ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті Harmony Rider Technology қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Өздерін АҚШ-та тіркелген және электр самокаттарын өндіретін ірі компания ретінде таныстырып, күдіктілер азаматтарға жоғары табыс уәде еткен.
Алайда іс жүзінде электр самокаттарын сатумен айналыспаған; салымшыларға төлемдер тек жаңа қатысушылардың есебінен жасалған.
Салымшыларға салым сомасына байланысты күніне 12-ден 690 долларға дейін төлемдер ұсынылған. Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қосымша бонус уәде еткен. Нәтижесінде, 115 адам пирамидаға 197 миллион теңгеден астам қаражат салған.
Тергеу кезінде күдіктілер салымшылардың ақшасын OKX крипто әмиянына аударып, одан кейін фиаттық ақшаға айырбастап, банк шоттарына шығарғаны анықталды.
Заңсыз кірістер есебінен Ақтөбе қаласында 2 пәтер мен 3 автокөлік сатып алынып, жасыру мақсатында жақын туыстарына рәсімделген.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы бойынша басқа ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздің 6 өңірінде — Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Астана және Алматы қалаларында HRT қаржылық пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін құру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.