in

Алыптарды өсірген аялы мекен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық-Батыс автожолын салу арқылы Торғайды түлетуді, өңірді өркендетуді стратегиялық мақсат-міндеттердің алғашқылар қатарына санап отыр.

Президент: «Амандық болса, биыл Қос­танай облысына міндетті түрде барамын. Жоспарымда бар. Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім, Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым. Арқалыққа биыл міндетті түрде барамын. Кезінде уәде бердім, оны орындайтын кез келді. Торғай өңіріне көңіл аудару керек», – деп соңғы жылдары назардан тыс қалған алаң жұрттың үмітін үкілеп қойды. Бұл жаңалық соңғы 100 жыл тарихында қилы кезеңді басынан өткерген Арқалық, Торғай жұртына жаңа серпін, жаңа үміт сыйлады. 

Биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент елдің транзиттік әлеуетін дамыту туралы ерекше айта келе, «Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек» деді. Яғни, ел экономикасының күретамыры саналатын жолдар арқылы аймақтардың әлеуетін көтеру мәселесін Үкіметке нақтылап тұрып тапсырды және Торғай аймағын Үкімет назардан тыс қалдырмауы керек екенін ескертті. 

Президент Жолдауындағы транзит мәселесін сөз етуіміздің себебі –  Транс­каспий халықаралық көлік дәлізіне қосылуға тиіс Орталық-Батыс автожолының «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» бағыты арқылы өтуі керек әуелгі жоспардың бұрмалануы мүмкін деген ақпараттың тарауымен байланысты болып отыр. Әуел­де Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күрежол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба», – деп арнайы тапсырма берген болатын. Бұл жаңалық үмітін үкілеген халықты «Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» қуанышқа бөліп еді. Дегенмен Орталық-Батыс жолын Ұлытау бағытына бұрады екен деген әңгіме Торғай елін толқытты. 

Мәселенің мән-жайын білмекке Торғайдың тумасы, белгілі журналист Анар Төлеуханқызына хабарласқан едік, «Республикалық Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығымен жұмыс тобы жасақталыпты. Ол жұмыс тобы Президенттің төртінші құрылтайда тапсырған Орталық пен Батысты жалғайтын күрежолдың бағыттарын айқындау мақсатында құрылыпты. Бастап жүрген Жамбыл Бақтияр деген жігіт комитет төрағасының орынбасары екен. Құрамында 10-15 шақты адам бар. Ол комиссия Ұлытау облысының аудандарында халықпен кездескен, сосын Торғайға келді, халықпен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалады, бірақ комиссия жол салынатын болса, қаражат жұмсалатындықтан, «Оны толық зерттеуіміз керек. Қай жол арзан, қай жол тиімді, сондықтан біз бірнеше нұсқаны ұсынуымыз керек» деп өздерінше жұмыс істеп жатқанын айтты. Олар нақты үш нұсқа дайындапты. Президент тапсырмасы Торғай аймағын көтеру үшін, оның экономикалық әлеуетін жақсарту үшін Арқалық-Егіндікөл-Торғай-Ырғыз бағытында жол салу туралы анық жазылғанына қарамастан, комиссия ұсынған үш нұсқаның біреуінде ғана Торғай-Ырғыз жолы қарастырылыпты» деп алаң жұрттың арызын жеткізді.

Алайда Президент тапсырмасына орай 14 маусымда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен сол кездегі  Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын «Орталық-Батыс» автожолының Астана-Егіндікөл-Бауманское-Сочинское­Шалғай Шойындыкөл-Арқалық-Жал­дама-Амангелді-Тор­ғай-Ақшығанақ-Ыр­ғыз бағыты құрылысының басталғанын хабарлап, лентасын қиып, жаһанға жариялаған болатын. Оны өзіміз де БАҚ-тардың және әлеуметтік желілердің жаңалықтарынан көрдік. 

Бірақ 2 қыркүйекте  Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың «Орталық-Батыс жолының техникалық құжаттары сараптамада жатыр» деп айтқан видеосы әлеуметтік желілерде таралып, елді елең еткізді. Біз, «14 маусымда ресми өкілдердің қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын «Орталық-Батыс» автожол құрылысының жұмысын басталды емес пе?! Егер Мақсат Қалиақпаров айтқандай, Орталық-Батыс жолының техникалық құжаттары экспертизада жатқан болса, эскпертизадан құжаты шықпаған жол құрылысын бастау­ға бола ма?» деп Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиевке сауал жоладаған едік, «Заңнамаға сәйкес, кез келген жобаның, құрылыстың басталуы оның жобалау-сметалық құжаттарын дайындаудан басталады. Онсыз ешқандай құрылыс басталмайды», – деді депутат.

Ал Көлік министрлігіне хабарласып, Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығымен жұмыс тобын жасақтап, «Орталық-Батыс» көлік дәлізіне қатысты мәселе туындатып, халықпен кездесулер өткізудің және Президент тапсырмасын талқылаудың себебін сұраған болатынбыз. Сұрағымызға Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров: «Орталық-Батыс» тасжолы – еліміздегі стратегиялық маңызы жоғары инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жобаның негізгі мақсаты – елдің орталық және батыс өңірлерін тікелей байланыстырып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығуды қамтамасыз ету. Алғашында бұл жоба бірыңғай кешен ретінде қарастырылғанымен, іс жүзінде екі дербес бағыттан құралады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілген негізгі бағыт – «Астана- Арқалық-Торғай-Ырғыз» автомобиль жолы. Жоба шеңберінде «Астана-Арқалық» және «Торғай-Ырғыз» учаскелерінде жаңа жол құрылысы жүргізіліп, Арқалық пен Торғай арасындағы қолданыстағы жолды қайта жаңарту жоспарланған. Негізгі құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басталатын болады. Сонымен қатар жобаның жекелеген учаскелері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арқылы өтетіндіктен, тиісті жер мәселелерін шешу қажеттілігі туындап отыр. «Астана-Ұлытау» бағыты қазір дербес жоба ретінде қарастырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – елорданы Ұлытау облысымен тікелей байланыстырып, өңірдің-көліктік қолжетімділігін арттыру. Аталған бағытты іске асыру мәселесін Көлік министрлігінің жұмыс тобы жан-жақты зерделеп жатыр. Дегенмен аталған жоба стратегиялық негізгі бағыттың орнын баспайды, яғни баламалы жол ретінде қарастырылады. Осыған сәйкес, «Орталық-Батыс» жобасының басты бағыты болып «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» маршруты өзгеріссіз қалады. Жобаларды іске асыру шеңберінде жергілікті халықтың пікірі ескерілуде. Қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және ашықтық қағидаттарын сақтау үшін жұмыс тобы тұрақты негізде талқылаулар жүргізіп отырады. Қорытындылай келе, негізгі стратегиялық жоба – «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» күрежолы. Бұл бағыт Қазақстанды халықаралық көлік дәлізімен тікелей байланыстыра отырып, стратегиялық маңызын сақтап келеді», – деп жауап берді. 

Демек, «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» күрежолы салынады, Президент тапсырмасы мүлтіксіз орындалады. «Жол салынса, Торғайдың тынысы кеңіп, өңір түлер еді» деген халықтың арманына жетер күні де алыс емес шығар. Әлі-ақ күрежолдың бойына «қан жүгірсе», бүкіл аймақты – Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғап, Торғай даласына «жан бітетін» болар. «Той – халық қазынасы» демей ме халқымыз. Дүбірлі тойдың думанды дүрмегі ел ішін ынтымақ-берекеге бөлеп, халықтың ырыс несібесі артар… 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ