in

Рагаса тайфуны Қытай, Филиппин мен Тайвань аралдарын шығынға ұшыратты

AP агенттігінің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz  супер тайфунның салдарын бағалайды.

Гонконгта 80 адам жарақат алып, жүздеген ағаш құлаған. 700-ден астам әуе рейсі тоқтатылған. Фото news.com.au сайтынан алынды

Тайфун сәрсенбі күні (23 қыркүйек) күндіз Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясына қарасты Хайлин аралына жетіп, Вьетнамға қарай жылжыған. Бұған дейін Цзянмэнь қаласында желдің екпіні сағатына 241 км-ге жеткені тіркелді.

«Дауылдар патшасы» атанған Рагаса туралы негізгі деректер енді белгілі бола бастады. Қыркүйектің басында Микронезия үстінде қалыптасқан Рагаса Тынық мұхитының әдеттен тыс жылы суы арқылы қуатын күшейткен. Дүйсенбіге (22 қыркүйек) қарай оның жылдамдығы сағатына 265 км-ге жетіп, ол супертайфун санатына өтеді.

Супертайфун деп жел жылдамдығы кемінде 241 км/сағ болатын дауылды айтады. Фото moya-planeta.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

Метеорологтардың айтуынша, жел жылдамдығы сағатына кем дегенде 119 км-ге жеткенде дауыл тайфун саналады. АҚШ Әскери-теңіз күштерінің классификациясы бойынша супертайфун деп бір минут ішінде тұрақты жел жылдамдығы кемінде 241 км/сағ болатын дауылды айтады. Әртүрлі елдерде бұл критерийлер аздап өзгешеленеді.

Сәрсенбі күні (24 қыркүйек) түстен кейін Гонконг метеорологиялық қызметі Рагасаның санатын супертайфуннан күшті тайфунға дейін төмендетті. Сол кезде дауылдың эпицентріндегі желдің ең жоғарғы жылдамдығы 175 км/сағ болған. Дауыл Қытайдың оңтүстігіне қарай жылжыған сайын әлсірей бастаған.Гонконгқа жетпей тұрып-ақ Рагаса Тайвань мен Филиппиннің кейбір аудандарын қиратып өтті. Тайваньның шығысындағы Хуалянь уезінде тайфун салдарынан көл жағасынан шығып, көрші Гуанфу мекеніне тасыған. Лай көшкіні көпірді қиратып, көліктерді ағызып әкеткен тау өзеніне айналады.

Су тасқыны салдарынан кем дегенде 17 адам қаза тапқан, тағы 17 адам іздестіріліп жатыр. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, таңертең 4 000-дай тұрғын үйінің жоғарғы қабаттарына немесе биік жерлерге шығып, паналаған.

Филиппиннің солтүстігінде дүйсенбі күні (22 қыркүйек) Санта-Ана қаласы маңында жеті балықшы қайығы аударылып суға кетіп, оның үшеуі көз жұмған. Тағы бес балықшы хабар-ошарсыз кеткен.4 000-дай тұрғын үйінің жоғарғы қабаттарына немесе биік жерлерге шығып, паналаған. Фото hindustantimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP

Қытайда тайфун салдарынан Гуандун провинциясынан шамамен 1,9 миллион адам эвакуацияланды. Онға жуық қалада мектептер, зауыттар мен қоғамдық көлік уақытша жабылды. Гонконгта кем дегенде 80 адам жарақат алып, жүздеген ағаш құлаған. 700-ден астам әуе рейсі тоқтатылған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда теңіз суы қонақүй есігінен ішке лап қойып, адамдарды ағызып әкеткен сәттер көрсетілген.

Қытай төрағасының БҰҰ-дағы мәлімдемесі

Рагаса тайфуны климаттың өзгеруі салдарынан күшейіп келе жатқан тропикалық дауылдың айқын дәлелі болып отыр. Ғалымдар мұхит суларының жылынуы тайфундардың жиілігін және күшін арттыратынын, бұл өз кезегінде жағалаудағы елдерге үлкен қауіп төндіретінін ескертуде.

24 қыркүйекте климаттың өзгеруіне арналған БҰҰ-да өткен конференцияда Қытай төрағасы Си Цзиньпин видео үндеу жасады. Онда Қытай басшысы климаттың өзгеруін адамзаттың ортақ сынағы деп атап, көміртегі шығарындыларын азайту бастамаларымен таныстырды. 

Қытайдың жаңа ұлттық үлесін (NDCs) жарияланып, 2035 жылға қарай парниктік газдардың таза шығарындыларын шекті деңгейден 7-10% азайту, жасыл энергия көздерінің үлесін 30%-дан асыру жоспарлары айтылды.

Қытай төрағасы дамыған елдерді климатпен күресте көшбасшылық танытуға және дамушы елдерге қолдау көрсетуге шақырды. Бұл мәлімдемелер Қытайдың климаттық саясаттағы жауапкершілігін арттыруға деген ниетін көрсетеді. Рагаса сияқты дауылдардың ауыр зардаптары мұндай шаралардың шұғыл қабылдануының маңыздылығын дәлелдейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.