in

Алақандай құпия құрылғы жасалуда

Financial Times басылымының хабарламасы негізінде Aikyn.kz  құпия құрылғыны кім жасайтынын және ол қандай мақсатта қолданылатынын талдайды.

Сан-Францискода орналасқан OpenAI стартапы мамыр айында Джони Айв негізін қалаған LoveFrom дизайнерлік компаниясын 6,5 млрд долларға сатып алған болатын. Бірақ әзірге жаңа құрылғы туралы ресми мәліметтер жарияланған жоқ. Жобаның басты мақсаты – экрансыз, бірақ айналадағы дыбыстық және визуалды белгілерді қабылдап, пайдаланушының сұранысына жауап бере алатын шағын құрылғы жасау. Бұл – жасанды интеллектке негізделген жеке көмекшінің жаңа буыны болмақшы.

Алайда дереккөздердің хабарлауынша, бағдарламалық қамтамасыз ету мен есептеу қуатына қатысты мәселелер құрылғыны жасауға кедергі келтіруде. Айв пен оның командасы iMac, iPod және iPhone сияқты әйгілі өнімдерді жасап, Apple-ды әлемдегі ең құнды компаниялардың біріне айналдырғанымен, бұл жолы OpenAI-дің есептеу инфрақұрылымы жеткіліксіз болуда. Бір дереккөздің айтуынша:

«Amazon-да Alexa үшін, Google-де Home үшін жеткілікті есептеу қуаты бар. Ал OpenAI-ге өзінің ChatGPT  үшін де қуат жетіспей отыр. Ал жеке құрылғыны іске қосу үшін бұдан да көп ресурстар қажет».

OpenAI өкілі бұны жаңа өнімді әзірлеу барысындағы табиғи қиындықтар деп сипаттаған. Құрылғының смартфон көлеміндей болатыны және пайдаланушылармен камера, микрофон мен динамик арқылы қарым-қатынас жасайтыны белгілі. Кейбір нұсқаларда бірнеше камера орнатылуы мүмкін.

Гаджетті үстел үстіне орнататын түрі немесе портативті нұсқасы шығарылуы ықтимал. Ол үнемі қосулы болады және күні бойы сенсорлар арқылы мәліметтер жинап, өзінің «есте сақтау қабілетін» жасайды.

Нарықта бұндай өнімдер сәтсіздікке де ұшырап жатыр, Humane компаниясының смарт-түйреуіші өндірістен алынып тасталды. Фото musictech.com сайтынан алынды. Авторлығы: Humane

Биыл OpenAI 500 миллиард долларға бағаланып, әлемдегі ең қымбат жеке компанияға айналды. Тіпті, Масктің SpaceX-нен де қымбат болды. Компанияның аппараттық жабдыққа көшуі – осы жоғары бағалауды ақтауға бағытталған қадам.

Айв пен OpenAI қазіргі Amazon Echo немесе Google Home сияқты «ақылды динамиктерді» жетілдіріп, әлдеқайда интеллектуалды әрі пайдалы құрылғы жасауды көздейді. Бұның ең қиын тұсының бірі – құрылғының «жеке тұлғасын» анықтау. Ол адаммен коммуникацияда тым суық та, тым достық пейілді жұмсақ та болмауы керек. Сөйлесуді уақытылы аяқтап, пайдаланушыны шаршатпауы тиіс.

«Бізге компьютер-дос керек. Бірақ Siri сияқты тым «қызық қызық» емес, жақсырағы керек», – дейді жобаға қатысушылардың бірі.

Компания құрылғыны қолжетімді, табиғи қарым-қатынас жасайтын етіп жасауды көздейді. Дегенмен нарықта бұндай өнімдер сәтсіздікке де ұшырап жатыр. Мысалы, Friend атты жасанды интеллекті бар мойынға тағатын алқа «қорқынышты» және «сөйлегіш» деп сыналды. Ал Humane компаниясының смарт-түйреуіші өндірістен алынып тасталды.

OpenAI қазір Applе-де бұрын жұмыс істеген 20-дан астам қызметкерді, сондай-ақ Meta және басқа да компания мамандарын өз қатарына қосқан. Сонымен қатар  қытайлық Luxshare секілді өндірушілермен алғашқы құрылғыны құрастыру жөнінде келіссөздер жүргізілуде.

OpenAI стартапы ChatGPT сияқты бағдарламалық платформалардан нақты физикалық құрылғылар жасай бастады. Иллюстрация qualcomm.com сайтынан алынды

OpenAI мен Айвтың LoveFrom студиясы жаңа құрылғыға байланысты әзірге қосымша түсініктеме бермей отыр. Бұл жоба OpenAI-дің ChatGPT сияқты бағдарламалық платформалардан нақты физикалық құрылғыларға көшуін білдіреді. Мұндай құрылғылар адам мен жасанды интеллект арасындағы өзара әрекеттесуді жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Алайда дербестік, этика, жеке өмір құпиясы және есептеу қуаты сияқты мәселелер оның іске асуын қиындатып тұр.

Қазақстан үшін мұндай технологиялық серпілістер маңызды, өйткені елде цифрландыру мен ЖИ саласына инвестиция көбейіп келеді. Осындай бағыттарды дамыту әлемдік трендтерге ілесіп, отандық технологиялық экожүйені жетілдіруге жол ашады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.