Осы тұрғыдан келгенде мақала кейіпкері Сәрсенбай Әбдірахмановтың өмірде жолы болған адам демекпіз. Өйткені оның туып-өскен жері, қазақтың әйгілі әнші-композиторы, ақын Ақан сері Қорамсаұлы «Ауылым қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақ сұңқар баласына…» деген елге белгілі өлеңіндегі, әсем табиғаты Сәкен Сейфуллин жырлаған «Көкшетау» поэмасындағы өлең жолдарындағы «Сексен көл Көкшетаудың саясында, Әрқайсы алтын кесе аясында. Ауасы дертке дауа, жұпар иісті, Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?» деп келетін, Бурабай мен Көкшетау өңірінің табиғатын, оның сұлулығы мен шипалы ауасын ерекше суреттеген әйгілі өлке. Одан бөлек, халқымыздың небір ығай мен сығайлары шыққан құнарлы топырақ…
Сәрсенбай Қадырұлы 1966 жылы 14 қарашада Көкшетау облысы Володар ауданы Сырымбет ауылында (бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Сырымбет ауылы) дүниеге келген. Бұл жерде ұлы ғалым, ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен. ХІХ ғасырда Уәли ханның жесірі, Шоқан Уәлихановтың дана әрі көреген әжесі Айғаным ханымға Ресей патшалығы тұратын ғимараттар салып бергені белгілі. Қазір ауыл іргесіндегі бұл қоныста ханымның тұрғын үйі, мешіт, медресе, диірмен және шаруашылық құрылыстары кіретін Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музей-усадьбасы орналасқан.
Сәрсенбай осындай киелі орындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте оқыды. Бұл – тарихы тереңге кететін мектеп. Келесі жылы ашылғанына 100 жыл толады екен. Заманында аудандағы ірі мектептің бірі болған. Мұғалімдері де сайдың тасындай педагогтар болыпты. Содан да болар, бұл мектепте білім алған небір айтулы тұлға жетерлік. Солардың арасынан Шота Уәлиханов – сәулетші, Қазақстан сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірнеше ірі ғимараттардың, 20 монумент пен ескерткіштің (басқалармен бірге) авторы, оның ішінде Тоқаш Бокин, Шоқан Уәлиханов ескерткіштері, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі (1996), Қазақстан елтаңбасының дизайны (1996); Қажахмет Балахметов – Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі (1974-1987 жылдар); Кәкімбек Салықов – көрнекті ақын, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Кеңестер Одағы Жоғарғы кеңесі экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің Президиум мүшесі; Аманолла Рамазанов – Шымкент және Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы; Абай Байкенжин – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Астанадағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ (ҰҒМО) бас директоры; Марат Нұрғожин – техника ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Президенті Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқармасының төрағасы; Кенжеболат Хаиров – «ҚазМұнайГаз-Сервис» ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ бас директорының орынбасары (2006 жылдан) және тағы басқа халқымыздың көптеген ардақты ұл-қыздары шыққан.
Міне, осындай республика, қала берді шетелдерге танымал тұлғалар шыққан мектепте оқып жүргенде-ақ Сәрсенбай өзінің алғырлығымен көзге түседі. Мұның бір мәнісі мынада. 1979-1985 жылдар аралығында мектеп директоры З.Атығаеваның ұйымдастырушылық қабілеті арқасында мектеп жанынан құрылған оқушылардың өндірістік бригадасына бөлінген жер аумағы 5 гектардан 50-ге дейін жеткізіледі. Ол кісінің табандылығымен шаруашылық тарапынан 3 трактор бекітіліп, мектептің қарамағына КАВЗ автобусы беріледі. Осы жағдайлар барысында ауыл жанындағы Құмдыкөл жағалауынан жазғы еңбек және демалыс лагері ұйымдастырылып, типтік үлгідегі ғимараттар салынады. Оны көп жыл машинатану пәнінің мұғалімі С.Мұханбеталин басқарыпты. Серік Нұрмұханұлы былай деген еді: «Жазғы еңбек лагерінде 3 мұғалім-тәрбиеші кезекшілік атқарып, 2 аспазшы мен бір күзетші еңбек етті. 8-10-класс балаларынан құрылған бригадалар өз алқаптары мен жылыжайларында картоп, қырыққабат, қызылша, сәбіз, қияр, қызанақ және пияз өсірді. Өнімнің барлығы мемлекетке, сондай-ақ жергілікті қоғамдық тамақтандыру және азық-түлік қызметі кәсіпорындарына жөнелтілді. Одан бөлек, бір табын тайынша мен бір отар тоқтыны бағып-күтіп, олардың жүнін қырқу, купкаға түсіру оқушылардың мойнында болды.
Тағы бір айтпағым, лагерьде жүргенде Сәрсенбайдың тағы да көзге түскені бар. Жоғарыда айтқандай, олардың қарамағындағы бір табын тайынша мен бір отар тоқтыны бағып-күтіп, жақсы жетістіктері үшін 1983 жылы оқушылардың еңбек бірлестіктерінің облыстық слетіне қатысып, еңбегі еленіп 2-орын алды. Міне, Сәрсенбайдың сол заманнан қалыптасқан еңбекқорлығы, малға деген көзқарасы кейін оның мал дәрігерлік мамандығын таңдауына әсер еткен болар деп ойлаймын».
Расында, үйдегі ірі қара мен ұсақ малды бала кезінен күтіп-бағуға машықтанған, оның арасында жазғы еңбек және демалыс лагерінде де кәнігі мал өсірушілердің «мектебінен» өткен талапты жас, 1984 жылы мектепті бітірген соң ата-анасының рұқсатын алып, Целиноград қаласына келіп, ауыл шаруашылығы институтындағы мал дәрігерлігі мамандығына құжаттарын тапсырады. Сол жылы қабылдау комиссиясы талапкерлерге «жеңілдік» жасап, тәжірибе ретінде аттестаттағы орташа бағасы 4,5 болған студенттерге төрт пәннің орнына екі сабақтан ғана емтихан тапсыруға мүмкіндік беріп, біреуінен 5, екіншісінен 4 алса, яғни 9 балл жинаса, студенттер қатарына қабылдайтын ереже енгізеді. Мұндай сынақ Сәрсенбайдың оң жамбасына дөп келіп, қиналмай-ақ тапсырып, студент атанады. Алайда көп ұзамай, келесі жылы оны Кеңес Армиясы қатарына шақырып, әскери борышын өтеуге аттанады. Алдымен сержанттар мектебінде оқып, әрі қарай әскери қызметін Моңғолияда жалғастырып, 1987 жылы елге оралды.
Студенттер қатарына қайта оралған ол оқуға құлшына кіріседі. Институт оқытушылары да сайдың тасындай еді. Оған, әсіресе, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, паразитолог ғалым Н.Қадыров, анатомия және гистология кафедрасының оқытушысы Т.Боранова, микробиология кафедрасының оқытушылары А. Дмитриев, М. Никишова жүргізген сабақтар қызықты әрі мазмұнды болатын. Ветеринариялық микробиология, вирусология, эпизоотология бойынша сабақтар да көңілінен шығатын. 3 курстан микробиология және вирусология пәндері бойынша студенттік үйірмеге қатысып, институттың ғылыми конференцияларында баяндама жасады. Сәрсенбайдың ғылымға деген бейімділігін байқағандықтан, Ұлттық биотехнология орталығы базасында жүргізілген «Бұзаулардың эшерихиозын» зерттеу жобасы бойынша орындаушысы болды. Сонымен бірге Б.Шахманов, Э. Ушакова, А. Танраев, Р.Ибрагимов және басқа оқытушылардың сабақтары да мазмұнды және қызықты өтетін. 1991 жылы бес жылда артта қалып, институтты үздік бітірген С.Әбдірахмановты эпизоотология және паразитология кафедрасының ассистенті қызметіне қабылдайды.
Бір жыл оқытушылықпен айналысқан Сәрсенбай Қадырұлы ғылым жолына бет бұрып, 1992 жылдың қазанынан 1999 жылдың мамырына дейін Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентіндегі Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік пробемалары ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді (аға зертханашы, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер). Бұл ғылыми мекемедегі оның негізгі қызметі жасаушы өсінділермен, вирустармен коректі орталармен, вакциналық препараттарды дайындау және бақылау технологиясымен жұмыс істеу болады. Осы нституттағы аспирантураны сырттай оқып, бітірген соң 1997 жылы С.Әбдірахманов «Ауески ауруына қарсы жоғары белсенді вирус вакцинасын дайындау технологиясын жасау және оны жануарларды иммунизациялау үшін қолдану» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
1999 жылдан бастап Сәрсенбай Қадырұлы өзі білім алған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне келіп, аға оқытушы, доцент, 2004 жылдан кафедра меңгерушісі, 2018 жылдан декан болып жұмыс істеді. 2009 жылы «Шошқаның классикалық обасы мен Ауески ауруының эпизоотологиялық мониторингі және иммунопрофилактикасы» тақырыбында ветеринарлық ғылымының докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Профессор С.Әбдірахманов 2004-2018 жылдар аралығында 15 жыл кафедра меңгерушісі, 2018 жылдан 2025 – 2026 оқу жылына дейін декан, соңғы жарты жылында университеттің «Жануарлар ғылымы және ветеринария» институтының директоры болып қызмет атқарды. Осы кезеңде кафедра мен факультетте барлық мамандық бойынша магистратура мен докторантура ашылды.
С.Әбдірахманов «ЖОО-ның үздік оқытушысы-2011» мемлекеттік грантының және «Үздік ғылыми қызметкер-2021» мемлекеттік сыйлығының, сондай-ақ 2024 жылғы жетекші ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болды. 2011 жылы оған «профессор» ғылыми атағы берілді. Оның жетекшілігімен 3 кандидаттық және 3 PhD диссертациясы қорғалды және 30 ғылым магистрі дайындалды.
Профессор С.Әбдірахманов 335 ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде импакт-факторы бар 42 мақала, Қазақстанның өнер табыстарына берілген 21 авторлық куәлік, 7 монография, 27 оқулық пен оқу құралы бар. Хирша индексі – 10.
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ Ветеринариялық санитария кафедрасының меңгерушісі (2004-2018 жж.) және Мал шаруашылығы ветеринариясы және технологиясы факультетінің деканы (2018-2023 жж.) лауазымында жұмыс істеген жылдары бірнеше нәтижеге қол жеткізді. Кафедра мен факультетте 30-дан астам гранттық жоба, 4 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, 3 халықаралық жоба, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші 3 шаруашылық келісімшарттық тақырып іске асырылуда.
Оның басшылығымен 2018 жылы Қазақстан-Қытай биологиялық қауіпсіздік жөніндегі бірлескен зертханасы құрылды. Зертхана қажетті жабдықтармен жабдықталған және BSL-2 қауіпсіздік стандарты негізінде жұмыс істейді.
Ғалым 2019-2020 жылдары «Агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі» басым бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы болды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жобасының форсайт сарапшысы (2023), 2001 жылдан бастап Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының сарапшысы, 2014 жылдан бастап Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің сарапшысы, 2012-2018 жылдары Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сарапшысы қызметін атқарды. 2025 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «8D091 Ветеринария» мамандығы бойынша докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесінің төрағасы атанды.
2026 жыл да ол үшін табысты болды. Наурыз айынан бастап Басқарма мүшесі – зерттеу қызметі жөніндегі проректор лауазымына тағайындалса, көп ұзамай Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Сөйтіп, ғалымдықтың биік шыңына баланатын академик атақты Сәрсенбай Әбдірахманов С.Сейфуллин университеті түлектері арасында бірінші болып қол жеткізді. Бұл оның ғылым саласындағы көпжылғы қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға демекпіз.
Сөз соңында бүгінде нағыз кемел шағына келген, тарлан ғалым, ұлағатты ұстаз Сәрсенбай Қадырұлындай парасатты азаматтың Қазақстанның білімі мен ғылымын дамытудағы асқаралы жолында алатын асуы көп, жарқын күндері мол, қызметі жемісті бола береріне сенім зор.
Өмірзақ СҰЛТАНОВ,
Журналистер одағының мүшесі,
С.Бердіқұлов атындағы
сыйлықтың лауреаты