in

Желі және жеткіншек

Біреулер жас ұрпақты интернеттің құрдымға тартатын иірімінен осылай қорғау керек десе, тағы бір тарап адам құқығына, ақпарат еркіндігіне алаңдайды. Екі пайымның да жаны бар. Сондықтан бұл мәселе «тыйым салу керек пе, жоқ па?» деп тар шеңберде талқылауға сыймайды. Ең бастысы – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, оның цифрлық ортада өз бетінше бағдар табуына септесу.

Қазір баланың қолындағы смартфон – жай ғана байланыс құралы емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі. Сабақ та сонда, достар да сонда, жаңалық та сонда. Кейде жеткіншектер ата-анасына айта бермейтін сырын сол жерде бөліседі. Бірақ әлеуметтік желіде кибербуллинг, зиянды контент, алаяқтық, қолданушыны экранға байлап қоятын алгоритмдер де болады. Санасы бекіп үлгермеген жасөспірім он­дағы жақсы мен жаманды, пайда мен за­лалды, асыл мен жасықты толық ажырат­пауы мүмкін. Яғни балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін талқылау – уақыт талабы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында «әлеуметтік желілер бала тәрбиесіне ке­сірін тигізе бастады» деп дабыл қақты. Мемлекет басшысы жас ұрпақтың пси­хологиялық саулығы ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты мәселе екенін айтып, «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» 2018 жылы қабылданған заңды қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуін шектеуге арналған заң жобасын Құрылтай қабырғасында қарауды тапсырды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген өзгерістер «Онлайн-платфор­малар және онлайн-жарнама туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы жүзеге аспақ. Негізгі ұсыныс – халықаралық платформаларда қалыптасқан 13 жас шегін Қазақстанда 16 жасқа дейін көтеру. Жасты тексеру һәм талаптың орындалуын қадағалау міндеті платформалардың өзіне жүктелмек. Шектеуге Instagram, TikTok, Facebook, VK, Threads сияқты бұқаралық контент тарататын классикалық әлеумет­тік желілер ғана ілігеді. WhatsApp, Telegram сынды хабар алмасатын мессенджерлер заңда қамтылмайды. Заң жобасы ресми жарияланған соң онлайн-платформаларға өздерінің техникалық алгоритмдерін бейімдеу үшін 6 айдан 1 жылға дейін өтпелі кезең беру көзделген.

Дегенмен бастаманың жүзеге асу тәртібіне қатысты біраз мәселе әлі нақты­лануға тиіс. Бұрын ашылған аккаунттардың тағдыры, 14-15 жастағы жеткіншектердің ата-ана келісімімен тіркелу мүмкіндігі, жасты тексеру ережесі заңда анық көр­сетілуі керек.

Әлеуметтік желіге кіруді шектеу бала­ны интернеттегі қауіптен толық қорғайды деуге болмайды. Жасөспірімдер ересек туысының деректерін пайдаланып тіркелуі ықтимал, тіпті бақылауы әлсіз платформаға ауысып кетуі ғажап емес.

Әлеуметтік желінің балаға әсері ак­каунт­тың бар-жоғына ғана емес, тұты­натын контентіне, араласатын ортасына да байланысты. Мәселен, түнде телефонды ұзақ пайдалану ұйқы режимін бұзып, назар тоқтату, есте сақтау қабілетін, сабақ үлгері­мін төмендетеді. Әлеуметтік желідегі өңделген суреттер, мінсіз өмір көріністері жеткіншектің бойында өз-өзіне көңілі толмау синдромын өршітеді. Кибербуллинг те ерекше қауіп төндіреді: интернеттегі қорлау мектептен тыс уақытта да жалғасып, баланың психологиялық жағдайын нашарлатады. Бұған зорлық-зомбылықты насихаттайтын контентті қоссақ, мәселе­нің мәні тереңдей түседі.

Ғылыми зерттеулер бойынша әлеу­меттік желіні көп қолданатын жасөспірім­дер арасында депрессия белгілері жиі кездеседі екен. Алайда күйзелістің жалғыз себебі сол ғана деп біржақты қарас­тырсақ, жаңсақтыққа ұрынамыз. Мұнда отбасындағы ахуал, мектептегі орта, баланың мінез-құлқы да маңызды рөл атқарады.

Ресми деректерге жүгінсек, қазақ балаларының цифрлық әлемге тым ерте кіретінін байқаймыз. Жақында Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Премьер-министрге жолдаған сауалында 9-10 жастағы балалардың 60 пайызында, 11-12 жастағылардың 66 пайызында аккаунт бар, ал 88 пайызы жеке смартфон ұстайды деген дерек келтірді. Жеткіншектер, әсіресе TikTok, YouTube, Instagram платфор­маларын еркін пайдаланады. Осы көрсеткіштерге қарап отырып, мәселені тек жас шегін белгілеумен шешу мүмкін еместігін аңғарамыз.

Айтпақшы, әлеуметтік желіні тек қауіп көзі ретінде қарастыру да қате дейді сарапшылар. Цифрлық кеңістік білім алуға, тіл үйренуге, шығармашылықты шыңдауға, пікірлес жандармен байланыс орнатуға септеседі. Ендеше баланы зиянды контенттен қорғаймыз деп пайдалы ақ­парат­қа апаратын жолын да жауып ал­мауы­мыз қажет. Ол үшін цифрлық сауатты арттырған абзал. Бала жалған жаңалықты танып, жеке деректерін қорғап, күмәнді сілтемелерден қашуды меңгеруі керек.

Маңызды бір мәселе – пайдалану­шының жасын тексеру. Әрине, бұл жұ­мысты eGov-пен цифрлық сәйкестендіру немесе бет-әлпетті бағалау арқылы жүргізуге болады. Бірақ әр тәсілдің өз қаупі бар. Мемлекеттік ID жеке деректердің шамадан тыс жиналуына әкеп соғуы мүмкін, бет-әлпетті анықтау әрдайым дәл нәтиже бермейді. Ал пайдаланушының өзі туған күнін көрсетсін деген талапты ай­налып өту оп-оңай.

Жас тексеру жүйесі дәлдікпен бірге дербес деректердің құпиялығын да сақтаса игі. Платформаға адамның бүкіл мәліметін құя салмай, 16 жасқа толғанын растайтын ақпаратты ғана беру жеткілікті. Баланы қорғау оның жеке өміріне қол сұғып жүзеге аспауы керек.

Бастаманың құқықтық жағын да ескер­ген жөн. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының 13-бабында әр баланың ақпарат іздеу, табу және тарату бостандығы белгіленсе, ҚР Конституция­сының 20-бабында сөз бостандығына және ақпаратты еркін алуға кепілдік бе­рілген.

Мамандар мәселені кешенді шаралар көмегімен шешуге шақырады. Мысалы, негізгі мақсат кибербуллингті азайту болса, аккаунт ашуды шектеуден бөлек қорлайтын контентті жедел жою, шағым­дарды уақытылы қарау, платформалардың қауіпсіздікке қатысты міндеттерін күшейту жолдарын да қарастырған орынды болар еді. 14-18 жастағы жеткіншектердің құқықтық дербестігі назардан тыс қалмауы шарт. Оған қоса, ауыл мен қала балалары­ның цифрлық мүмкіндіктері бірдей емес. Шалғай елді мекендерде интернет білім алу, тіл үйрену, құрдастарымен байланыс орнату құралына айналған. Сондықтан заңдағы шектеу цифрлық теңсіздікті күшейтпеуі керек.

Әлем елдері бұл мәселені әртүрлі жол­мен шешуге кіріскен. Аустралия былтыр 16 жасқа дейінгі балалардың бірқатар әлеуметтік желіде аккаунт ашуына тосқауыл қойды. Талаптың орындалуына платформалар жауапты. Францияда 15 жасқа дейінгі балалардан ата-анасының келісімі сұралады. АҚШ-тың кейбір штаттарында да кәмелетке толмағандардың тіркелуін шектеуге бағытталған нормалар қабылданды. Алайда мұндай шаралар ақпарат алу құқығы мен жеке деректерді қорғау туралы құқықтық дауларға ұласқан. 

Қазақстанда платформалардың жауап­кершілігін нақтылау да өзекті. Балалардың аккаунтына бейтаныс адамдардан хат келмейтін тетік жасау, түнгі хабарлама­ларды өшіру, жасөспірімдерге ұсынылатын контенттің қауіпсіздігін арттыру секілді жұмыстар күн тәртібінде тұр. Өйткені мәселе баланың желіге кіруінде ғана емес, платформаның оған қандай ақпарат ұсынуында жатыр.

Бұл іске мемлекет те, платформалар да, мектеп пен отбасы да ортақ жауапкер­шілікпен атсалысуы керек. Мемлекет құқықтық талаптар мен техникалық стан­дарт­тарды бекітіп, олардың орындалуын бақылауы керек. Платформалар қауіпсіз интерфейс құрып, шағымдарды қарау жүйесін жетілдіруі керек. Мектепте кибер­буллингтен қорғану, жалған ақпаратты ажырату, дербес деректерді сақтау дағды­лары үйретілуі керек. Интернетте қысым көрген балаға психологиялық көмек те қолжетімді болуы керек. Осы керектердің орны толса, заң бекер қабылданбады деген сөз.

Заңның тиімділігі бұғатталған аккаунт­тар санымен ғана өлшенбейді. Кибер­буллинг азайды ма, зиянды контенттің таралу көрсеткіші төмендеді ме, балалар­дың интернетте өткізетін уақыты өзгерді ме, жас тексеру жүйесі қаншалықты жиі қателеседі – нәтижені бағалау осы көр­сеткіштерге сүйенуі керек.

Қысқасы, балаға еркіндік беру дегеніміз оны қауіптің ортасына тастап кету емес. Қорғау дегеніміз ақпарат алатын арналарды түгел жабу емес. Негізгі міндет – осы екі талаптың ортасынан тепе-теңдік табу. Баланы цифрлық ортадан біржола оқшаулау қиын. Оған интернетті қауіпсіз пайдалану жолдарын үйреткен дұрыс. Экранның ар жағындағы өмірге дайындау дегеніміз – осы.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ