Ат төбеліндей азшылық тарғыл шерінің тарихи мекеніне оралуын қуана құптаса, көпшілік қауым бұл қадамға үзілді-кесілді қарсы шықты. Бірақ мәселе әлеуметтік желідегі әңгімеге ғана тіреліп тұрған жоқ. Бүгінгі наразылық ертең-ақ разылыққа ұласуы мүмкін. Ал жетпіс жыл бойы жолбарыстың табаны тимеген Іле-Балқаш табиғаты аң патшасын бауырға баса ала ма?
Тұран жолбарысын қайтару бағдарламасы – дүниежүзінде сирек кездесетін ауқымды бастама. Бұған дейінгі әлемдік тәжірибеде жануарлар бұрыннан қорғалатын ұлттық парктерге көшірілсе, Қазақстан мүлде басқа жолды таңдады. Жолбарысты әкелмей тұрып оған қолайлы табиғи орта қалыптастыру көзделді. Сондықтан 2018 жылы Іле өзенінің атырауы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауын қамтитын, аумағы 415 мың гектардан асатын «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Онда шаруашылық қызметке, заңсыз аңшылыққа, балық аулауға қатаң шектеу қойылды. Кейінгі оншақты жыл көлемінде өзен аңғарында тоғай алқаптары қалпына келтірілді. Жиде, тораңғы, шетен ағаштары егілді, қалың қамыс өсірілді. Өрттен сақтайтын инфрақұрылым жасалды. Іле сағасындағы су арналары тазартылды.
Жолбарыстың мекенімен қатар қорек қоры да қарастырылды. Кезінде бұл өңірден тып-типыл жойылып кеткен тоғай бұғылары қорыққа жерсіндірілді. Жолбарыстың жеңсік асы – қабан да қолдан жем жеп, ерекше көбейді. Қорықтың шөлейт бөліктерінде бірнеше үйір құлан мен қарақұйрық жортып жүр.
Осындай тыңғылықты дайындықтан кейін ғана жоба жаңа кезеңге өтті. Ресейдің Приморье өлкесінен адамға үйренбеген, табиғи аңшылық түйсігі бар жолбарыстар әкелініп, Іле-Балқаш табиғатына біртіндеп бейімделді. Қазір резерваттағы жағдай технологиялық құралдармен үздіксіз қадағаланады. Инспекторлардың жұмысын тіркейтін жүйе, жүзден астам бейнебақылау камерасы, GPS-қарғыбаулар арқылы әр жануардың қозғалысы назарда ұсталады. Бұл тек жолбарыстың тағдырын емес, бүкіл экожүйедегі өзгерістерді нақты бағалауға мүмкіндік береді.
Мамандардың мәлімдеуінше, 1 млн гектарлық бұл аумақта жолбарысты жерсіндіру жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кезеңде, яғни 2024-2030 жылдар аралығында табиғатқа 10-15 жыртқыш жіберу жоспарланған. 2030-2040 жылдары олар өз бетімен өсіп-өніп, ұзын саны шамамен 30-50-ге жетуі керек. Табиғи орта толық қалпына келгенде Іле-Балқаш алқабы 70-100 жолбарысты еркін асырай алады деген болжам бар.
Жолбарыс – табиғаттағы қорек тізбегінің ең жоғары сатысында орналасқан жыртқыш. Оның Іле-Балқаш өңіріне оралуы өзеннің де, тоғайдың да, аң-құстың да тіршілік ырғағын өзгертеді. Мысалы, бұғылар мен қабандар ешқандай қауіп жоқ кезде бірде шектен тыс көбейіп, бірде індеттен күрт азайып, табиғи тепе-теңдік бұзылатын. Ал жолбарыс ауру-сырқау, кәрі-құртаң, жаман-жәутік жануарларды ең алдымен аулап, үйірлердің саулығын сақтайды. Тарғыл шері шөпқоректілердің мінез-құлқына да әсер етеді. Бұрын тұяқтылар өзен жағасындағы қалың тоғай, ну қамыста ұзақ аялдап, белгілі бір жердегі жас өскіндерді түгел жайпап тастайтын. Жыртқыш келген соң бұл мамыражай өмір көздерінен бұл-бұл ұшады. Олар бір орында көп тұруға қорыққандықтан, жайылымдарын жиі ауыстыратын болады.
Жолбарыс жоғалған өлкеде шибөрі, түлкі, қасқыр, бұралқы иттер жойдасыз қаптап кеткен. Құстардың жұмыртқасын жарып, ұсақ аңдарды қынадай қыратын солар еді. Енді жолбарыс өзіне бәсекелес жыртқыштарды қорықтың шет жағына ығыстырып, олардың санын реттейді. Сондай-ақ жолбарыс аулап жеген жемтіктің қалдығы бүркіт, субүркіт, құмай, құзғын сияқты құстардың, тіпті құрт-құмырсқаның да несібесіне айналады.
Мұның бәрі ақыр аяғында табиғат әлемін түлетеді. Бұғылар өзен жағасында ұзақ жайылмай, өсімдіктер еркін өсіп, жас ағаштар бой көтеріп үлгереді. Тоғайдың құрылымы күрделеніп, ағаш, бұта, шөп, қамыстың қалыңдауы топырақтағы ылғалды сақтап, өңірдің микроклиматын жақсартады.
Өзеннің өзі де бұл өзгерістен тыс қалмайды. Өсімдіктердің тамыры топырақты бекітіп, жағалаудың тозуын төмендетеді. Ілеге құятын бұлақ арналары да тұрақталып, судың лайлануы азаяды. Су тұнған сайын сазан, көксерке, ақмарқа секілді балықтар молынан уылдырық шашады. Қамысы шулаған, балығы тулаған өзен маңына бірқазан, құтан, тырна, т.б. су құстары көптеп қоныстанады. Яғни Амур жолбарысын Іле-Балқашқа жерсіндіру – тұтас экожүйенің тағдырына қатысты мәселе.
Сол себепті резерватқа жіберілген Үміттің жүріс-тұрысы алдағы уақытта жіті бақыланады. Жолашар жолбарыстың табиғаттағы әрбір әрекеті бүгінгі биология ғылымы үшін аса құнды ақпарат болмақ. Мамандар спутниктік байланыс, цифрлық карта, фототұзақ тәрізді заманауи құрылғыларға иек артады. Өлекшіннің мойнына тағылған қарғыбау оның геодеректерін орталық базаға жолдап отырады. Жыртқыштың өміршеңдігін бағалаудағы ең маңызды өлшем – өздігінен аң аулай алуы. Егер жолбарыс 50 метр радиуста 4 сағаттан 24 сағатқа дейін тапжылмай тұрса, мамандар ол жерді ықтимал аңшылық орны деп есептейді. Кейін сол аумаққа барып, зерттеу жасайды. Ересек жолбарыс тәулігіне 5-7 келі ет жейді, сонда бір жылда 50-ден астам бұғы, қабан немесе құлан ұстауға тиіс.
Жобаның табысы жолбарыстың ғана емес, адамдардың қауіпсіздігімен де өлшенеді. Осы орайда Құйған, Жиделі, Шеңгелді сынды ауылдардың айналасы цифрлық бақылау жүйесіне енгізілген. Алда-жалда Үміт ауылға шамамен 5 шақырымға дейін жақындаса, мамандарға бірден ескерту түседі. Ондайда негізгі мақсат – жыртқышты ұстау емес, оны адам қонысынан аластап, табиғи мекеніне қайтару.
Ғалымдар жабайы аңның өміріне орынсыз араласудан барынша тартынады. Сондықтан жолбарыс бірнеше күн аң аулай алмай жүрсе де, оған қолдан азық берілмейді. Жеңіл-желпі жарақат болса, медициналық көмек көрсетілмейді. Өйткені дәл сондай сынақтар жыртқыштың аңшылық қабілетін шыңдап, табиғи сұрыпталу заңдылығын сақтайды.
Дегенмен спутник белгісі ұзақ уақыт қозғалмай қалып, жануардың өміріне қауіп төнгені байқалса немесе байланыс мүлде үзілсе, арнайы топ дереу іздеуге шығады. Фототұзақтар Үміттің салмағы 30 пайызға дейін азайғанын, ауыр жараланғанын яки қақпанға түскенін көрсетсе, ветеринарлар шұғыл іске кіріседі. Ал жолбарыс адамға қауіп төндіруді әдет қылса, қайтадан ұсталып, табиғаттан оқшауланады.
Әрине, қарапайым салық төлеушінің көкейінде: «Млрд-тап ақша шашқан бұл жоба елге нақты не береді?» деген сауал туатыны анық. Әлемдік тәжірибе бұл сұраққа баяғыда жауап беріп қойған. Сарапшылар мұндай жобаларды өңірдің болашағына салынған стратегиялық капитал деп бағалайды. Мәселен, АҚШ-тағы Йеллоустоун ұлттық паркіне қасқырларды қайта жерсіндіруге бастапқыда 5 млн доллар жұмсалған. Қазір сол қасқырларды көруге жан-жақтан ағылатын туристер жергілікті экономикаға жыл сайын 80 млн долларға жуық табыс әкеледі. Руандада тау гориллаларын тамашалау құны 1,5, мың долларды құрайды. Сол қаржының жартысы жергілікті халықтың тұрмысын түзеуге бөлінеді. Біздегі жолбарыс жобасы орайымен орындалса, Балқаш өңірінің экономикасы да жаңғырады. Туристермен бірге жол, электр желісі, байланыс инфрақұрылымы дамиды. Инспектор, ғылыми қызметкер, қонақүй сервисі, жолбасшы, қайықшы тәрізді жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады. Жергілікті шаруалар өз өнімін тікелей туристерге сатады.
Бағдарлама Қазақстанның ғылыми әлеуетін де күшейтеді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры, БҰҰ Даму бағдарламасы және Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен резерваттың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жол талғамайтын көліктер, дрондар, фототұзақтар сатып алынды, жергілікті тұрғындарға шағын кәсіп ашуға гранттар берілді. Демек, бұл бастамаға жолбарысты қорғауға жұмсалған қаржы деп қана қарамау керек.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ