14 жастағы жасөспірім Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт ішінде бес жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Міне, сол кішкентай баланың бетін тілген жасөспірімге қатысты тың дерек шықты, – деп хабарлайды Аikyn.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 14 жастағы К.-ге қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы бар қылмыстық іс түскен.
Оның 2025 жылғы 11 ақпанда тұрғын үй кешенінің лифтінде кәмелетке толмаған балаға яғни, Е.-нің денесіне зақым келтіріп, оның бетіне пышақпен жарақат салғанын анықтады.
Сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес К. созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбеген және оларды басқара алмағанын, психикалық жағдайы бойынша өзіне және қоғамға қауіп төндіргенін хабарлады. Сот К.-ның II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғанын көрсетті.
Қылмыстық кодекстің 16-бабының талаптарына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ғана қолдана алады.
Сондықтан сот қаулысына сәйкес, К.-ге Талғар ауданы Ақтас ауылындағы қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі мекемеде стационарлық мәжбүрлеп емдеу тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 11 ақпанда Қазақстан жұртшылығын дүр сілкіндірген оқиға болды.