in

Жатақханасыз жастардың жыры бітер ме?

Себебі жатақхана ашу біршама табысты бизнеске айналды. Оның қожайынына ақшаны Үкімет те, шәкірттер де қатар төлейді. Бұған қоса, мемлекеттен субсидия, артықшылық-преференциялар бар. Ал төменгі қабатын коммерциялық алаң ретінде пайдаланып, асхана, дәмхана, дүкен, басқасын ашып, қосымша пайда табуға болады. Бұл науқан «жетімбұрыш» жағалаған жастар проблемасын түпкілікті шешті ме?

Жайнатып сарай салғызды…

«Жатақхана жарысы» тосын кө­рі­ніске де ие болып жатыр. Мысалы, тұ­рғынының саны жөнінен ең шағын өңір­дің бірі саналатын Солтүстік Қа­зақстан облысындағы жалғыз жоғары оқу орны – Қозыбаев университеті сырт­қы кейпінің өзі бесжұлдызды қо­нақүйді елестететін керемет жа­тақ­хана тұрғызып, іске қосты. Оның кіреберісінде алып әріптермен Student Residence Hall деп айғайлата жа­­­­зылған. 

Университеттік заманауи ке­шен 11 қабатты екі ғимарат­тан тұрады. Жалпы ауданы – 27 мың шар­шы метр. 1 200 төсек-орынға есеп­­телген. Онда жайлы жиһазбен жаб­­дықталған бөлмелер, үлкен ас­хана, жеке медпункт, фитнес зал­дары, коуоркинг-аймақтар қа­рас­ты­ры­лыпты. Жаңа «резиденциядан» бө­лек, Қозыбаев университетінде жал­пы 1 365 орынға арналған тағы төрт жатақхана жұмыс істейді. Ше­неуніктер бұл жаңа нысан тек ЖОО-ның ғана емес, жалпы СҚО кол­ледж­дерінің де жатақханаға қажеттілігін то­лықтай өтеуге мүмкіндік беретініне ек­пін түсірді. Алайда осы универ­си­теттің өзінде 5 765 шәкірт білім ала­ды. Демек, өзге түгіл, олардың бәріне орын табылмауы мүмкін.

Биыл­ғы 6 қаңтарда Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық универ­си­те­тінде Қа­зақстандағы ең үлкен «Студенттер үйі­нің» салтанатты ашы­лу рәсімі өт­ті. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың өзі оның тұсауын кесті. Үш блоктан тұ­ра­тын алып жатақ­ха­на­ға бір мезгілде 2 656 адам түней ала­ды. 6 қабатты ғи­мараттың ауданы – 15 мың шаршы метр. Әр блокта сту­денттерге жайлы тұру үшін коуор­кинг, кітапхана, фит­нес зал және коммерциялық алаң­дар қарас­ты­рылған. Онда ЕҰУ-дың ба­калавриат, магистратура және док­торантура студенттері орна­ла­сады. Кешен же­ке­меншікте, ол мем­лекеттік-же­ке­меншік әріптестік не­гізінде салын­ған.

Бұл ны­сан толығымен Wi-Fi-мен жаб­дықталған. Әр бөл­менің төл жуы­натын орны бар. Қо­лайлы лифт­пен, кең есіктермен, жай­лы төсек-орын, қымбат жиһаз­дармен жабдық­талған. 

– Жатақхана – бұл тек жататын орын ғана емес, сонымен бірге сту­дент­тердің жан-жақты дамуына ық­пал ететін экожүйе. ЕҰУ-дың бұл сту­денттік кешені – Қазақстанның бү­кіл тарихындағы ең ірі жатақхана! Мұн­дағы барлық дизайн мен инф­рақұрылым білім алушылар үшін ыңғайлы, кедергісіз орта құруға ба­ғыт­талған. Қазақстанда алғаш рет осын­дай ірі студенттік жатақхана ашылуы – айтулы тарихи оқиға! – деді Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек.

Осымен ең құрыса еліміздің же­тек­ші білім-ғылым ордасының бірі са­налатын ЕҰУ-дың жатақхана мә­селесі шешілді ме?

– Студенттерді жатақханамен қам­ту мәселесі әлі бірнеше жыл өзек­­тілігін жоғалтпайды. Біздің уни­верситет студенттерге қолайлы жағ­дай жасауды бірінші орынға қоя оты­рып, бұл мақсатқа жету жолында бар күшін салды. Алдағы уақытта жаңа «Студенттер үйінің» құрылысын жал­ғастырып, білім алушыларымызға бұ­дан да көп жағдай жасауды жос­парлап отырмыз, – деді ЕҰУ ректоры Ерл­ан Сыдықов.

Айтқандай, шағындау ЖОО-лар­дың бірі (ресми сайтында 3 мыңнан аса студенті бары жазылған), өзін «елор­даның, Орталық және Сол­түс­тік Қазақстанның заманауи жетекші уни­верситеті» деп дәріптейтін Esil University де Астанада «еуропалық үлгідегі жаңа жатақхана» салып жатыр. 

– Бәріңізді осындай ізгі баста­ма­мен құттықтаймын! Біз министрлік ре­тінде барлық студентті жатақха­на­мен қамту мәселесінде алда тұрамыз. 2024 жылы 10 мыңға жуық орындық жатақхана іске қосылды. Алда орын санын 15 мыңға жеткізу мақсаты тұр. Сон­дықтан қосымша қаражат бөлуге қа­тысты Мәжіліс тарапынан қар­жыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Негізгі мақсат – жатақхана мәселесін 2-3 жылда шешу, – деп мәлімдеді осы университетке келген Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Қожахметов.

Тапшылық қалай жойылады?

Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін түпкі­лік­ті шешу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 26 қарашадағы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әр­қайсымыз үшін. Қазір және әр­дайым» сайлауалды бағдарламасында міндет етіп қойылды. Тапсырманың бе­рілгеніне биылғы қарашада үш ж­ыл толады. Жауапты шенеу­нік­тер­дің оны шешуді ұзатып алғаны бай­қалады. 

                                                                                 коллаж: Елдар ҚАБА

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің ресми мәліметі­не жүгінсек, 2023 жылы 10 304 орын­дық 43 жатақхана ғана іске қосы­лып­ты. 2024 жылы жаңа жатақханалардың саны 40-қа дейін азайып кетті. Бірақ ғимараты ірілеу болғандықтан, бұлар 11 мың орынды қамтамасыз еткен кө­рі­неді. Министрлік Мемлекет бас­ш­ы­­сының тапсырмасын орындау шең­берінде 2025 жылы 10 439 орын­дық 29 жатақхананы беру жоспарлан­ға­нын мәлімдеді. Яғни, жатақханалар са­ны 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге дейін кеміп кетті. 

Сөйтіп, жатақхана мәселесінің әзі­рге түпкілікті шешілетін түрі жоқ. Биыл­ғы жаз бойы Ғылым және жо­ғары білім министрі Саясат Нұрбек өңірлерді аралап, жергілікті тұрғын­дар­мен және білім беру саласының өкіл­дерімен жүздесумен болды. Сол кез­десудің бәрінде жұртшылық бала­ларына жатақханада орын табылма­ғанына шағымданған. 

Кей жағдайда министр мырза­ның мұның себебін түсін­діре­тін уәжі де болмады. Тек бола­шақ­та болады-ау деген ауандағы сыр­ғытпа жауаппен жалтаруға тура кел­ді. Мысалы, Арқалық қаласын­дағы кездесу барысында тұрғындар тағы да жатақхана тапшылығын тілге тиек етті. Министр «Арқалықта сту­дент­терге арналған заманауи жатақ­хана құрылысы болашақта бастала­ты­нын» мәлімдеді. Бірақ ел қанша нақ­тыласа да, ол жарқын болашақтың қа­шан туатынын дөп басып айта ал­мады. Тек бұл – «өңір жастарына жа­салатын маңызды инфрақұрылым­дық қолдаудың бірі» болатынын қайталаумен шектелді. 

Саясат Нұрбектің дерегінше, соң­ғы 3 жылда республика бойынша сту­денттік жатақханалардағы орын тап­шылығы шамамен тоғыз есе азайып, үш жыл бұрынғы 87 мыңнан 10 мыңға дейін қысқарған. 

Алайда елде бұл салада шын мә­нін­де дағдарыс бар. Сол себепті ве­домство биылғы тамызда Алматыда студенттерді жатақханамен қамту үшін арнайы орталықтар ашты. Ахуал­дық орталық Алматыдағы «Бө­генбай батыр көшесі, 142» мекен­жайын­дағы Қазақ ұлттық қыздар пе­дагогикалық университетінің база­сында орналасқан. Бұдан бөлек, жатақхана берілетініне сеніп, ақыры далада қалған өңірлік шәкірттер үшін М.Тынышпаев атындағы Көлік жә­не логистика университетінде ар­найы түнейтін орын – «кризис-ор­талық» жабдықталыпты.

– Жалпы алғанда, Алматыдан бас­қа еліміздің барлық өңірінде жа­тақ­хана мәселесі шешілді. Қазір Алма­ты қаласы – басты назарда. Кез кел­ген курс студенттері универ­си­тет­тен ақпарат ала алмаған немесе орын жеткіліксіз болған жағдайда ахуал­дық орталыққа жүгіне алады. Мұндай жағ­дайда министрлік студенттерді бас­қа ЖОО-лардағы резервтерге ор­наластырады. Шұғыл жағдайларға ар­налған Дағдарыс орталығында 55 орын қарастырылған. Елде орын тап­шылығы ішінара хостелдерге ор­наластыру арқылы шешіліп жатыр. Хос­телдер оқу жылы басталар ал­дын­да, ортасында және студенттер орын­дарды босатқаннан кейін жы­лына үш рет тексеріледі, – деді С.Нұрбек.

Аймақтық студенттердің 28,5%-ы – жатақханада

Бір аптадан соң елдің түкпір-түк­пірінен ірі қалаларға білім қу­ған жастар лек-лекпен ағылады, ал­ды келіп те қойды. Министрдің мойын­дауынша, жылдағы сияқты биыл да студенттер үшін жаңа оқу жы­лының маңызды проблемасының бірі – жатақханаға орналасу болмақ. Өт­кен 2024-2025 оқу жылында қос  мегаполисте жатақханаға деген өт­кір тапшылық туындапты. Биыл Алма­тыда ғана күтілетіні мәлімделді. Өзге өңірлерде өткір «дефицит» бол­ма­ғанымен, жетіспеушілік байқалуы мүмкін. Оны шешу ЖОО-ларға жүк­телді.

– Студенттердің оқу жылы ба­сын­да көптеп келуі, әсіресе Алматы мен Астанада күтілгендіктен ми­нистр­лік ахуалдық және дағдарыс ор­талықтарын ұйымдастырды. Ахуал­дық орталық студенттерді жа­тақханадағы орын туралы хабардар ете­ді, ал дағдарыс орталығы форс-ма­жор жағдайдағы, баспанасыз қал­ған студентті уақытша тұрғын орын­мен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ  елдегі барлық жоғары оқу орнында жатақханаға мұқтаж студенттерді қолдау үшін төл ахуал орталықтары, жобалық кеңсе жұмыс істейді, – деді министр С.Нұрбек.

Ол жатақханаға орналасу өті­ні­шінің форматы оңтайландырылға­нын, былтырдан студенттердің жа­тақ­ханадағы орынды таңдау қызметі автоматтандырылған проактивті фор­матқа көшірілгенін қосты. Проак­­­­­тивті форматты іске асыру үшін Smart Data Ukimet жүйесі мен «Жоғары білім берудің бірыңғай плат­формасы» ақпараттық жүйесі кірік­тірілді.

«2019 жылдан бері Қазақстанда 62 045 төсек-орынға арналған 251 ж­а­тақ­хана іске қосылды. Салыстыр­сақ, 2008-2018 жылдары – барлығы 9 мың орын ғана ашылған еді. Нә­ти­жесінде, жатақхана орнының тап­шы­лығы 2019 жылғы 82 500-ден 2025 жы­лы шамамен 10 000 орынға дейін қыс­қарды. Биыл барлық дерлік өңір бойынша жатақхана тапшылығы то­лы­ғымен жойылды. Тапшылық тек Ал­маты қаласында қалады», – деп сен­дірді Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі.

Алайда Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары бұл жерде әңгіме тек жатақханадан орын сұрап ж­ү­гінген студенттер туралы ғана бо­лып отырғанына назар аудартады. Әйт­песе, ауыл-аймақтан келген шә­кірттердің үлкен бөлігі бәрібір жа­тақ­ханадан орын таппайды, амалсыз қалада пәтер жалдап тұрады немесе жа­қын-жуық, туыс-туғанның үйін жа­ға­лайды. Мұның сыртында жатақ­ханалардағы орын қымбаттаған. 

Мәселен, Ұлттық статистика бю­росының ақпаратынша, 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда ЖОО-ларда оқыған 600 мыңдай сту­денттің 336,4 мыңы ауыл-аймақтан кел­ген. Бұл алдыңғы оқу жылындағы­дан 7,5% көп. Жаңа оқу жылында одан да жоғары болады деп болжан­ды. 

Министрлік, университеттер мен ірі қалалардың әкімдіктері солардың әзірге жартысын да жатақханамен қам­ти алмайды. Ауыл-аймақтан кел­ген студенттердің көптігі жөнінен көш басында Алматы (123,5 мың сту­дент) тұр. Одан кейін Астана (51,9 мың) және Шымкент (28,5 мың адам) орналасты. Бестікке Қарағанды мен Қостанай қаласы енді. 

Ресми мәлімет бойынша, өзге өңір­лерден және ауылдан келген 336,4 мың студенттің өткен оқу жы­лын­да 131,4 мыңы жатақхана сұрап жү­гініпті. Бұл 2023-2024 оқу жы­лын­дағы­дан (134,6 мың) 2,4% кем. Алай­да шенеуніктер осы қатары азайған жастарды да ақылы (жатақханадағы орын үшін ақы төлеу қажет) панамен қамтамасыз ете алмады. Қорытын­ды­сында, 95,9 мың студент қана жа­тақ­ханада тұрып жатыр. Негізі, іске қосылатын жатақханалар саны­ның қатты азайғаны жоғарыда кел­тірілді. Егер іске екпін мен серпін бер­месе, мұндай митың қарқынмен, жай­басар арынмен жауапты шенеу­нік­тер жастардың жатақ үйінің тап­шы­лығын түбегейлі шеше алмауы мүм­кін.

Елдос СЕНБАЙ