CNBC хабарламасына сүйенген Aikyn.kz декларациядағы негізгі деректер мен олардың ерекшеліктерді түсіндіреді.
2025 жылғы қаржылық мәліметтерді қамтыған есеп АҚШ Үкіметтік этика басқармасына ұсынылған. Fox News арнасының бұрынғы жүргізушісі Хегсет қорғаныс министрі қызметіне 2025 жылғы қаңтарда бекітілген.
Декларацияда бес зейнетақы шотындағы инвестицияның жалпы құны шамамен 2,05-4,35 млн доллар аралығында берілген. Министрдің үш шотындағы активтер 500 мыңнан 1,25 млн долларға дейін бағаланған. Жұбайы Дженнифер Хегсеттің екі жеке зейнетақы шотындағы инвестициялар 1,55-3,1 млн доллар көлемінде көрсетілген. Отбасының биткоин түріндегі активтері шамамен 16-65 мың долларды құрайды.
Банк қаражатына қатысты өзгеріс ерекше назар аудартады. Хегсет қорғаныс министрі қызметіне кандидат болған кезде, 2024 жылғы желтоқсанда тапсырған декларациясында «U.S. Bank #2» деп сипатталған шотта 15 001-50 000 доллар болған. Жаңа есепте дәл осылай сипатталған шоттағы ақша 1 миллион доллардан асатыны жазылған. Құжатта отбасының үш банктік шоты көрсетілген.
Осындай айырмашылыққа қарап, отбасының жалпы байлығы қаншаға өскенін анықтау қиын. Декларацияда нақты сомалардың орнына құн аралықтары қолданылады. Бұрынғы есепте активтер шамамен 1,4-3,4 миллион доллар деп бағаланған.
Отбасы инвестициялық портфелін де едәуір өзгерткен. CNBC есебінше, 2025 жылы биржада сатылатын инвестициялық қорлардың – ETF-тердің пайларын сатып алу бойынша 16 мәміле жасалған. Олардың жалпы сомасы жарияланған диапазондар бойынша 1,41-3,05 миллион доллар аралығында.Бұл сатып алулар жекелеген компаниялардың жиырмадан астам акция пакетін сатумен қатар жүрген. Олардың ішінде АҚШ қорғаныс саласының ірі мердігерлері Lockheed Martin мен Northrop Grumman да бар. Екі компанияның акциялары 2025 жылғы ақпанда сатылған, әрқайсысына қатысты мәміле көлемі 1 001-15 000 доллар аралығында көрсетілген.
CNBC бұндай инвестициялық өзгерістер мемлекеттік қызметке жаңадан келген жоғары лауазымды тұлғалар арасында мүдделер қақтығысы тәуекелін азайту үшін жасалатынын атап өтеді. Хегсеттің этика жөніндегі келісімі ықтимал қайшылықтар бойынша жауапты мамандармен кеңесуді көздегенімен, аталған акцияларды сатуды арнайы міндеттемеген.
Құжатта отбасының қарыздары да ашылған. Әрқайсысы шамамен 1-5 миллион доллар аралығындағы екі ипотекалық міндеттеме бар. Соның бірі 2025 жылы жеке тұрғын үйге алынған, пайыздық мөлшерлемесі – 8,5%. Активтер мен қарыздардың нақты сомалары көрсетілмегендіктен, жарияланған 3,1 миллион доллар отбасының таза байлығын білдірмейді.