in

Адамзат тарихында тұңғыш рет кванттық телепортация жасалды

Aikyn.kz жақында BGR сайтында жарияланған ерекше жаңалықтың негізінде адам мен заттарды бір жерден екінші жерге көшіру мен кванттық компьютер арасындағы телепортацияның айырмашылығын түсіндіреді.

Бұл жерде әңгіме екі кванттық компьютер арасындағы деректерді лезде тасымалдау туралы болып отыр. Оксфорд университетінің ғалымдары Nature журналында жариялаған зерттеуінде бір кванттық процессордан екіншісіне кванттық алгоритмді сымсыз жолмен жеткізудің сәтті өткенін баяндаған. 

Тәжірибенің мақсаты – екі қуатты компьютерді біртұтас суперкомпьютер ретінде біріктіріп, бұрын мүмкін болмаған күрделі есептерді бірлесе шешу болған. Бұндай байланыс кванттық шатасу (entanglement) құбылысы арқылы жүзеге асады. Яғни, ақпарат лезде беріледі.

Кванттық шатасу дегеніміз – фотон немесе электронның бір-бірімен байланысып, қашықтыққа қарамастан, синхронды күйін сақтап қалуын айтамыз. Кванттық компьютерлерде бұндай бөлшектер кубиттер деп аталады. Олар кванттық ақпараттың негізгі бірліктері саналады.

Зерттеу кезінде шын мәнінде ешқандай физикалық зат қозғалған жоқ. Жарық бөлшектері (деректер) өзінің орындарында қалған, олардың арасы небәрі екі метр болған. Сондықтан бұл телепортация – материяның орын ауыстыруы емес. Екі компьютердің бір-бірінің деректерін бір сәтте көруі мен алмасуы. Бұл тәсіл үлестірілген кванттық есептеу жүйесін (distributed quantum computing) жүзеге асыруға жол ашады. Алыста орналасқан бірнеше кванттық процессор бір желіге біріктіріліп, бір алып компьютер секілді жұмыс істейді.

Қарапайым тілмен айтқанда, кванттық компьютер – кез келген дәстүрлі компьютерден мыңдаған есе қуатты құрылғы. Оның ерекшелігі – ақпаратты 0 мен 1 күйінде ғана емес, екеуін бір мезетте қамтитын аралық күйлерде сақтай алуында. Бұндай «күйдің қабаттасуы» деректерді өңдеудің жылдамдығын еселеп арттырады. Google компаниясы әзірлеген кванттық суперкомпьютер кейбір есептерді бірнеше секундта шешсе, классикалық компьютерлерге дәл сол есепті шешуге жүздеген жыл қажет болар еді.

Егер бірнеше кванттық процессорды біріктірсе, олар экспоненциалды қуатты жүйе түзе алады. Бұл – кванттық телепортация тәжірибесінің басты жетістігі.

Осындай технология кванттық интернеттің негізін қалауы мүмкін. Болашақта қазіргі интернет секілді желі болады, бірақ ол кванттық деректермен алмасуға негізделеді. Бұл ақпарат алмасу қауіпсіздігін де, жылдамдығын да шексіз арттыра алады.

Әзірге, адамдар мен заттарды телепортациялау мүмкін емес. Сіз балмұздақты дүкеннен үйге «телепортациялай» алмайсыз. Бірақ Оксфорд ғалымдарының жетістігі көрсеткендей, адамзат бұрын-соңды болмаған қуатты компьютерлер дәуіріне жақындап келеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.