Қызылорда облысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар энергетика, ауыл шаруашылығы, бизнес, білім, өнер және мәдениет салаларының өкілдерімен кездесті.
Сапар аясында делегаттар алдымен Қызылорда қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген заманауи бу-газ жылу электр орталығына барды. Партияның Республикалық және облыстық сайлауалды штаб мүшелері, сенімді өкілдері энергетика саласының мамандарымен, өндіріс басшыларымен және еңбек ардагерлерімен жүздесіп, саланың бүгінгі ахуалы мен алдағы даму бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында айтылған орамды ойлар еліміздің энергетикалық болашағына қатысты стратегиялық көзқарасты айқындады. Қызылорда жылу электр орталығының директоры Бақытжан Молдиманов қолданыстағы генерациялаушы қуаттарды жаңғырту мен заманауи жабдықтарды кезең-кезеңімен енгізудің маңызын көтерді. Оның айтуынша, жаңа бу-газ станциясының іске қосылуы өңір энергетикасының жаңа кезеңін бастап берді. Ендігі міндет – қолдағы өндірістік әлеуетті тиімді пайдаланып, экономикалық тиімділігі жоғары технологияларға көшу.
Бұл ұсынысқа жауап ретінде партия өкілдері жаңа станциялар салумен қатар, қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңғырту қадамы да басым бағыттардың бірі саналатынын атап өтті. Себебі қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді жаңарту электр энергиясының тапшылығын азайтып қана қоймай, мемлекет қаржысының ұтымды жұмсалуына мүмкіндік береді.
Одан кейін кандидаттар «Өнер орталығында» өңір жұртшылығымен кездесті. Зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, дәрігерлер, ғалымдар мен мәдениет саласы қызметкерлері бас қосқан кездесуде Республикалық штаб мүшелері Бөріхан Нұрмұхамедов басқару жүйесін орталықсыздандыру мен Халық кеңестерінің рөлін арттыруды көтерсе, Тілектес Адамбеков орта бизнесті дамыту мен офтейк-келісімшарттардың маңызына тоқталды. Үнзила Шапақ «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамның мызғымас іргетасына айналдыруды, алдағы бес жылда 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру мен AI Sana бағдарламасы арқылы 5 миллион азаматты болашақ кәсіптеріне баулу міндеттерін баяндаса, Ирина Тен экологиялық қауіпсіздік пен ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелерін тілге тиек етті. Өз кезегінде, өңірдің зиялы қауым өкілдері, білім мен мәдениет саласының мамандары, ардагерлері көкейтесті мәселелерді ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ сапар барысында Штаб мүшелері «Жан-арай» ЖШС өндіріс кешенінде Сыр өңірінің диқандарымен, мал шаруашылығы және агроөнеркәсіп саласының өкілдерімен жүздесіп, ауылды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Ал «Панабек» жиһаз фабрикасында ұйымдастырылған ашық пікір алмасуға шағын және орта бизнес өкілдері, өнеркәсіп, сауда, логистика және туризм саласындағы кәсіпкерлер, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысты. Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, партия өкілдері сайлауалды бағдарламада қарастырылған нақты шешімдермен бөлісті.
Осы орайда, «Құзыреттілік орталығында» өткен басқосуға білім, өнер, мәдениет салаларының 500-ге жуық өкілі, сондай-ақ өңірдің зиялы қауымы мен ардагерлері қатысты. Оның барысында руханият, ұлттық тәрбие мен сапалы білімнің келешегі мәселелеріне баса мән берілді.
Осылайша, Қызылорда облысында өткен салалық кездесулер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаған ашық пікір алаңына айналды. Ал Сыр өңіріндегі келелі кездесулер 7 мыңнан астам адам қатысқан ауқымды «ӘDILET EVENT» қоғамдық іс-шарасымен түйінделді.
«Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабының Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапарлары жалғасып жатыр.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy