in

Ақтөбеде феррохром өндіруден әлемдік рекорд тіркелді

Рекорд World book оf records (WBR) ұйымында ресми түрде тіркелді және тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен бекітілді. Қазақстандық металлургтер осылайша отандық өндірістің әлеуеті шексіз екенін дәлелдеді.

Рекордты тіркеу барысында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №43 пешінде бір технологиялық циклда 177 тонна жоғары көмір­текті феррохром өндірілді. №4 цехтың  пештері – өз санатындағы  әлемдегі ең қуатты пештердің бірі. Зауыт мамандарының жүзеге асыр­ған бірегей техникалық ше­шімдерінің арқасында жабдық бүгінде жобалық көрсеткіштерден жоғары күшпен жұмыс істейді. Егер орташа алғанда бір осындай пеш шығарылымда 50-60 тонна ферроқорытпа берсе, қазіргі жағ­дайда айтарлықтай үлкен көлем жинақталды. Бұл әлемдік рекорд ретінде бекітілген теңдессіз нәти­жеге негіз болды.

Рекорд орнатуға арналған сал­танатты рәсімге Ақтөбе облы­сы­ның әкімі Асхат Шахаров қатыс­ты. Ол зауыт ұжымын жетістікпен құттықтап, бұл рекорд қазақстан­дық мамандардың жоғары бі­ліктілігінің және өңір мен еліміз­дің зор индустриялық әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.

«Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ақтөбе ферроқо­рыт­па зауыты өнім өндіру көлемі бойынша әлемдік рекорд орнатты. Алғаш рет № 43 пешінде бір тех­нологиялық цикл барысында 150 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді. Бұл тамаша жетістікпен зауыт ұжымын шын жүректен құттықтаймын. Бұл – нағыз еңбек адамдарына тән кә­сібиліктің, табандылықтың, бір­ліктің және рухтың жарқын үлгісі. Зауыт жұмысшылары ыстықта да, суықта да күні-түні аянбай еңбек етіп, өндіріс көлемін әлемдік дең­гейге жеткізді. Кәсіпорын отан­дық өнеркәсіптің халықаралық стандарттарға сай ғана емес, со­нымен қатар сол стандарттарды қалыптастыра алатын қабілеті бар екенін дәлелдеді. Бұл рекорд – тек зауыт пен Ақтөбе өңірінің жеңісі ғана емес, бүкіл қазақстандық өнеркәсіптің әлеуетінің айқын дәлелі», – деді облыс әкімі зауыт ұжымын құттықтай отырып.

Оның айтуынша, бүгінгі оқи­ғаның маңыздылығын арттыра түсетін жайт – Мемлекет басшы­сының Жарлығына сәйкес, биыл­ғы жылды «Жұмысшы маман­дықтар жылы» деп жариялануы. Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда адал азамат, яғни әділ, жауапты әрі еңбекқор азамат бейнесін қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Асхат Шахаровтың айтуынша, осындай жетістіктер еңбек адамының – күн сайынғы еңбегімен ел эконо­микасының қуатын қалыптас­тырып отырған жан­ның – қоғам­­­­дағы құрметін арт­тыруға септігін тигізеді. Бұл – нақты сектор мен маман­дардың жанкешті еңбегі Қазақстан­ның орнықты дамуы­ның сенімді тірегіне айналғаны­ның белгісі.

Рекордты тіркеу тәуелсіз са­рапшылардың бақылауымен, World book of records (WBR) өкіл­дерінің, метрологиялық қызмет­тің және техникалық комиссия­ның қатысуымен өтті. Металл шы­ғары­лымынан оның салқын­дауына, өлшеуіне және құжатта­луына дейінгі әрбір кезең қатаң түр­де бекітілді және сертификат­талған өлшеу құралдарымен расталды.

– Бұл рекорд – нағыз техноло­гиялық жеңіс! Бұл – жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ERG өз көшбасшылығын, тұрақты­лы­ғын және өсу әлеуетін көрсетіп отырғанының жарқын белгісі, – деді ERG S.a.r.l. Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.  

– Бұл жетістіктің артында тек ме­талл, сандар мен жабдық қана тұр­ған жоқ, ең алдымен, бұл – біз­дің адамдар! Қазхром металлург­терінің кәсібилігі, жанкештілігі мен өз ісіне деген сенімі мүмкін емес дүниені мүмкін етті. Еңбек адамдарының жылы аясында бұл рекорд – елдің экономикалық қуатын күн сайын қалыптастырып жүрген жандарға деген құрметтің символы.

– Біз ауыр өнеркәсіп саласын­да рекордтар жиі тіркемейміз – бүгінгі жетістік сонысымен ерек­ше. Бұл оқиға бір кәсіпорынның шеңберінен шығып, Қазақстан­ның технологиялық беделіне ­жә­не түгел өнеркәсіп саласының әле­уетін мойындау, – деді Азия мен Африка елдері бойынша WORLD BOOK OF RECORDS бас­­шысы Қуандық Құдайбергенов.

Марапаттау рәсімі металлург­тер күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бірінде өтті. Ре­кордты тіркеуді растайтын құжат­ты қабылдай отырып, «Қазхром» ТҰК АҚ бас директоры Сергей Прокопьев зауыт командасының үлкен жұмысын атап өтті:

– Бұл – батыл инженерлік ше­шімдер мен шынайы коман­далық жұмыстың нәтижесі. Қаз­хромның 30 жылдығы мен Қазақ­стандағы «Жұмысшы маман­дықтар жылында» осынау жаңалық ел өнеркәсібінің әлемдік деңгейде болуы мүмкін және міндетті еке­нін білдіреді. Ақтөбе зауытының командасымен мақтанамын – сіздер тек максималды көлемді өндіріп қана қойған жоқсыздар, сіздер тарихты  жасадыңыздар, – деді Сергей Прокопьев.

– Әр шығарылымымыз – ко­мандалық жұмыс пен жоғары жауапкершілік. Бірақ осы күні шын мәнінде үлкен нәрсе істеп жатқанымызды түсіндік. Бұл ре­корд – барлық ауысым үшін, за­уыт үшін, – деп атап өтті №43 ре­кордтық пештің бригадирі Ген­надий Кухарь. 

Рекорд орнату Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылы мен «Қазхром» ТҰК АҚ 30 жыл­дығына орайластырылған. 

2024 жылы Қазхром 2023 жыл­мен салыстырғанда өндіріс көле­мін 14%-ке арттырып, 1,85 мил­лион тоннадан астам ферро­қо­рытпа өндіріп, компания тари­хын­дағы ең жоғары көрсеткішке жеткендігін еске салып өтейік.

 

Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ