Сол уақытта мемлекеттік қолдау қажет. Таяуда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облысында егін жинау науқанының аяқталуына орай өңірдің фермерлерімен кездесу ұйымдастырды.
Осы жиында алдымен Осакаров ауданындағы дәнді және майлы дақылдарды өндіруші YUGER2023 ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнын көріп, диқандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен таныстық.
Биыл компания 13 мың гектардан астам жерге егін еккен. Оның ішінде 10 мың гектардан астамы – бидай, 2 мың гектары – зығыр, шамамен 1 мың гектарға жасымық пен басқа да дақылдар себілген. Кәсіпорында фермерлер өз қызметі туралы айтып, алқаптар, астық қоймалары және қызметкерлерге арналған жаңа жатақхананы таныстырды. Мұнда 44 адам жұмыс істейді.
– «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның арқасында біздің техника паркі толық жаңартылды, барлық техника жаңа: егіс кешендері, жер өңдеуге арналған агрегаттар, комбайндар, тракторлар. Кейінгі 5 жылда компания жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеден асатын 50-ден астам техниканы лизингке алды. Мұндай қолдау бізге жылдам өсіп, дамуға мүмкіндік береді, – деді YUGER2023 ЖШС директорының орынбасары Михаил Волокушин.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға деген жоғары сұранысы бар өңірлердің қатарында.
2025 жылдың басынан бері облыстағы филиалына жалпы сомасы 15,3 млрд теңге болатын 1000-ға жуық техниканы қаржыландыруға өтінім қабылданған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, жалпы сомасы 11 млрд теңгеге 763 техника сатып алуға келісімшарт жасалған екен. Фермерлер жылдық 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген бағдарламаға ерекше қызығушылық танытып отыр.
– Қарағанды облысының шаруалары әрдайым өндірісті жаңғыртуға басымдық беріп келеді. Біздің фермерлер лизингтік бағдарламаларды белсенді пайдаланып жатыр. Биыл бұл бағытта нақты серпін байқалуда, өтінім саны өсіп келеді. Ерекше атап өтерлігі, шаруашылықтар заманауи тракторлар мен комбайндарға басымдық беруде, бұл өз кезегінде егіс және орақ науқандарының тиімділігіне тікелей әсер етеді. Біз үшін фермерлерді қаржыландырумен қатар, өтінім беру үдерісін мейлінше оңай әрі ыңғайлы ететін заманауи цифрлық шешімдерді ұсыну да маңызды, – дейді Еркебұлан Жұмжаев.
Іс-шара кезінде ауыл шаруашылығы техникасын лизингке рәсімдеуге арналған жаңа онлайн-сервис таныстырылды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері онлайн режимде өтінім беру тәртібін көрсетіп, бұл жүйе қағаз түріндегі нұсқаға балама болатынын атап өтті. Сонымен қатар компания өкілдері ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жағдайы әртүрлі екенін айтты. Барлық фермерде смартфон немесе цифрлық дағдылар бола бермейді, ауылдық жерлерде интернет желісі әлсіз. Осыған байланысты өтінім беру тәртібіне қатысты кез келген сұрақтар бойынша фермерлер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандарына тікелей жүгіне алады.
Айта кету керек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облыстық филиалы мен Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
– Біздің Қарағанды облысындағы «ҚазАгроҚаржы» филиалымен өте тығыз әріптестік байланысымыз бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанында агроөнеркәсіптік кешен комитеті жұмыс істейді, онда біз саланың өзекті мәселелерін талқылаймыз. Жалпы, еліміздің барлық өңірінде палатаның филиалы бар. Онда біздің кеңесшілер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге құжаттарды жинап, өтінімдерді толтыруға көмек көрсетеді. Егер фермерлерде қандай да бір сұрақтар туындаса, олар біздің филиалға жүгіне алады, жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірушілері 5% мөлшерлемемен берілетін «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасының қарапайым фермерлер үшін тиімді бағдарлама екенін, ал өтінімді онлайн беру – шаруаларға қосымша қолдау болғаны да айтылды.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректеріне сәйкес, Қарағанды облысында 2000 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта агроөнеркәсіптік кешенге шамамен 89,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Осы қаржыландырудың арқасында жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері 5 300-ден астам техника сатып алды. Бұл өңірдің аграрлық секторының дамуына елеулі үлес қосты. Қазір Қарағанды облысындағы «ҚазАгроҚаржы» филиалы 1 100-ден астам шаруаға қызмет көрсетіп отыр.
Әдебиет ЖҰБАНОВ,
Қарағанды облысы