Бұл ретте елде негізінен тозығы жеткен 900 мыңдай баллон айналымда жүр. Қайғылы оқиғалар қайталана бермеуі үшін ТЖМ өз шараларын қабылдаған, өзгеріс шамалы. Енді Энергетика министрлігі төл реформасын бастады. Оның бастамасы несімен ерекшеленеді және қандай өзгерістерді қарастырады?
Жарылысқа жеткізген жүйесіздік
Тұрмыстық газ баллондарының қауіпсіздігі – жылдар бойы қордаланған, әрбір қайғылы оқиғадан кейін қайта-қайта күн тәртібіне шығатын мәселе. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, қазіргі кезде ел аумағында көлемі 27 және 50 литр болатын 875-900 мыңнан астам тұрмыстық газ баллоны айналымда жүр. Олардың едәуір бөлігі көнерген: осыдан 40-50 жыл бұрын өндірілген. Демек, қазіргі тұрмыста пайдаланылатын газ құтыларының біразы нормативтік қызмет мерзімін әлдеқашан түгескен.
Бірақ мамандардың түсіндіруінше, қарапайым бұқараға төнген қауіптің үлкені тек жабдықтың ескіргенінде емес, оның әрқайсысының нақты жай-күйін жайып салатын сенімді деректің жоғында. Яғни өзекті, ағымдағы статистиканы тіпті құзырлы органдар да жете біле бермейді. Мұның соңы ел қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғаларға соқтырады. Ресми мәлімет бойынша 2023 жылы тұрмыстық газ баллондарына байланысты 128 жарылыс тіркеліп, 167 адам зардап шекті, 21 адам қаза тапты.
2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың бірінші жартысында да Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрғын үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарындағы оқыс оқиғалар туралы хабарлары толастамады. Соның ішіндегі ең ауыры 2026 жылғы 26 ақпанда елді дүрліктірді: Щучинск қаласында болған зұлмат жарылыстан 11 адам мерт болды.
Мәселенің түп-тамырына үңілсек, Қазақстанда газдандыру деңгейі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 60 пайыздан асқанымен, ауылдық елді мекендерде, қалалардың бірқатар ауданында, қаптаған саяжайларда, шағын кәсіпкерлік нысандарында баллондық газбен қамту әлі де маңызды рөл атқарады. Энергетика министрлігі мамандарының пайымдауынша, қолданыстағы баллондардың нақты саны мен техникалық жағдайы жөнінде толық мәліметтің болмауы қауіпсіздік шараларын жоспарлауды қиындатады.
Есеп жоқта есендік жоқ
Саланы ретке келтіріп, тәртіп орнату мақсатында Энергетика министрлігі тұрмыстық баллондарға толтырып сатылатын сұйытылған мұнай газын таңбалауды және қадағалауды енгізбек. ЭМ Сұйытылған мұнай газы басқармасының бас сарапшысы Әсел Жақыпованың айтуынша, міндетті таңбалау жүйесі еліміздегі тұрмыстық баллондардың қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл бастама алдымен республиканың барлық өңіріндегі әрбір газ баллонының нақты санын, оның қозғалысын және ішіндегі газ көлемін түгелдей бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық есеп жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар жарамсыз, нормативтік мерзімін өткерген немесе техникалық сынақтан өтпеген қауіпті баллондарды айналымнан түпкілікті шығару арқылы азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді сейілту басты назарда тұр. Бұдан бөлек, жаңа реформа сұйытылған мұнай газының заңсыз айналымын азайтып, арнайы жабдықталмаған орындарда, соның ішінде автокөліктерге газ құю стансаларында баллондарды заңсыз толтыру әрекеттеріне түбегейлі тосқауыл қоймақ. Нарықтың ашықтығын арттырып, көлеңкелі нарықпен күресті күшейтіп, адал кәсіпкерлер үшін тең бәсекелестік ортасын қалыптастыру және бизнес үшін тауар айналымы туралы есеп беру процесін айтарлықтай жеңілдету де осы жобаның басты міндетінің бірі.
Мұның сыртында саланы тиімді бақылау мен нақты жоспарлау үшін тұтынылатын газ көлемі туралы жедел ақпарат алып, толтырылған газ баллондарының қайда бағытталғанын қадағалап, оның орнатылатын мекенжайын қатаң тіркеу міндет. Сонда әрбір әкімдік пен жергілікті төтенше жағдай мекемелері нақты қай үйдің және ғимараттың газды осындай күйде қолданатынын нақты білетін болады. Әйтпесе, мамандардың мәліметі бойынша «тілсіз жаумен» күреске аттанған өрт сөндірушілер нысанда газ баллондарының бар-жоғын алдын ала біле алмай, басын қатерге тігуге мәжбүр. Мемлекет те елдегі сұйытылған газды тұтыну көлемін жедел бақылап, саланы жоспарлау мен реттеуде нақты деректерге сүйене алады. Яғни таңбалау – жай ғана баллонға белгі жапсыру емес, былыққан, бейберекет нарықты бақыланатын жүйеге айналдыруға талпыныс.
Тұрмыстық баллондағы сұйытылған мұнай газына міндетті таңбалауды 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың басы аралығында енгізу жоспарланған. Осы орайда таңбалау процестерінің бірыңғай алгоритмі ұсынылып отыр. Ол бірнеше негізгі кезеңді қамтиды. Біріншіден, баллон айналымына қатысушылар – газ толтыру пункттері мен стансалары Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркелуге тиіс.
Екіншіден, олар баллондарға арналған тростық пломбалар, сондай-ақ сұйық газдың таңбалау кодын басуға қажетті пластик пломбалар сияқты шығыс материалдарын сатып алуға тиіс. Үшіншіден, елдегі барлық баллон Таңбалау мен қадағалау ақпараттық жүйесінің каталогына енгізіледі. Әрбір баллонға жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) тағайындалады. Төртінші қадам ретінде қатысушылар сұйытылған газдың таңбалау кодтарына тапсырыс беруге міндетті. Олардың тапсырысы негізінде оператор кодты генерациялайды және кодтарды арнайы биркаға түсіреді.
Бесіншіден, газ толтыру барысында баллонның сәйкестендіру коды мен газдың таңбалау коды өзара байланыстырылады, екеуі бір арнада тоғысады. Басқаша айтқанда, мемлекет қандай баллонға қай жердің газы қанша рет құйылғанын нақты біле алады. Соңында толтырылған баллон тұтынушыға табысталып, жүйеде енді тұтынушының деректері тіркеледі. Тиісінше, қандай отбасының немесе бизнес нысанының баллондағы көгілдір отынды тұтынатыны анықталады. Бұрын баллонның тарихын анықтау үшін тозған, өше бастаған зауыттық нөмірге үңілуге немесе қағаз құжатқа жүгінуге тура келсе, жаңа тәсіл әрбір құтының цифрлық ізін қалыптастыруға бағытталған.
Мұндай алгоритм баллонның өмірлік циклін – зауытта жасаудан және тіркеуге алудан бастап газбен толтыруға, пайдалануға, айналымнан шығаруға дейінгі кезеңдерді бақылауға мүмкіндік беруге тиіс. Дегенмен цифрлық есеп ескі баллон орнына жаңасын жасамайды, ақаулы жабдықты жөндемейді. Оның құндылығы – қауіпті анықтауға, қолданыс мерзімі аяқталған жабдықтың қолданылуын әшкерелеуге және жауапкершілікті нақтылауға жағдай жасауында. Жүйе тиімділік әкелуі үшін цифрлық таңба есептің тағы бір түрі болып қалмай, күнделікті өндірістік тәртіптің ажырамас бөлігіне айналуы қажет.
Сынақ тұрақты талапқа айналмақ
Айта кетер жайт, міндетті таңбалауға бірден көшпес бұрын Үкімет былтыр тұрмыстық баллондарда сатылатын сұйытылған мұнай газының таңбалануы мен қадағалануы бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырды. Тиісті жоба Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қол қойған бұйрық негізінде іске қосылған болатын. Сынақ аясында таңбалау кодтарын енгізу тәсілдері, мемлекеттік жүйені қолданыстағы бизнес-процестермен интеграциялау және айналымға қатысушылардың операциялық қызметіндегі ықтимал өзгерістер пысықталды. Пилоттық жобаны Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы – Tañba компаниясымен бірлесе жүргізді.
«2025 жылғы 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейінгі аралықты қамтыған пилоттық жобаның нәтижелері аталған тетікті енгізуге айтарлықтай кедергілердің жоқ екенін көрсетті. Эксперименттер сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарда сататын газ толтыру стансалары (ГТС) мен газ толтыру пункттерінің (ГТП) кәсіпорындарында қатар жүргізілді», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Осы қорытынды міндетті таңбалауды жаппай енгізу жөніндегі келесі қадамға негіз болмақ. Әйткенмен, пилоттық жобада «елеулі кедергінің» анықталмауы жүйенің барлық өңірде, әртүрлі кәсіпорын жағдайында және ұзақ мерзімде тек мінсіз жұмыс істейтінін білдірмейді. Сынақ жаңа тетікті іске асыруға болатынын ғана көрсетті. Ал оның шынайы тиімділігін уақыт пен тәжірибе айқындайды.
Бұған қоса, бизнес қауымдастық бұл салада таңбалаудың енгізілуі онсыз да жыл сайын бағасы көтерілетін сұйытылған газды одан сайын қымбаттатып жіберетінін айтып, дабыл қақты. Өйткені баллондағы газды негізінен, ауылдағы кедей халық, сондай-ақ дәмхана, наубайхана сияқты шағын бизнес тұтынады.
Өз кезегінде Энергетика министрлігі таңбалау газды тұрмыстық баллонмен саудалайтын кәсіпкерлерге қаржылық жүктеме түсіретінін жасырмады. Атап айтқанда, кәсіпкерлер баллондарын сәйкестендіруге арналған металл тростық биркалардың әрқайсысын шамамен 200 теңгеге сатып алуға міндетті. Ары қарай әрбір таңбалау коды түсірілетін пластик биркаларды 30 теңгеден алады. Жоғалтып алса, қайта шығындалады. Бұдан бөлек, баллонға газ толтырған сайын сомасы 15 теңгені (ҚҚС-сыз) құрайтын бақылау-сәйкестендіру белгісі үшін төлем енгізуге тиіс. Мұның бәрі көгілдір отын құнына қосылмақ.
Сонымен қатар таңбалау кодтарын тікелей баллонға басып шығару үшін газ толтыру стансалары мен пункттеріне бағасы ондаған мың теңгеден басталатын, этикетка басып шығаратын арнайы принтер және басқа қажетті жабдықтар жиынтығын сатып алуға жеке мамандарын жалдауға тура келеді. Бұл талаптар баллондардың түпкілікті құнының қымбаттауына әкеліп соқтырады. Салдарынан мемлекеттің қолдауынсыз, нарықтағы қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету қаржылық шығынға ұрынғалы тұр.
Осыдан кейін де көлеңкелі нарықта заңсыз толтыру тәжірибесі сақталса, баллондардың нақты есебі жүргізілмесе, көнелері уақытылы жаңартылмаса және жазатайым оқиғалардың қаупі төмендемесе, «реформаның мақсаты орындалды» деуге келмес. Онда таңбалау тек газ бағасын қымбаттатқан кезекті кесірге айналады.
Бірақ қол қусырып қарап отыру да қауіпті: ескірген баллондар әрі қарай айналымда қала берсе, олардың қозғалысы мен техникалық жай-күйі тіпті құзырлы органдарға белгісіз болса, алдын алуға болатын трагедиялар көбеюі ықтимал. Сондықтан қауіпсіздікке бастайтын тың қадамдар керек. Мемлекет нарықты қазіргі «жабайы» күйінде қалдыра алмайды. Жаңа реформаның шынайы бағасы енгізілген кодтар санымен емес, аман қалған адамдардың өмірімен өлшенбек.
Айхан ШӘРІП