Әсіресе, кейінгі жылдары өндіріс көлемінің артуы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы және халық санының өсуі электр энергиясына деген сұранысты айтарлықтай арттырып отыр. Жаз болса апат болып, жарық та ажыратылатын кез аз емес.
Жақында «Батыс Қазақстан энергия жүйесін Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобасының жүзеге асу барысымен танысу мүмкіндігі туды. Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жоба алдағы жылдары өңір тұрғындары мен кәсіпорындарын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тиіс. Мамандардың айтуынша, жаңа жоғары вольтты электр желілері мен заманауи қосалқы стансалар пайдалануға берілгеннен кейін электр қуатының тапшылығы азайып, апаттар саны едәуір қысқарады.
Бұл жоба еліміздің энергетика саласындағы стратегиялық маңызы зор бастамалардың бірі саналады. Өйткені қазір Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен оқшау орналасқан. KEGOC АҚ Батыс филиалының директоры Константин Чернохаевтың айтуынша, бұл жоба Батыс Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін күшейтуде ерекше рөл атқарады.
– Бұрын жүзеге асырылған «Жетіқара – Өлке» жобасы Ақтөбе облысын бірыңғай жүйеге қосуға мүмкіндік берді. Ал қазіргі «Өлке – Қарабатан» жобасы Батыс энергетикалық торабын одан әрі күшейтеді, – деді.
Жоба аясында 500 кВ «Қарабатан» қосалқы стансасы салынып, 500 кВ «Өлке» қосалқы стансасы кеңейтіледі. Сонымен қатар ұзындығы 578,2 шақырым болатын «Өлке – Қарабатан» жоғары кернеулі әуе электр жеткізу желісі тартылады. Оның 238,9 шақырымы Атырау облысы аумағынан өтсе, 339,3 шақырымы Ақтөбе облысында орналасады.
KEGOC АҚ Батыс филиалының бас инженері Бейбіт Бағытовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. «Қарабатан» және «Өлке» қосалқы станцияларына арналған негізгі жоғары вольтты жабдықтар жеткізілген. Оның ішінде, айырғыштар, 500 кВ автотрансформаторлар мен реакторлар бар. Бүгінде 4 156 іргетас орнатылып, 619 металл тірек монтаждалыпты. Жобаны жүзеге асыру барысында отандық өнімдерге басымдық беріліп отыр.
Мамандардың айтуынша, жоба толық іске қосылғаннан кейін Батыс Қазақстан өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігі едәуір артады. Электр энергиясының тапшылығы төмендеп, өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы әрі сенімді электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі жоғарылайды. Құны 201,8 миллиард теңгені құрайтын жоба 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы