in

Алматы облысында жеке тұрғын үй ауласынан жыландар табылды

Алматы облысы ТЖД «112» пультіне Талғар ауданының Еңбекші ауылындағы жеке тұрғын үй ауласында жыландардың байқалғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағы жіберілді. Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, арнайы құрал-жабдықтың көмегімен екі жыланды ұстады. Ұсталған жыландар адам мекендейтін аумақтан алыс, табиғи ортаға жіберілді.

ТЖМ ескертеді: жаз мезгілінде бауырымен жорғалаушылардың белсенділігі артады. Өз қауіпсіздігіңіз үшін келесі шараларды сақтаңыз:
• Аулаңызды шөптен, қоқыстан және қалдықтан үнемі тазартып отырыңыз.
• Қоршаулар мен дуалдардың бүтіндігін тексеріңіз.
• Егер жылан көрсеңіз, оны өз бетіңізше ұстауға тырыспаңыз.
• Бірден «112» құтқару қызметіне хабарласыңыз.