Бастама қазірдің өзінде өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, соңғы бір жылда шетелдік студенттер 30 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсап, ел экономикасына өз үлесін қосқан. Демек, бұл бағыт тек академиялық бедел мен әралуан мәдениетті арттыруға емес, сонымен қатар экономикалық әлеуетті күшейтуге де ықпал етуде. Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2024-2025 оқу жылында еліміздегі жоғары оқу орындарында 28,5 мың шетелдік студент білім алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға көп. Мұндай өсім тек оқу саласының ғана емес, тұтастай экономиканың дамуына да әсер етіп отыр.
Туризмнің түрі көп, ал оның ішінде бүгінде белең алған бір үрдіс – академиялық туризм. Әлем елдері, әсіресе Канада, Аустралия, Ұлыбритания сияқты мемлекеттер, халықаралық білім нарығын табыс көзіне айналдырған. Студенттер болса білім экспортының басты драйверіне айналып отыр. Қазақстан да осы бағытқа бет бұрды.
ЮНЕСКО-ның статистикалық деректеріне сүйенсек, XXI ғасырдың басында халықаралық студенттік мобильділік айтарлықтай өскен. 2000 жылы шетелде оқитын студенттердің жалпы саны 2 миллион болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 6 миллионнан асты.
Мұнша азамат қай өңірдің тұрғыны болды дерсіз. Бұл туралы жоғары оқу орнына түсу бойынша маман Алина Өмірзақ мынадай сипаттама берді.
– Географиялық таралу бойынша таразыласақ, ең негізгі «донор» елдер – Қытай, Үндістан, Вьетнам, Нигерия және Пәкістан, ал негізгі қабылдаушы елдер – АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Канада және Германия болып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2022 жылы шетелдік студенттердің төрттен бірі білім алу үшін ағылшынтілді елдерді таңдаған. Азия және Шығыс Еуропа білім орталықтарынан бәсекелестік күшейгеніне қарамастан, АҚШ пен Ұлыбританияда жетекші орындар сақталған. Дәл осындай дәстүрлі академиялық орталықтар (АҚШ, Ұлыбритания, Канада) әлі де нарықтың едәуір бөлігін ұстап тұрғанымен, білім беру қызметтерінің аймақтану үрдісі байқалады. Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері өздерінің ұлттық білім беру жүйелерін дамытуға, халықаралық стандарттарға сай академиялық бағдарламалар мен инфрақұрылым жасауға елеулі инвестициялар салуда, – дейді ол.
Future marketing insights орталығының сарапшылары 2025 жылы аталмыш нарық көлемі 754,6 миллиард АҚШ долларына жетеді деп болжап отыр, ал 2035 жылға қарай ол 3,7 трлн долларға өседі деп күтілуде. Бұл болжам кезеңінде саланың орташа жылдық өсімі 17,2% болмақ.
«Білім беру туризмі, яғни тәжірибе алу мақсатында жасалатын сапарлар, қазіргі таңда қарқынды дамып келеді. Себебі студенттер, мамандар және тұрақты түрде білім алғысы келетін адамдар барынша шетелде білім алу мүмкіндіктерін қарастырады. Бұл нарыққа оқу сапарлары, мәдени алмасу бағдарламалары, тілдік ортаға ену курстары және кәсіби біліктілікті арттыру бағдарламалары кіреді. Нарықтың өсуіне білім беру саласындағы жаһандану мен мәдениаралық оқуға сұраныстың артуы елеулі әсер етуде. Халықаралық білім беру мекемелеріне қолжетімділіктің кеңеюі студенттерді шетелде білім алып, жаңа тәжірибе жинауға ынталандырады, – дейді сараптама орталығының мамандары.
Бұл тренд арқылы біреу білімін толықтырса, жоғары оқу орындары қазынасын толтырады. Өйткені шетелдік студенттер төлейтін оқу ақысы университеттердің бюджетіне тікелей түседі, бұл өз кезегінде инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа зертханалар мен оқу бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, халықаралық аккредитация алған университеттер шетелдік түлектерге арналған жаңа виза жүйесін ұсынуда. Салалық ведомство басшысы Саясат Нұрбек атап өткендей, бұл іс-шара шетелден келген үздік түлектердің елде қалып, еңбек нарығына қосылуына жағдай жасайды. Демек, білім – тек әлеуметтік сала емес, экономикалық ресурстың да қуатты көзіне айналуда.
«Министрліктің стратегиясында 2028-2029 жылдарға қарай шамамен 100 мың шетелдік студентке қызмет көрсету жоспары бар. Алдын ала есеп бойынша, бұл елдің жоғары білім беру жүйесіне жыл сайын шамамен 1 триллион теңге кіріс әкеледі. Осылайша, біз университеттеріміздің дамуына арналған бюджет қалыптастырамыз. Қазір біз шетелден келетін студенттер санын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – жақсы табыс көзі. Биылғы оқу жылында Қазақстанға 31,5 мың шетелдік студент келіп, шамамен 30 миллиард теңге әкелді. Бұл – тарихи рекорд», – деді ол.
Көбіне шетелдік студенттер тек қазақстандық емес, халықаралық деңгейде мойындалған университеттерді таңдайды. Олардың 90%-дан астамы инженерлік-техникалық бағыттарды, мысалы: ауыл шаруашылығы, энергетика, машина жасау, көлік және смарт-технологиялар саласында оқиды.
Министрдің сөзінше, студенттердің ішінде 12 мыңнан астамы Үндістаннан келген. Сонымен қатар биыл Ресейден 3 мыңнан астам, Қытайдан 2 мыңнан астам жас оқуға келген. Моңғолиядан да студенттердің ағымы артып жатыр. Бұған қоса Нигерия, Франция, Германия, Италия, АҚШ пен Аустралиядан алғаш рет студенттер келді.
Экономистердің есебінше, бір шетелдік студенттің жылдық тұтыну шығыны орта есеппен 4-6 мың АҚШ долларын құрайды. Ал халықаралық статистикаға қарасақ, бір шетелдік студент орта есеппен бірден бір жарым жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Бұл қаражат қоғамдық тамақтану, көлік, киім, тұрмыстық техника мен мәдени қызмет салаларына жұмсалады. Сонымен қатар халықаралық студенттердің көп келуі арқылы Қазақстан мәдени тұрғыда да ашық, толерантты қоғам бейнесін қалыптастырады. Бұл, өз кезегінде, туристік және имидждік тұрғыда елдің тартымдылығын арттырады.
Бұл қарапайым туристік сапардан әлдеқайда тиімді, себебі студенттер оқумен қатар күнделікті тұрмысына ақша жұмсайды. Биылғы жылы 31,5 мың шетелдік студент жатақхана жалдау, тамақтану, көлік, бос уақыт және білім беру қызметтері арқылы Қазақстан экономикасына қосымша кіріс әкеліп отыр.
Алматы, Астана және Шымкент қалаларында студенттер санының артуы пәтер жалдау нарығына да әсер етеді. Себебі шетелден келген студенттердің көбісі пәтер немесе бөлме жалдайды, бұл сұранысты күшейтіп, жалдау құнының өсуіне түрткі болды.
Бірақ бұл үрдістің жағымды жағы да бар: университеттер жаңа жатақхана салуға, жеке инвесторлар студенттік кампустарға қаржы салуға қызығушылық танытуда. Осылайша, білім беру инфрақұрылымы тек оқу орындарының емес, құрылыс және қызмет көрсету салаларының да дамуына жол ашып отыр. Егер Қазақстан шетелдік студенттер үшін қолайлы экожүйе қалыптастырып, академиялық сапа мен тұрмыс жағдайын тең үйлестіре алса, онда ел тек аймақтық емес, халықаралық білім орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар.
Кәмила ДҮЙСЕН