in

Атаулы көмек алғандарға мониторинг жүргізілді

Осы мақсатта қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 2025 жылдың І, ІІ және ІІІ тоқсандарында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алған отбасыларға кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

Аталған шара әлеуметтік төлемнің тек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуін қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдік принципін сақтау мақсатында қолға алынған. Мониторинг барысында мамандар отбасылардың нақты тұрғы­лық­ты жеріне барып, табыс көздері мен тұрмыс жағдайын зерделеуде.

Жүргізіліп жатқан тексерулер нәти­жесінде, кейбір өтініш иелерінің көрсет­кен мекенжайы мен нақты тұрғылықты мекенжайының сәйкес келмеуі, сондай-ақ отбасы мүшелерін немесе нақты та­бы­сын жасыру секілді жағдайлар анық­талуда. Мұндай әрекеттер әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде заңсыздық­тарға әкеліп, мемлекет қаржысын мақ­сатсыз жұмсауға себеп болатыны белгілі.

Бүгінгі күнге дейін қала бойынша 769 отбасының жағдайына қайта тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде 29 отба­сына атаулы әлеуметтік көмек тағайын­даудан бас тартылып, жалпы сомасы 9 634 544 теңге бюджетке қайтару үстінде.

Мәселен, Абай ауданының Бозарық шағынауданында тұратын А.А. есімді тұрғын өтініш берген кезде отбасы құра­мын толық көрсетпей, табысын төмен етіп ұсынған. Алайда тексеру кезінде оның ата-анасымен бірге тұратыны және отбасы табысы әлдеқайда жоғары екені белгілі болды.

Әлеуметтік көмек көрсету қағида­ларына сәйкес, бір үйде бірге тұратын және тіркеуде тұрған барлық отбасы мүшесінің табысы (жалақы, зейнетақы, стипендия, жеке кәсіп табысы және т.б.) жиынтық табысқа есептеледі.

Сол сияқты Еңбекші ауданының Қаратөбе шағынауданында тұратын А. есімді өтініш беруші де бейресми кә­сіп­пен айналысып жүргеніне қарамас­тан, өзін табыссыз азамат ретінде көр­сеткен. Мониторинг барысында бұл дерек расталып, ол да көмек алушылар тізі­мінен шығарылды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдерінің айтуын­ша, мұндай тексерулердің басты – мақсаты мемлекеттік қолдаудың әділ бөлінуін қамтамасыз ету.

«Атаулы әлеуметтік көмек – халық­тың әлжуаз тобына арналған нақты бағытталған жәрдем. Сондықтан ол шынымен қиын жағдайда өмір сүріп жатқан, табыс көзі шектеулі отбасыларға ғана берілуге тиіс. Біз әр өтінішті мұқият қарап, нақты деректер арқылы әділ шешім қабылдауға тырысамыз», – дейді басқарма мамандары.

Мамандардың айтуынша, мони­тор­инг барысында тек заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға жұмысқа орналасу, шағын кәсіп бастау, оқыту курстарына жіберу бағытында да түсін­діру жұмыстары жүргізілуде. Бұл әлеу­мет­тік қолдаудан еңбекке ынталандыруға көшуге бағытталған жаңа тәсіл.

Басқарма тарапынан тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, отбасы­лық әл-ауқатты арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жүргізіл­ген мониторинг қоғамда әділдік пен жа­уап­кершілік мәдениетін қалыптас­тыруға сеп болады.

«Мемлекет қолдау көрсетіп отырған кезде әрбір азамат адалдық пен әділдікті ту етуі керек. Өйткені бұл қаражат – халықтың ортақ игілігі, оны мақсатсыз пайдалану – өз еліңнің дамуына кедергі келтірумен тең», – дейді мамандар.

Жалпы, мұндай тексеру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Нәтиже­сінде, АӘК жүйесі одан әрі жетілдіріліп, көмек шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағытталатын болады.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы