in

Ұстаз – ұлт шамшырағы

Ұстаздар күнін атап өту дәстүрі алғаш рет 1965 жылы АҚШ-та басталып, кейін 1966 жылы Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференцияда тарихи негізі қаланды. Нә­­­тижесінде ЮНЕСКО мен Ха­лықаралық еңбек ұйымының өкіл­дері «Мұғалімдердің мәрте­бе­сіне қатысты ұсыныстар» құжа­ты­на қол қойды. 1994 жылы ЮНЕС­­КО ұйымы 5 қазан күнін Дү­ниежүзілік мұғалімдер күні деп жариялады. Жыл сайын әлемнің 100-ден астам елінде мерекеле­не­тін бұл күн – білім беру сала­сын­дағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні пе­­да­гогтар қауымының қоғам да­­муындағы рөлі мен еңбегі ба­ғаланып, оларға құрмет көрсе­ті­леді.

Қай дәуірде болсын ұстаздың қо­ғамдағы рөлі бағалы, мәртебесі жоғары. Ұстаздың ұлағаты, шы­дам­дылығы мен шеберлігі, парасаты мен даналығы –шәкіртінің болмысын дөп басып танып, са­на­сына білім шуағын құяды. Қа­зақтың біртуар ұлы, Алаштың ай­барлы ақыны Мағжан Жұма­баев­тың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» де­гені де сондықтан. 

Елімізде ұстаз еңбегіне құрмет пен ізет дәстүрін еселей түсу үшін кейінгі жылдары елеулі істер ат­қарылды. 2019 жылы Желтоқ­сан­да «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Биыл желтоқсан айында қабылданғанына жеті жыл толатын заң аясында мұға­лім­нің жағдайы жақсарды ма? Шын мәнінде заң қабыл­данғанға дейін білім саласы қызметкер­ле­рі­нің мәселелері нақты еді: ең­бе­к­ақы төмен, есептілік шамадан тыс және педагогқа тән емес мін­деттер көп болатын.

Оқу-ағарту министрлігінің есе­бі бойынша 2020 жылдан бері пе­дагогтардың жалақысы жи­ын­тық түрде 100%-ға өсті. Біліктілік санаты, тәлімгерлік, академиялық дәреже және басқа да жұмыс түр­лері үшін қосымша төлемдер ен­­­гізіліп, олардың ауқымы кеңей­­ді. Мұғалімдерді қызметтік міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту, артық есептілік талап ету, заңда көзделмеген тексерулер жүр­­гізу және тауарлар мен қыз­мет­терді сатып алуға мәжбүрлеу тыйылды. Сонымен қатар биыл маусымнан бастап бір құжатты бір мезгілде қағаз және электрон­дық форматта жүргізуді талап етуге жеке тыйым салынды. Бұл та­лаптарды бұзғаны үшін әкімші­лік жауапкершілік қарастырыл­ған.

«Білім туралы» заңда ата-ана­лардың педагогтың құқықтары мен заңды мүдделерін құрмет­теуі­не қатысты норма пайда бол­ды. 2026 жылғы қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі ата-ана­лар­дың педагогтармен мессенджерлер арқылы қарым-қатынас жасау ережелері туралы мәселені де көтерді. Ата-аналар бұрынғыдай кешкі уақытта үй тапсырмасы не­месе баға туралы жазуға, ал де­ма­л­ыс күні дүйсенбіге не алып келу керектігін сұрауға, яғни пе­да­гогты кез келген адамның қа­ла­ған уақытында мазалауына бол­майтыны туралы ережелер бе­кі­тілді.

Мұғалімге алғыс

Бүгінде республикамыздың 23 мыңға жуық білім беру ұйы­мында 600 мыңнан астам пе­дагог еңбек етеді. Мереке қар­саңын­да Оқу-ағарту министрлігі ұстаздардың өскелең ұрпақты тәр­биелеудегі және еліміздің ада­ми капиталын дамытудағы ең­бе­гіне алғыс ретінде «Ұстазым, ар­дақ­ты ұстазым!» республикалық ак­циясын бастады. Акция аясында білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін арттыруға және ұс­таздық кәсіпті дәріптеуге ба­ғыт­талған мерекелік және ағар­ту­шылық шаралар ұйымдастыры­лады.

Кәсіби мереке қарсаңында әдет­те ата-аналар мен оқушылар ара­сында «мұғалімге қандай сый­лық жасауға болады?» деген сауал жиі қойылады. Бұл ұстаз еңбегіне алғыс айтуды ізгі ниет деп білетін әрбір адам үшін маңызы бар са-уал. Көпшілік гүл сыйлауды дәс­түрге айналдырғанымен, оның да белгілі бір заңдық шектеулері бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліме­тін­ше, егер сыйлық құны 19 660 тең­­­геден асып кетсе, бұл заң­бұзу­шылыққа жатады. «Егер сыйлық құны 5 АЕК-тен асып, мұғалім сый жасаған адамның пайдасына әрекет етсе, мұндай жағдай Қыл­мыс­тық кодекстің 247-бабына («Заңсыз сыйақы алу») сәйкес жауап­кершілікке әкеледі». 

Ал Оқу-ағарту министрлігі 1 қыр­күйекте немесе басқа да атау­лы мереке күндерінде мұға­лім­ге сыйлық жасау немесе гүл сый­лау ата-аналар арасындағы мін­детке немесе жарысқа айнал­мау­ға тиіс екенін ескертті. Ми­нистр­ліктің ескертуі бойынша «Ең бастысы гүлдің көлемі неме­се бағасы емес, баланың ұстазына де­ген құрметі. Сондықтан гүл сый­лау әр бала мен ата-ананың ерік­ті таңдауы болуы керек». Бі­лім беру ұйымдары гүл немесе сый­лық сатып алуға баста­ма­шы­лық жасамауы, ақша жинауды ұйым­дастырмауы және ата-ана­лар­ға мұндай талап қоймауы керек. 

Жаңарған мектеп

2026-2027 оқу жылы ресми ақ­­паратқа сәйкес, мектептерде 4,1 млн оқушы білім алады. Бі­рін­ші сыныпқа 380 мыңнан астам ба­ла қабылданды. Ал 227 мың оқу­шы 11-сыныпқа көшті. Қазір 8 мың­нан астам мектеп жұмыс іс­теп тұрса, оның 5 мыңнан астамы ауылдық елді мекендерде ор­­наласқан.

«Келешек мектептері» ұлттық жо­басы аясында үш жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның ішінде 2024 жылы – 105, 2025 жылы 112 мектеп пай­да­лануға берілді. Нәтижесінде елі­мізде 54 үш ауысымды және 12 апат­ты мектептің мәселесі толық ше­шілді. 100-ден астам мектепте оқу­шы орындарының тапшылы­ғы қысқарды.

Ауылдық жерлердегі мектеп инф­рақұрылымына да басымдық берілді. Жоба аясында ауылдарда жаңа форматтағы 84 мектеп бой көтеріп, 130 мыңнан астам балаға за­манауи білім беру ортасын қа­лып­тастыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар білім беру бағ­­­дар­ламалары мен оқу үдерісіне бір­қатар өзгеріс енгізілмек. Мектептерде жасанды интеллект құрал­да­рын оқу үде­рісінде пайдалану бас­талады. Бұл ба­ғытта оқу­шы­лар­дың цифрлық дағ­дыларын дамытуға және жаңа технологияларды білім алу­да тиімді қол­дануы­на басымдық бері­леді. Орта бі­лім беру жүйесін­дегі өз­геріс­тер мек­тепке дейінгі және мектептен кейін­гі оқы­ту бағдарламаларына да жаңа­шылдық енгізіліп жатыр.

Сапалы білім

Жаңа оқу жылынан бас­тап білім беру бағдар­ламасы бірнеше міндетті курспен то­лықтырылады. Негізгі өзгеріс­тердің бірі бастауыш сыныптар­дағы бағалау жүйесіне қатысты бол­мақ. Сонымен қатар «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндеріне бөліне­тін сағат саны көбейеді. Қосымша уақыт балалардың әріптерді дұ­рыс меңгеруіне, сауатты оқып, жа­зу дағдыларын қалыптас­тыруы­на жұмсалады. Енді БЖБ мен ТЖБ алынып тасталып, оның орнына аралық бағалау ен­гі­зіледі. Әр бөлім аяқталғаннан кейін сол бөлім бойынша аралық ба­ғалау жүргізіледі. Ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ болмайды. Нә­тижесінде тоқсандық бағаның 50 пайызы формативтік, қалған 50 пайызы аралық бағалаудан құралады. 

Бағалау тапсырмаларының маз­мұны да практикалық бағытқа өзгереді. Тілдік пәндерде диктант, мазмұндама, шығарма мен оқу сауаттылығына, математикада математикалық сауаттылыққа, ал жаратылыстану мен дүние­тану­да зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау және қорытынды шығару дағдыларына басымдық беріледі. Жазбаша жұмыстарды оқушылар енді өз дәптерінде орындайды. Ми­нистрлік бұл тәсіл баланың дайын жауапты таңдауының орнына өз ойын жазуына, есептің ш­ешу жолын көрсетуіне мүмкін­дік беретінін түсіндірді.

Ал 1-7 сынып оқушылары үшін сабақ кезінде смартфондарын арнайы орынға тапсыруы немесе сөмкесінен шығармауға тиіс. Бұл смартфондарды мектепте пайдалануға толық тыйым салынады деген сөз емес. Шектеу не­гізінен сабақ пен оқу процесі кезінде телефон қолдануды реттеуге бағытталған. Ал білім беру мақ­сатында планшеттерді пайдалану жоспарланып отыр. Жоғары сынып оқушылары үшін ерек­ше­ліктер қарастырылуы мүмкін. Се­бебі кейбір пәндерді оқыту ба­ры­сында онлайн-платформалар қолданылады. Сонымен қа­тар жасанды интеллект техноло­гия­ларын орта білім беру жүйе­сіне кезең-кезеңімен енгізу бойын­­ша 2026-2029 жылдарға арналған ке­шенді жоспар әзірленді.

Қауіпсіздік күшейді

2026 жыл ІІМ жүйесінде «Балалар қауіпсіздігі жылы» болып жарияланды. Осыған байланыс­ты жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарындағы қауіп­сіздік шаралары күшейтілді.

ІІМ мәліметінше, 7 656 жалпы білім беретін мектептің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін 283 мыңнан астам бейнекамера орна­тылған. По­лицияның жедел бас­қару орталық­тарына 7 159 оқу орны қо­сыл­ған.

Биыл мектептерде құқықтық сауат­­тылық пен қауіп­­сіздікке ар­налған үш міндетті курс енгізілді. 5-7 сы­нып оқушылары «Конституция негіз­дері» курсын оқиды. 8-11 сыныптарға «Заң және тәр­тіп», ал 5-11 сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Конституция талаптарына сәйкес жаңарты­ла­ды. Жаңа курстар балаларға өз құ­қықтары мен міндеттерін тү­сін­діруге, заңға құрметпен қа­рау­ға және әртүрлі қауіп жағдайында дұрыс әрекет етуге үйретуге ба­ғыт­талған. «Жеке қауіпсіздік» кур­сын оқыту аясында көшедегі, үйдегі және цифрлық ортадағы қауіп­сіздік мәселелері қамты­ла­ды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ