in

Айыппұл: сандар мен салдар

Мемлекет қомақты айыппұлдар арқылы қоғамда тәртіп орнатқысы келеді. Бірақ ел ішінде бұны халықтың есебінен бюджет жыртығын жамау құралы деп сынайтындар көп. Шектен тыс санкциялық қудалау саясаты билік пен бұқараның арасына сызат түсірмей ме? Жоқ, әлде жазаны ауырлату тентекті тезге салатын жалғыз амал ма?

Қазақстанда 2016–2026 жылдары әкімшілік бақылау жүйесі түбегейлі жаңғырды. Үлкен қалаларда, республикалық маңызы бар тасжолдарда «Сергек», «Арқан», «Ұлан» тәрізді ақылды камера кешендері жаппай іске қосылды. Бизнес саласында да «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарау» үрдісі белең алды. Кәсіпкерлік мақсатта жеке аударымдарды қабылдауға тыйым салынды. Электрондық шот-фактура тапсыру, тауарларды таңбалау талаптары енгізілді. Сауда-саттық, қызмет көрсету нысандарына кассалық аппарат қою міндеттелді. Салықтан жалтарған, кірісін жасырған, декларацияны кешіктірген, тұтынушыға түбіртек ұсынбаған немесе таңбалаусыз тауар сатқан ШОБ субъектілеріне ірі мөлшерде айыппұлдар бекітілді, тіпті лицензиядан айыруға дейінгі қатаң санкциялар белгіленді. Қоғамдық орында былапыт сөйлеу, қоқыс тастау, тыныштықты бұзу, вандализм әрекеттері үшін жазалау шаралары күрт күшейді. Айыппұл көлемі еселеп артып, әкімшілік қамау мерзімдері мейлінше ұзарды.

Бұлардың бәрі қағаз жүзінде қалмай, қас-қағым сәтте орындалады. Өйткені аталмыш өзгерістердің артында ауқымды цифрлық интеграция тұр. Smart Data Ukimet платформасы шеңберінде ІІМ, Салық комитеті және Әділет министрлігінің мәліметтер базасы бір арнаға біріккен. Мысалы, полиция патруліндегі «Қорғау» қосымшасы айыппұл арқалап жүрген көлік иелерін бірден анықтайды. Көшедегі көліктердің нөмірін лезде сканерлеп, мойнында өтелмеген қарызы бар жүргізушілерді тауып, инспектордың планшетіне белгі береді. Сонымен қатар қандай да бір айыппұл рәсімделген бетте жеке сот орындаушылардың бірыңғай автоматтандырылған дерекқорына жолданады. Өз кезегінде сот орындаушы борышкердің банк карталары мен есепшоттарын бұғаттап, шекарадан өтуіне шектеу қоя алады.

Алайда биліктің құрығын ұзартқан цифрлық технология тұрғындардың тынысын тарылтқанға ұқсайды. Қазнетте қадағалаушы жүйеге қарсылық ретінде «штрафстан» деген термин пайда болды. Басында күлмекке жақсы деп тараған бұралқы сөз қызды-қыздымен әлеуметтік желіде танымал мемге айналды. Себебі әзілдің астарында зіл жатыр. Әсіресе, айлық табысы ас-ауқаттан артылмайтын жұпыны жұрт айыппұл сомасы тым жоғары деп шағынады. Көлік жүргізушілері «көп жағдайда камералар адам байқау­сызда қателесетін, жылдамдық шегі шұғыл төмендейтін ыңғайсыз жерлерге әдейі құрылады» деп ренжиді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында коммерция­лық компаниялардың айыппұлдан үлес алуы «бұл – қауіпсіздік емес, бизнес» деген ойдың отына май құя түсті. Жол таңбаларының дұрыс сызылмауы, сапасыз жолдар, автотұрақ тапшылығы да азаматтарды еріксіз ереже бұзуға итермелеуі ықтимал. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес­ке артылған жүктемелер тым қиын деп дабыл қағады. Рас, тауарды таңбалауға қажетті қымбат сканерлер сатып алуға мәжбүр болған, техникалық ақаулар кесірінен жазықсыз айыппұлға жығылып, артық шығынға батқан дүкендер жүздеп саналады. Тәуелсіз экономистер мемлекет олигархтар мен офшорларға тиіспей, елдегі ең қорғансыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған топтарды (таксистер, курьерлер, үй жұмысшылары, базардағы ұсақ саудагерлер) тығырыққа тіреді деп есептейді. Құқық қорғаушылар былапыт сөйлеу жөніндегі заң нормаларының тым субъективті екенін алға тартады. Мәселен, «балағат сөздің» нақты лингвистикалық ­өлшемдері жоқ, соның салдарынан белсенділер мен журналистер жолсыз қудалауға ұшырауы мүмкін.

Билік бұл жүйені қайта жаңғыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру кепілі деп түсіндіреді. Цифрлық бақылаудың миссиясы – адамды аңду емес, қаржылық қысыммен қорқытып ұстау да емес, қоғамда әділетті заң үстемдігін орнатып, тұрғындардың жайлы ортада жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Яғни, мемлекеттің ұзақмерзімді стратегия­лық мақсаты – халықтың тәртіпке бағынуға бағдарланған мінез-құлқын қалыптастыру. Ақылды камералар заңды сыйлайтын көпшіліктің құқығын заңды сыйламайтын азшылықтан қорғау жолында жұмыс істеуге тиіс.

Бас прокуратураның ақпаратына жүгінсек, 2021–2025 жылдар аралығында Қазақстанда тіркелген әкімшілік құқықбұзушылықтардың жалпы санында тұрақты өсім байқалады екен. Бірақ бұл қоғамда жүгенсіздік көбейгенін көрсетпейді, керісінше, мемлекеттің заңсыздық фактілерін тіркеу қабілеті артқанын аңғартады. Бұрын құқықбұзушылықтардың дені ашылмайтын. Жылдамдықты асырған жүргізуші жол жиегінде полиция қызметкері тұрмаса, жазасыз жүйткіп кете беретін. Бүгінгі цифрлық құралдар адам факторын былай ысырып, осы уақытқа дейін көлеңкеде қалып келген теріс қылықтарды жарыққа шығарды. Қазір әкімшілік заңдарды белден басу көрсеткіші – жылына шамамен 8-10 млн жағдай. Статистика бойынша, мұның 70-75 пайы­зы жол ережесіне бұзуға (жылдамдықты асыру, жол таңбалары талаптарын сақтамау, автобус жолағына шығу), 10-12 пайы­зы қоғамдық тәртіпке (түкіру, қоқыс лақтыру, шылым шегу, ұсақ бұзақылық, түнде тыныштықты бұзу), 5-7 пайызы бизнеске (салық есептілігін кешіктіру, фискалдық чектерді бермеу, рұқсатсыз сауда жасау) тиесілі екен. Бұдан 7-10 жыл бұрын айыппұлдардың 40-45 пайызы ғана өндіріп алынған болса, биыл бұл көрсеткіш 80 пайызды еңсерген. Оған екі себеп әсер еткен. Біріншісі, цифрлық интеграция: айыппұлдар eGov, SMS платформаларына және Kaspi, Halyk сынды екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларына кірігіп, жарты күніңді жалмайтын қағазбастылық жойылған. Екіншісі, экономикалық ынталандыру: алғашқы 7 күнде 50 пайыз жеңілдікпен төлеу тетігі болғандықтан, халық қарызды көп созбай, тез құтылуға бейімделген.

Реформаның түпкілікті әлеуметтік нәтижесі көңіл көншітеді. Бақылау камералары қойылған көшелерде бастапқы 1-2 жылда жол-көлік оқиғалары 20-30 пайызға дейін азайған. Ең басты жетістік – өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі. Бұл айыппұл саясатының қалтаны қағуға емес, гуманитарлық һәм әлеуметтік мұраттарға бағытталғанын тағы бір дәлелдейді. Демек, жүйе өзінің негізгі миссиясын, адам денсаулығы мен өмірін сақтау міндетін орындап отыр.

Енді айыппұлдардың бюджет құрылымындағы рөлі жайында бірер сөз. Макроэкономикалық тұрғыдан қарағанда, айыппұл мемлекеттік бюджеттің салықтық емес түсімдер санатына жатады. Қазақстан қазынасының 80-85 пайыздан астамын салықтық түсімдер (ҚҚС, КТС, ТЖС және т.б.) мен Ұлттық қордан аударылатын трансферттер құрайды. Салықтық емес түсімдердің, оның ішінде айыппұлдардың жалпы макроэкономикалық үлесі шамалы ғана, әдетте 1-3 пайыз төңірегінде. Дегенмен цифрлық жүйенің жергілікті бюджеттерге әкелетін кірісі республикалық деңгеймен салыстырғанда көбірек. Бұл қаражат қала инфрақұрылымын күтіп-баптауға, қауіпсіздікті сақтау шығын­­дарын жабуға жұмсалады. «Айыппұл – бюджетті толтыру құралы» деген тұжырым экономика ғылымына да қайшы. Өйткені ол тұрақ­ты әрі болжамды кіріс көзі емес. Мемлекет бюджетті жоспарлағанда құқықбұзу­шылықтың өсуін мақсат тұтпайды. Идеалды экономикалық жүйеде айыппұлдан түсетін табыс жылдан-жылға кемуі керек, себебі тұрғындар уақыт өте келе ереже бұзбауды үйренеді ғой.

Алайда біздегі айыппұл саясатында әділетсіздік белгілері бар екенін мойындауға тиіспіз. Айыппұл көлемі АЕК-ке байланғандықтан, оның салдарын әркім әртүрлі сезінеді. Айына 150-200 мың теңге жалақы алатын адамға 10 АЕК айыппұлдың өзі ауыр тиеді. Ал әлдебір олигарх үшін 10 АЕК дегеніңіз даяшыға тастап кететін шайлығынан да аз. Сондықтан бізге Скандинавия, Германия үлгісін қайталайтын, кедейге де, байға да салмақ теңдей түсетін прогрессивті жүйе қажет. Мысалы, Финляндияда азаматтың бір күндік табысы есептеледі. Жалпақ тілмен айтқанда, егер миллионердің бір күндік табысы 5 мың еуро болса, жол ережесін өрескел бұзғаны үшін ол 75 мың еуро төлейді. Сәйкесінше, күніне 50 еуро табатын қарапайым жұмысшы дәл сол қателігі үшін 750 еуро төлейді. Сонда екеуі де жазаның салмағын психологиялық, экономикалық жағынан бірдей түйсінеді.

Иә, әзірше азаматтар әкімшілік ережені айыппұлдан қорқып сақтайтын да шығар, әйтсе де 5-10 жылдан соң бұл әрекет әдетке, кейін әлеуметтік нормаға ұласады. Көлікке отырған бойда қауіпсіздік белдігін тағуды қалай үйренсек, жаңа тәртіпке де солай дағдыланамыз. Белдік тағуды қазір ешкім мемлекеттің қысымы деп ойламайды, қалыпты құбылыс деп біледі. Дәл солай ертең жылдамдық режимін сақтау да, көшеде қоқыс шашпау да кәдімгі мәдени кодымызға айналады. Қатаң бақылау ортасында өскен жас буын ереже бұзуды ерлік деп емес, мәдениетсіздік деп қабылдайтын болады. Бұйырса, ол күнге де жетерміз.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ