in

Ғибратты ғұмыры – ұрпаққа үлгі

Тасым Әбішұлы 1916 жылы Қызылқоға ауданының Тайсойған құмындағы №17 ауылда қара­пайым шаруа отбасында өмірге келген. Бұл қазақ даласындағы үлкен саяси, рухани өзгерістер басталған жыл болатын. Кейіп­керіміздің балалық шағы ұлт-азат­тық көтеріліспен бірге, бірін­ші дүниежүзілік соғыс, ақпан ре­волюциясы, ашаршылық сын­ды қиын-қыстау заманмен тұспа-тұс келді. 1921-1923 жылдардағы ашаршылықтан халықтың қатты күйзелгені, өлім-жітімнің көп болғаны тарихтан белгілі. Та­рих­шы-өлкетанушы Орақ Деңгелбаев өз зерттеулерінде сондай қиын­шылық уақытта оқуға жағдайы келмеген Тасым Әбішұлының 1930 жылы ғана Доссордағы мек­тептің табалдырығын аттағанын айтады.

1939 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеу барысында Мемлекеттік қорғаныс комите­тінің резервіндегі 7-ші зеңбірек артиллериясы полкінде қызмет атқарады. 1940 жылдың сәуірінен 31-ші атқыштар дивизиясы 129-шы таулық артиллерия полкінің сапында әскери қызметін жалғас­тырады. Бұл әскери бөлім Иран және Түркия шекарасында тұр­ған», – дейді тарихшы-өлкета­ну­шы Орақ Деңгелбаев.

1942 жылы шілде айының со­ңында Майкоп қаласы (Ресей Федерациясына қарасты Адыгея республикасының астанасы) ірге­сіндегі Белая өзенінде қорғаныс шебін құрып, Майкоп-Туапсе (Краснодар маңындағы Қара теңіз жағалауындағы портты қала) бағытын қорғауға кіріседі.

Сержант Т.Жанұзақов осы тұста басқа әскери бөлімге ауыс­тырылады. Себебі бұл кезде гау­бицалық артиллерия полктері таратылып, артиллерия диви­зион­дары атқыштар полкінің құрамына енгізілген еді. 302-ші атқыштар дивизиясының 870-ші полкінде артиллерия взводы командирінің көмекшісі болып тағайындалып, әскери қызметін жалғастырады. 

1942 жылдың күзінде Терістік Кавказ майданы жүргізген ша­буыл­дардың бірінде сержант Жан­ұзақов жарақаттанады. Эва­когоспитальда емделіп, 1943 жыл­дың ақпан айында өзінің 302-ші атқыштар дивизиясына қайта оралады. 

Тарихшы-өлкетанушы Орақ Деңгелбаевтың айтуынша, Тасым Жанұзақов 823-ші атқыштар пол­кінің миномет батареясының бар­лаушылар бөлімшесінің ко­ман­дирі болып тағайындалып, жаумен шайқастарға тікелей араласады. Артиллерия бар­лау­шы­лары қарсыдағы жаудың пу­лемет-миномет, зеңбірек нүкте­лерін, басқару пункттерін, танк­­­тердің шоғырланған орын­дарын анықтап, батареялардың шабуылдау бағытын көрсетіп отырған. Олар үнемі жау оғының астында іс-қимыл жүргізген. ­Бө­лімше командирі сержант ­Т.Жан­ұзақов барлау жұмыстарын еп­тілікпен жүргізіп, нақты де­рек­терді жеткізіп отырған.

Донбасс операциясы бары­сында Украинаның Винницк облысындағы аудандық маңызы бар Калиновка мен Украинаның шығысындағы облыстық маңызы бар Горловка қалалары 4-5 қыр­күйек күндері толық азат етіледі. Сонымен қатар майданның ек­пінді құрамалары Ресейдің Крас­нояр маңындағы Артемовск қа­ласы мен Донбасстың орталығы Сталино (қазіргі Донецк, Украи­на) қаласын жау езгісінен азат ет­кен. Осы ұрыстардағы ерлік іс­тері үшін, 302-ші атқыштар ди­визиясы 823-ші атқыштар полкі миномет батареясының бөлімше командирі, сержант Т.Жанұзақов «Ерлігі үшін» медалімен наград­талған. 

3-ші Беларусь майданы 1944 жылдың 24 сәуірінде Батыс май­данның таратылуына орай құ­рылған. Кеңес әскерлері батысқа қарай шабуылдарын үдетіп, ілгері жылжып, көптеген қалалар мен елді мекендерді жау қолынан азат етеді. Ұлы жеңісті Эльба өзенінің бойында қарсы алған майдангер Тасым Жанұзақов 1946 жылдың тамызында ғана елге оралған. Елге оралған жылы Қызылқоға ау­данындағы Кенбай орта мек­тебінің директоры болып таға­йын­далады. Тап осы жылы әртүрлі жағдайға байланысты бұл мектеп бастауыш мектепке айналған еді. Бірден осы мәселені қолға алған ол сол кездегі ауыл басшыла­ры М.Мұхтаровқа, М.Айтмұхан­бе­товке жолығып, Кенбай мектебін қайтадан орталау оқу орнына айналдырған еді.

Бүгінде марқұм болып кеткен еңбек ардагері Сапар Бисенов өзінің естеліктерінде былай деп жазады: «Тәкең осы мектепке ғана емес, бүкіл ауылға, елге үлкен еңбек сіңіріп, шаруашылықты қайта қалпына келтіру ісіне белсене араласты. Ақшелек, Ал­ғабас сынды бірнеше колхоз ба­лаларын біріктіріп, мектеп жа­нынан интернат ашты. Тәкеңнің жас ұрпақты тәрбиелеудегі ел алдындағы еңбектері өлшеусіз еді. Оның шәкірттері бүгінде әр салада еңбек етіп, халқына қызмет етіп жүр. Тасым Әбішұлының жұмыстағы талапшылдығы, ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, оның қарапайымдылығы мен парасаттылығын бүгінде көптеген азамат мақтанышпен әңгімелейді».

Кейіпкеріміз мектепке бас­шылық еткен жылдары білім ордасының оқу-материалдық ба­з­алары жақсарды. Кадр мә­селесі шешілді. Мектеп ірілен­діріліп, 1963 жылы Сағыз бе­ке­тіне жа­ңадан мектеп салынды. КСРО Халық ағарту ісінің үздігі Тасым Әбішұлы колхоздың қиыншылық кезеңін, мектептегі жұмысын ауыл өмірімен тығыз байланыс­тыра отырып, бастауыш партия ұйымын қоғамдық негізде он алты жыл басқарды. Ауылдық кеңестің бірнеше мәрте депутаты болды. 

Майдангер-ұстаз Тасым Әбішұлының алып жүрегі осы Сағыз ауылында мәңгілікке тыныштық тапты.

Баян ЖАНҰЗАҚ, 

Атырау облысы