алып, робототехника дағдылары бойынша жарыста алтын медаль иеленді. Қытай гуманоидтарының икемді әрі шебер қозғалуы марафондар мен бокс кездесулері сияқты спорттық шараларда да көрсетілген.
AI Robotics компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Го Яньдун айтуынша, жетілген генеративті ЖИ-дің арқасында роботтар алдын ала жоспарланған бағдарламаға сүйенбей, тәжірибе арқылы үйренетін дәрежеге жеткен. Яғни, роботтарды қолдану аясы жылдам кеңейетін болады.
Осындай жетістіктерге қарамастан, кейбір сарапшылар роботтарды өндіріске жаппай енгізу жақын арада болмайды деп санайды.
Генеративті ЖИ-дің арқасында роботтар алдын ала жоспарланған бағдарламаға сүйенбей, тәжірибе арқылы үйренетін дәрежеге жеткен. Фото cnbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Nurphoto
«Гуманоидтар ChatGPT сәтіндегідей бірден қаптап кетпейді. Олар мүмкіндіктері артқан сайын біртіндеп көбірек позицияларды иеленеді», – дейді SemiAnalysis жасанды интеллекті зерттеу компаниясының өкілі Рейк Кнухтсен.
Оның ойынша, гуманоидтар алдымен тәуекелі төмен әрі ақауға төзімді міндеттерге тартылуы ықтимал. Ол робототехникада өндіріс мерзімдері ұзақ және шығындар жоғары екенін айтады. Осындай факторлар «ақылды» роботтарды енгізу қарқынын баяулататыны анық.
UBTech басшысы Сюн Юцзюнь де саланың алдында этикалық мәселелер, заңдар мен реттеулер сияқты шешілуі тиіс кедергілер барын мойындайды.
«Гуманоидтарға арналған нарықтық мүмкіндік орасан. Әрі ол ЖИ-дің тапсырмаларды қаншалықты жақсы атқаратынына тәуелді. Егер технология өз әлеуетін ақтаса, әлемнің түкпір-түкпіріндегі көптеген еңбек үдерістерін өзгертуге мүмкіндік бар», – дейді Рейк Кнухтсен.
Merrill Lynch сарапшыларының зерттеуінде, былтырғы 2 500 бірлікпен салыстырғанда, 2025 жылға қарай әлемдік гуманоид робот жеткізілімі 18 000 жетеді деп көрсетілген. Сондай-ақ 2060 жылға қарай жаһандық «робот популяциясы» 3 миллиардқа дейін ұлғаяды деген болжам келтірілген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.