in

Қоғамдық келісімнің жаңа форматы

Өйткені қоғамдық келісім мен құқықтық тәртіпсіз елдің даму даңғылы да бұлыңғыр болмақ. Осы орайда Ақмола облысында қолға алынған «Зиялы қауым» бағдарламасы – ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғамдық қауіпсіздік тетіктерін біріктірген тың бастамаға айналғанын атап өткен жөн. Жоба шеңберінде жергілікті елді мекендер мен ауыл-аймақтарда құрылған қоғамдық кеңестер мен полицияның үйлесімді әрекетінің арқасында қоғамда тыныштық орнап, қылмыстық оқиғалар мен бұзақылықтардың саны айтарлықтай азайып отыр…

Аталған жоба ел ішіндегі құқық­бұзушылықтардың алдын алуға, ауылдық жерлердегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, сонымен қатар полиция мен халық арасындағы сенімді байланысты барынша нығайтуға бағытталыпты.

Дәстүр мен замана үндестігі

Қазақ қоғамында ел ішіндегі дау-дамай, жанжалдарды шешу, тәртіп орнату – ежелден сөзге тоқтай білетін ақсақалдар мен би-шешендердің енші­сінде болғаны белгілі. Осы дәстүр бүгінгі күні «Зиялы қауым» жобасы арқылы жаңаша мазмұнмен қайта жанданып отыр.

Полицияның ұсынған ресми дерек­теріне сенсек, 2023 жылы бастау алған бұл бастама ауыл тұрғындарын құқық қорғау жүйесіне серіктес ретінде тартуға негізделген. Бағдарламаның өзегі – азаматтық жауапкершілікті арттыру, құ­қық­тық мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын ұстанатын салауат­ты қоғам орнату осы жобаның ең негізгі басымдығы болса керек.

Жоба аясында бүгінде Ақмола облы­сы­ның барлық өңірінде 138 қоғамдық кеңес құрылған. Олардың құрамына 840-қа жуық белсенді азамат, олардың қатарына кезінде ел тұтқасын ұстаған белгілі ардагерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер мен діни жетекшілер еніпті.

Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнәр Пинчуктың айтуын­ша, қоғамдық кеңестер тек кеңес берумен шектелмейді. Олар нақты жұ­мыс атқарып отыр. Атап айтқанда, ауыл­дардың тентегі мен телісін тыю, ішім­дікке тәуелділікті азайту, тұрмыстық жан­жалдардың алдын алу, жастармен тәрбиелік насихат жүргізу, полициямен тығыз байланыста әрекет ету – бұл қоғамдық құрылымдардың негізгі бағыт-бағдарына айналған. Жоба басталғалы ол көп күттірместен өзінің оң нәтижесі көрсетіп жемісін де берген. 

– Өңірге қатысты аудандардың бәрінде дерлік «Зиялы қауым» жобасы негізінде құрылған қоғамдық кеңес­тер­мен үздіксіз жұмыстардың арқасында қоғам арасында қылмыстардың саны біршама азайып, құқықбұзушылықтар тыйыла бастады. Мәселен, осы уақыт ішінде 98 ауылда бірде-бір қылмыс тір­келмеген. 31 елді мекенде ішімдік ішу де­рек­тері мүлдем жойылған. Бұл поли­ция мен халық ішінен құрылған қауым­дастықтың бірлескен жұмысының нақ­ты жемісі, – дейді Ақмола облысы Поли­ция департаментінің ресми өкілі Гүлнәр Пинчук.

Әкім кеңесшілері – тиімді үйлестіруші

Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы» аясында Ақмола облысының әкімдігі барлық аудан әкімдіктерінде қоғамдық кеңесшілер лауазымын енгізген. Кеңесшілер – жер­гілікті жердегі қауіпсіздік, құқықтық тәртіп, тұрғындармен өзара байланыс және профилактикалық шараларды үй­лес­тірумен айналысады. Полицияның мәліметінше, дәл осы құрылым билік пен халық арасындағы байланысты ны­ғайтып, ел ішінде тарала бастаған өзекті мәселелерді ерте анықтап, жедел шешуге жол ашқан.

Сонымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесін білу үшін статистиканы сөй­летсек, 2023 жылдан бері ғана облыс аумағында құқықбұзушылықтар саны 2 311-ден 1 811-ге дейін яғни 21,6%-ға азай­са, жалпы қылмыстар – 2050-ден 1 428-ге дейін немесе шамамен 30,3 пай­ызға кемігені байқалған. Сондай-ақ ауыр қылмыстар саны 501-ден 363-ке дей­ін қысқарып 27,5 пайызға дейін күрт төмендегені анықталды. Ал аса ауыр қылмыстар саны 48-ден 23-ке дейін нақтырақ айтқанда 52,1 пайызға дейін, яғни тең жарымынан астамға қысқар­ғаны мәлім болды.

Сонымен қатар ел ішіндегі бұзақы­лық оқиғалар 23,5 пайызға, ұрлық – 30,2 пайызға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 23,5 пайызға дейін төменде­ген. Бұл құрғақ статистика ғана емес. Әрбір көрсеткіштің артында бүтін бір ел тыныштығының, азаматтар қауіпсізді­гінің көрінісі жатыр десек қателеспейміз.

Осылайша, «Зиялы қауым» – құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас азаматтық қоғамның бірлесе әрекет етуіне жол ашқан жобаға айналған. Жаңа жобаның нәтижесінде адам саудасы, діни экстремизм, тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі бизнесі секілді ішкі қауіптерге қарсы тұруда мұндай қоғам­дық серіктестік маңызы аса зор болары сөзсіз.

Жоба халықтың құқықтық сауатын арттырып, қоғамдағы заңға деген құрметті жаңа деңгейге көтере берері анық. Бұл – құқықтық мемлекеттің берік іргетасын қалауға қосылған сүбелі үлес те болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы