in

Жаратушының бар екенінің тағы бір дәлелін кванттық физика тапқан сияқты

Aikyn.kz кванттық әлемнің құпиясын zmescience.com  сайтында жарияланған материалға сүйеніп талдайды. 

Ең қызығы – кванттық теория тәжірибеде өте жақсы жұмыс істейді. Иллюстрация azoquantum.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock.com / Vink Fan

Дүниежүзінің жетекші физиктері Германиядағы Гельголанд аралында жиналып, ерекше келіспеушілікке тап болды. «Кванттық әлем деген жоқ. Кванттық жағдай біздің басымызда ғана өмір сүреді», – дейді Нобель сыйлығының лауреаты, Вена университетінің профессоры Антон Цайлингер. Бір қызығы, 2022 жылы дәл осы Нобель сыйлығын Цайлингермен бөліскен Ален Аспект оған сыпайы түрде қарсы шығып: «Мен келіспеймін», – деп жауап берген.

Ғалымдардың, тіпті ең беделділерінің арасында келіспеушіліктердің болуы – қалыпты жағдай. Алайда бір саланың өкілдері өздерінің кәсіби негізі болып табылатын іргелі түсінік жайлы әртүрлі пікірде болуы – өте сирек кездеседі.

Ең қызығы – кванттық теория тәжірибеде өте жақсы жұмыс істейді. Ол МРТ аппараттарынан бастап лазерлерге, тіпті осы мәтінді оқып отырған компьютеріңізге дейінгі түрлі құрылғылардың негізі болып отыр. Бірақ 100 жылдан кейін де физиктер бұл теорияның не білдіретіні жайлы ортақ пікірге келе алмауда.

Кванттық механика – бұл табиғаттың ең ұсақ масштабтағы (атомдардан бастап электрондар, фотондар және басқа субатомдық бөлшектерге дейінгі) мінез-құлқын сипаттайтын физика саласы. Классикалық физика, мысалы, планеталардың қозғалысын немесе алманың жерге құлауын сипаттайтын болса, кванттық физика ықтималдық, анықталмағандық және күнделікті интуицияға қайшы құбылыстар әлемін ашады.

Жаратушының бар екенінің дәлелін, яғни ашылмаған БІР ШЫНДЫҚТЫҢ бар екенін кванттық физиктер де мойындайды. Иллюстрация hafizaqaniafatima.com сайтынан алынды

Кванттық механика ешқашан шындықтың біржақты бейнесі болмаған. Ол біздің біліміміздің шекарасын бағалау құралына көбірек ұқсайды. Ғалымдар бірдей теңдеулерді қолдана отырып кванттық компьютерлер жасайды, қара құрдымдардың (черные дыры) табиғатын зерттейді. Бірақ бұл теңдеулердің нені білдіретініне келісе алмай отыр. Бұл – қателік емес. Бұл – әлі ашылмаған БІР ШЫНДЫҚТЫҢ бар екенінің дәлелі. Басқаша айтқанда, Жаратушының бар екенінің дәлеліне ұқсайды.

Жаратушы айналасындағы құбылыстарды түсінуде адамның қабілетінің шектеулі екенін көрсету үшін, «ал, бұны қалай шешесің?» деп жұмбақ жасырып отырғандай.

Физика – бұл табиғатта не болып жатқанын сипаттайтын ғылым. Бірақ не себепті солай болып жатқанын түсіндіре алмайды. Өйткені адам Жаратушы жасырған жұмбақты шеше алмауда. 

Бәлкім, болашақта адамзат жаңаша ойлай бастайтын болар. Мүмкін, ғаламда таңғаларлық жағдайлар орын алар. Мүмкін, Жаратушы адамның түсіну көкжиегін кеңейтер. Бірақ қазірдің өзінде толық түсінбесе де, кванттық физиктер есептер жүргізіліп, кванттық технологияларды нақты өмірде қолдану жалғасуда. Бұндай жағдай ақырзаманға дейін жалғаса ма?!

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.