Аталған зауытқа биылғы сәуір айында Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарымен жіті танысқан болатын.
Jibek Joly арнайы экономикалық аймағындағы толық өндірістік циклді металлургия комбинатының құрылысы өңіріміздегі ғана емес, еліміз бойынша ірі инвестициялық жоба саналады. Инвестор – Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. қытай компаниясы.
Қазіргі уақытта инвестиция бойынша келісім жасалып, бөлінген жер учаскелерін құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық белсенді жүргізілуде. Индустриялық аймаққа теміржол, электр желілері және табиғи газ сынды қажетті инфрақұрылым тартылған.
Құрылыс кезеңінде 1,5 мың уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Инвестор компания жұмыс күшінің кемінде 90 пайызын жергілікті тұрғындардан алуды көздеп отыр.
Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге, яғни 2025 жылдан 2029 жылға дейін жоспарланған. Зауытты пайдалануға беру 2027 жылға белгіленсе, одан кейінгі екі жыл ішінде өндірістік қуаттылықты кеңейту жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы инвестиция көлемі – 756 млн доллар. Жаңа кәсіпорын темір кенін заманауи сутекті технологиямен өңдеп, жылына 3 млн тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Бұл еліміздегі сутек негізіндегі шахта пешін пайдаланатын алғашқы металлургиялық кешен болмақ. Жоба саланың «жасыл» трансформациясы талаптарына толық сай келеді.
Fujian Hengwang Investment Co., Ltd басқарма төрағасының орынбасары Ли Чжундуннің айтуынша, зауыт толық қуатына шыққан соң оның өнімі ішкі нарықтағы болат тапшылығын өтеп қана қоймай, Орталық Азия, Украина мен Еуропа елдеріне экспортқа шығаруға қауқарлы болады екен.
– Құрылыс аяқталғаннан кейін біздің өнім Қазақстан нарығындағы болат тапшылығын толықтай жаба алады. Ішкі сұранысты қанағаттандыра отырып, біз сонымен қатар көршілес елдерге де өнім жеткізу арқылы Қазақстан экономикасының және экспорттық әлеуетінің дамуына үлес қоса аламыз. Жоба іске қосылған соң, ол тек өндіріс саласының емес, сонымен қатар логистика, кен игеру, тіпті туризм мен қоғамдық тамақтану секілді салалардың да дамуына серпін береді, – дейді Ли Чжундун.
Әрине, жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні хақ. Бұдан бөлек, мәмілелескен міндеттемелер шеңберінде Fujian Hengwang компаниясы Шу қаласында тұрғын үй кешендерін салып, сондай-ақ аумақтарды көгалдандыру, балабақшалар мен қалалық саябақтар салуды қоса жүзеге асырады.
Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. бүгінде ҚХР-дағы үш металлургиялық кәсіпорынды басқаратын және жылына 23 млн тоннаға дейін болат өндірісінің көлемін бақылайтын өнеркәсіптік өндірістегі ең ірі әлемдік көшбасшы болып саналады. Жобаларының инвестициялық көлемі 6 млрд доллардан асады.
Міне, осындай алпауыт компания Қазақстанға инвестиция салуға қызуғышылық танытып, теңдессіз жобаны жүзеге асыруда. Бұл Жамбыл облысын болат өндірісі саласындағы көшбасшыға айналдырады деген үміт зор.